Қоғам • 31 Желтоқсан, 2020

Табиғи өсім: өтер жылға өкпе жоқ

294 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Адамзат баласын алапат індетпен арпалыстырып қойған сүреңсіз жыл да қабыр­ғамызды қайыстырып барып тәмамдалғалы тұр. Ресми мәліметке үңілсек, осы күнге дейін елімізде 197 мың адам вирус жұқтырып, соның тек 172 мыңы ғана айыға алды. Өкінішке қарай, кеселдің кесірінен 2 686 отандасымыз келместің кемесіне мініпті. Өмірден озғандарды ойға алған сайын еліміздегі онсыз да демін ішке тартып тұрған демографиялық ахуалға алаңдайтын болдық...

Табиғи өсім: өтер жылға өкпе жоқ

Оның үстіне, Қазақстанда он жылда бір өткізілетін Ұлттық халық санағы да биылғы індетке дөп келген-ді. Биыл емес-ау, ел азаматтары әуелде былтыр түгенделуі керек еді. Алайда түрлі себептерге байланысты кейінге шегерілген-ді. Енді  коронавирустың кесірінен Ұлттық халық санағы тағы бір жылға шегерілді.

Ұлттық санақ демекші, Ұлттық статис­тика бюросы келтірген мәліметтерге де көз жүгірткен артық болмас еді. Себебі, елі­міздегі тап қазіргі демографиялық ахуал­дың жай-күйі нақ осы бюроның келтірген мәл­і­меттерінде көрініс тапқан. Мәселен, биылғы 1 қарашадағы есеп бойынша Қазақстан халқының саны 18 833 133 адамды құрап отыр. Соның 11 109 798-і қала тұрғындары болса, 7 723 335-і ауыл азаматтары көрінеді. Адами капиталымыздың ең көп үлесі Алматы (2 073 458 адам) және Түркістан (2 039 861) облыстарына тиесілі.

Статистика саласының мамандарының айтуынша, биылғы қаңтар-қыркүйекте ха­лықтың табиғи өсімі қайтыс болғандар са­нының көбеюіне байланысты өткен жыл­дың тиісті кезеңмен салыстырғанда 11,7 мың адамға немесе 5,8%-ға азайды. Қа­рас­тырылып отырған кезінде қайтыс бол­ғандар саны 124,7 мың адамды құрады.

Өткен жылғы қаңтар-қыр­күйек­пен салыс­тыр­ғанда биыл қайтыс болғандардың саны 24,6 мың адамға немесе  24,6%-ға көп. Өлім коэффициенті 1 000 тұр­ғынға шаққанда 8,88-ді құрады.

Адамдардың өмірден озуы­ның негізгі себептері де белгілі болып отыр. Мәселен, қан айналымы жүйесі аурулары – 22,1%, ты­ныс алу органдары аурулары – 15,6%, ісіктер – 9,3%, ас қорыту аурулары – 7,6% және жазатайым оқиғалар, улану және жарақаттану – 6,4%-ды құрап отыр. Ең аяныштысы сол, 1 жасқа толмай шетінеп кеткен нәрестелердің де саны кел­ті­рілген. Мәселен, биыл өмірі ерте үзілген балалардың саны – 2 448 (өткен жылмен салыс­тыр­ғанда бұл көрсеткіш 44 өлім­ге немесе 1,8%-ға азайғаны байқа­лады). Нәресте өлімі 1 000 тірі туған­дарға шаққанда 7,80-ді құрайды.

Демографиялық ахуалға әсер ететін бір­ден-бір фактор – отандастарымыздың отбасы құрып, шаңырақ көтеруге деген құл­шынысы саналады. Мәселен, биылғы қаңтар-қыркүйекте елімізде 87,6 мың неке тіркеліпті. Бұл көрсеткіш өткен жыл­дың осы мерзімінде тіркелген неке са­ны­нан 16,4 мыңға немесе 15,7%-ға азай­ғанын байқатады. Осылайша, неке тір­кеудің жалпы коэффициенті 1 000 тұрғынға шаққанда 6,24-ті құрап отыр. Бір өкініштісі сол, негізгі мәселе неке санының азайғандығында болып отырған жоқ, тым көп ажырасып жат­қандарында болып тұр. Тоғыз айдың ішін­де елімізде 17,3 мың неке бұзу туралы акті тіркелді. Ажырасудың жалпы коэффициенті 1 000 тұрғынға шаққанда 1,23-ті құрады.

АХАТ мәліметтері бойынша биылғы қаңтар-қыркүйекте 313,9 мың сәби дүниеге келіпті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың дәл осы мерзімінде туған балалардың санынан 12,9 адамға немесе 4,3%-ға көп. Ал туудың жалпы коэффициенті 1 000 тұрғынға шаққанда 22,36-ны құрап отыр.

Биылғы 31 қаңтарда Түркі­стан облысына қарасты Сары­ағаш ауылының тұрғыны Жанар Анарбаева дүниеге Адина, Медина және Үсен есімді үшемді әкеліп, шаңырағын шаттыққа бөлеген болатын. Әрине, дүниеге сәби әкелу – әр ана үшін бақыт.

Арада бір апта өтер-өтпес­те дәл осын­­дай қуанышты Жамбыл облы­сының Т.Рыс­құ­лов ауданы­на қарасты Дінмұхамед Қо­наев ауылының тұрғындары тойлады. Құр­ма­налиевтердің шаңырағында дүние есігін ашқан үшемге Аман, Есен, Жүрсін деген ерекше есімдер берілді. Ақпан айында Алматы облысының Жамбыл ауданына қа­расты Қарғалы ауылында тұратын Ләззат Қаланова да Ғалымжан, Рахымжан және Мейіржанды бауырына басты.

Сәулелі сәттер сәуірде де толастап қал­ған жоқ. Алматы облысына қарас­ты Ес­кел­ді ауданының Нұрмолда Алдабер­генов атын­дағы ауылында тұратын Иманға­быловтар әулеті бақытқа бөленіп, шаңыраққа үшем келді. Бұған дейін өмірге екі бала әкеліп үл­герген 33 жастағы Маржан Иманғабылова осылайша көп балалы ана атанып шыға келді.

Сәуірмен сабақтасқан мамыражай ма­мырда Қызылорда облысының Қазалы ауданына қарасты Үрмәш Түктібаев атындағы ауылда да үшем дүниеге келіп, оларға Айғаным, Айғант, Асылым есімдері беріліпті. Бір қы­зығы, бұл ауылда бұған дейін 23 егіз бала өмір­ге келген көрінеді.

Осы жылы өмір есігін ашқан үшемдер туралы әлі де айта беруге болар еді. Алай­да оларды түгелдеп шығуды мақсат тұтып отыр­ған жоқпыз. Айтпағымыз – Қазақ­стан­ның болашағы баянды, келешегі кемел болуы үшін де елдегі демографиялық ахуалды бір сәтке болсын қаперімізден шығарып алмауымыз керек. Әсіресе,  мемлекет алдағы уақытта халықтың табиғи өсіміне мән берген жөн болар еді. Өйткені ұлттың қауіпсіздігі тоғызыншы территориядағы халықтың демографиясымен астасып жатыр.