Қазақстан – 25-орында
Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов баяндама жасады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, экономикадағы және еңбек нарығындағы қазіргі жағдайды ескере отырып, адамның еңбек құқықтарын қорғау Үкіметтің ерекше бақылауына алынған. Бүгінде ресми статистикаға сәйкес елімізде 324 мың жұмыс істеп тұрған кәсіпорында 6 млн 650 мыңнан аса жұмыскер еңбек етуде. Олардың жалақысы, былтырмен салыстырғанда орташа есеппен 6,5% өсіп отыр. Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің 2019 жылдың қорытындысы бойынша еңбек нарығы тиімділігі рейтингісінде Қазақстан 30-орыннан 25-орынға көтерілген.
Сондай-ақ ЕХӘҚМ басшысы еңбек қатынастарына қатысты мәселелер оң шешімін тауып жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда еңбекақы бойынша жалпы берешек 724 млн теңгені құрап отыр, ол жыл басынан 49%-ға немесе 696 млн теңгеге азайды. Өңірлер бөлінісінде ең үлкен берешек Маңғыстау (108 млн теңге), Шығыс Қазақстан (107 млн теңге) және Алматы облыстарына (83 млн теңге) тиесілі. «Биыл еңбек инспекторлары 4,2 млрд теңге көлеміндегі анықталған жалақы қарыздарын өтей білді, қабылданған шаралардың нәтижесінде 30 мыңнан аса жұмыскердің құқығы қорғалды», деді Б.Нұрымбетов.
Сондай-ақ ол осы жылы жұмыс берушіге берілетін мемлекеттік еңбек инспекторы ұйғарымының мәртебесі сот орындаушысының бұйрығына теңестірілгенін айтты. Бұл жалақы бойынша берешекті уақтылы өтеуді күшейту мақсатында жасалды. Министрлікте бұл шара шоттар мен мүлікке қосымша тыйым салуға, жалақы төлеу жөніндегі міндеттемелерді бұзатын жұмыс берушілерге қатысты елден шығуға шектеулер енгізуге мүмкіндік береді. Бұған қоса министрлік әкімдіктермен бірге Еңбек тәуекелі картасы аясында жұмысшылардың босатылу қаупі бойынша апта сайын мониторинг жүргізуде.
Мәселені түйіндеген Үкімет басшысы Асқар Мамин атап өткендей, еңбек қатынастарын реттеудің қолданыстағы жүйесі жұмыс берушілер мен қызметкерлер арасындағы мүдделер теңгерімін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Барлық деңгейде үшжақты комиссиялар жұмыс істейді, 22 салалық және 200-ден аса өңірлік келісім жасалды.
Биыл Еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру еңбек саласындағы әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге жол ашты. Қабылданған шаралардың нәтижесінде кәсіпорындардағы даулардың саны Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе және Қарағанды облыстарындағы мұнай-газ және мұнай сервисі секторларында 2 есеге қысқарды.
Осы жылдың басынан бері 4,2 млрд теңгеге жалақы бойынша берешек өтелді, 31 мың жұмыскердің құқығы қорғалды. Қол қойылған меморандумдар аясында 2,3 млн-нан аса жұмыс орны сақталды. Пандемиядан туындаған әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан, жұмыссыздықты 5% деңгейінде сақтауға мүмкіндік туды.
Өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету және еңбек жағдайларын жақсарту мақсатында Өндірістік жарақаттануды және зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын азайту жөніндегі 2023 жылға дейінгі жол картасы іске асырылып жатыр. Карантин кезінде 475 млрд теңге сомасына 4,6 млн адам ең төменгі жалақы мөлшерінде табысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алды.
Әкімдіктер, кәсіподақтар мен өңірлер кәсіпорындары арасында өзара ынтымақтастық туралы 131 мыңнан аса меморандум жасалды. Жұмыс берушілер алған міндеттемелерін орындаса, 2 млн 300 мың қызметкер үшін жұмыс орындары сақталады.
Үкімет басшысы өз сөзінде дағдарысқа қарсы Жұмыспен қамтудың жол картасы іске асырылып жатқанына тоқталып өтті. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Еңбек» және басқа да мемлекеттік бағдарламаларды қоса алғанда, жұмыспен қамту жөніндегі іс-шаралармен 1 млн 390 мың адам қамтылды, оның ішінде 730 мыңы тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілді. «Еңбек қатынастарының барлық тарабының басты міндеті – еңбек заңнамасын сақтау. Бұл мәселелерді ерекше бақылауда ұстаған жөн» деді А.Мамин аталған мәселені түйіндей келе.
Премьер-Министр Еңбек министрлігіне әкімдіктермен және мемлекеттік органдармен бірлесіп, ақпараттық жүйелердің деректері негізінде проактивті режімде жалақы бойынша берешекті анықтау алгоритмін әзірлеуді тапсырды. Үкімет басшысы еңбек шарттарын электронды форматқа толық көшіру қажет екенін атап өтті. Бұл азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуын жедел әрі объективті бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын кезең-кезеңімен қысқарту үшін 2021 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін Еңбек министрлігіне әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, 2030 жылға дейінгі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі тұжырымдаманы әзірлеуге тапсырма берілді. Әкімдіктерге мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қол қойылған меморандумдар аясында жұмыс орындарын сақтау бойынша жұмыс берушілердің міндеттемелерді орындауын қамтамасыз ету, қызметкерлердің жаппай жұмыстан босатылуына жол бермеу және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын қабылдау тапсырылды.
Балық шаруашылығы дамиды
Үкімет отырысында балық шаруашылығы саласын дамыту мәселелері қаралды. Қазақстандағы осы саланың жай-күйі мен даму перспективалары туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, «Grand Fish» ЖШС басшысы Сергей Медведев, «Қарағанды-Осетр» ЖШС директоры Дмитрий Абильдин баяндады.
Балық шаруашылығын дамыту үшін оңтайлы жағдай жасауға, балық өсіру шаруашылықтарын салу кезіндегі шығындарды қысқартуға бағытталған заңнамалық түзетулер Парламенттің қарауында жатыр, олар саланың одан әрі дамуына серпін береді.
Балық шаруашылығы саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі әзірленген бағдарламасы аясында балық өнімдерінің өндірісін шамамен 30 есеге – 9 мыңнан 270 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр, 500-ден аса жаңа шаруашылық пен 50 мың жұмыс орны құрылады.
Баяндамашылар келтірген деректерге сәйкес Үкімет басшысы Асқар Мамин атап өткендей, қабылданған шаралар нәтижесінде балық өнімдерінің экспорты жылына 30 мың тоннадан 136 мың тоннаға дейін артады, импорт жылына 45 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін төмендейді. Сонымен қатар балықты ішкі тұтыну екі есе – 2020 жылғы 67 мың тоннадан 2030 жылы 134 мың тоннаға дейін ұлғайтылады. «Ішкі нарықты отандық азық-түлікпен толықтыру – Үкіметтің басты міндеттерінің бірі және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің негізі. Бұл тұрғыда балық шаруашылығы – перспективалы бағыттардың бірі. Мамандардың пікірінше, еліміз балық шаруашылығын дамыту бойынша елеулі әлеуетке ие», деді А.Мамин.
Үкімет басшысы тиісті мемлекеттік органдарға саланы одан әрі дамытуға қатысты тапсырмалар бере келе, Балық шаруашылығы саласын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының іс-шараларын уақтылы жүзеге асыру қажет екенін айтты.