Суретші көзімен
«Осыдан бес жыл бұрын банкке маскамен кіргенім үшін сотталып кеткем. Босап шығып кеше сол банкке маскасыз кіріп едім, тағы да қолымды қайырып 15 күнге жауып тастады. Түк түсінсем бұйырмасын» депті бір пақыр.
* * *
– Дәрігер, коронавирус індеті қашан аяқталады?
– Білмеймін, мен саясатқа араласпаймын.
* * *
Zoomжалған.
* * *
– Жаным, маған тұрмысқа шығасың ба?
– Жоқ, қазір ешқайда шығуға болмайды.
* * *
Маск Марсқа зымыран жіберіп жатқанда, біз үйде маска тігуді бастадық.
* * *
Аузынан ақ ит кіріп, ковид шықты.
Әнағаңның әзілдері
Апыраймериз...
* * *
Бұрын көрінгенге жұдырығын ала жүгіретін адамнан шошушы едік, қазір бұл – амандасу...
Жүз теңгең болғанша, жүз антисептигің болсын!
* * *
Үстінен спирттің иісі шықса, қадірлі болатын уақыт жетті.
* * *
Қазақ халқы шын мәнінде салынар айыппұлдан қорқып бетперде тағады.
* * *
– Құрметті, қазақстандықтар! Біз бүгін коронавирусты анықтайтын тест сынамаларын жүргіздік. Өкінішке қарай, 56 адамнан жаман аурудың белгілері табылды.
– Сонда жалпы қанша адам тест сынамасын тапсырды?
– 56.
* * *
Шынымды айтсам, мен бірінші рет ковидтің кесірінен Анталиядағы жазғы демалысымнан бас тарттым! Бұрын бұл қадамға ақшам болмағандықтан баратынмын.
* * *
Достар, осы бір қиын кезеңде бір-бірімізден аулақ болуымыз керек.
* * *
Жаңа ауру түрі пайда болды: «асимптоматикалық науқастар». Бұрын оларды «сау адам» деп атайтын.
* * *
Жалғыз ағаш орман болмас,
Жалғыз адамға вирус жұқпас.
* * *
Коронавирус ұзаққа созылмайды. Өйткені, ол Қытайда жасалған!
* * *
Несиеңізді төлеуге асықпаңыз. Егер банктен хабарласса, жай ғана жөтеліңіз!
Ел аузынан
«Жаңа сөздік»
Енегурация – ресми түрде келін түсіру салтанаты.
Құлағиат – біреуден естіп алып, өзі шығарғандай айту.
Пәлеглот – пәленің бәрін білетін адам.
Маскаралау – бетпердесі жоқ адамды жазалау.
Тістепілер – степлердің қазақшасы.
Вузарт – университет сахнасында өнер көрсететін 2-3 жігіттен құралған топ.
Лағылшын тілі – шетелдікпен сөйлескенде сөз жетпей қалғанда қосылып кететін жаңа тіл.
Алдар көше – бюджеттен ақша бөлініп, алайда соңына дейін салынбай қалған көше.
Енеолит дәуірі – үйленгеннен кейін басталатын тарихи кезең.
Киіт парад – құдалықта жасалатын рәсім.
Кемпіридж – әже тәрбиесін беретін отбасы институты.
Ашаба – пандемия кесірінен табыс көзінен айырылған шоумен.
#бізбүргеміз – бетперде кимей, карантин ережесін сақтамай, өзіне де, өзгеге де жұқтырып жүретіндердің ұраны.
Пахансия – әкесі тауып берген жұмыс.
Инста-парақшадан