Білім • 31 Желтоқсан, 2020

Білім және ғылым: карантин «сабақтары» қандай?

368 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қос жиырманы тіркестірген тышқан жылында тосын тәуекелдерге тап келдік. Әлбетте, әуелде қалыптасқан тірлік жүрісінен жаңылмады. Бірақ араға көп ұзамай әлемді жайлаған пандемия бізге де жетті. Әйтеуір әр мәселенің адамға бір сабақ беретіні секілді, бәріміз тәжірибе жиғандай болдық. Қиындықтың көбі артта қалды десек те, алға оң қадам жасау үшін өткенге көз жүгіртіп, ең маңыздыларына мән беріп, қорытып, қателіктерді қайталамайтындай ойға түйіп алу керек. Осы ретте ең маңызды сала – білім мен ғылымдағы жылдың ең негізгі оқиғаларына тоқталуды жөн көрдік.

Білім және ғылым: карантин «сабақтары» қандай?

 

Мектепке дейінгі тәрбие мен білім. Жыл басында балалар балабақшаға барды. Қазақстанда төтенше жағдай жарияланғаннан бастап мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдары уақытша жабылды. Алайда бірқатар өңірдегі балабақшалар жұмыс істеп тұрды. Себебі онда эпиде­мия­лық жағдай қалыпты болды. Соған қарамастан, Білім және ғылым минис­трлі­гі ата-аналарға балаларын үйде қал­ды­руға кеңес берді. Жыл ортасына қарай эпидемиялық жағдайы жақсы өңірлердегі балабақшалар ақырындап, бір топтағы бала санын 15-тен асырмай жұмыс істей бастады. Ал жыл соңындағы айларда мектепке дейінгі ұйымдар карантиндік талаптарды сақтап бірте-бірте қалыпты қызметіне көшті.

Осындай тұрақсыз тірліктің арасында жоспарлы жұмыстар да жүргізіліп отырды. Мәселен, биыл ата-аналардың көкейінде жүрген көкейкесті мәселе түбегейлі шешілген сыңайлы. Себебі балабақшадан орын алу тәртібі жүйеленді. Енді ата-аналар кезекке қою қызметін тек білім беру бөлімінің кеңсесі арқылы ғана емес, сондай-ақ өз бетімен «Азаматтарға арналған үкімет» бөлімдері немесе «Элек­тронды үкімет» веб-порталы ар­қы­лы жүзеге асыра алады. Сондықтан көп­теген құ­жатты жан-жақтан жинап жү­рудің қа­жеті жоқ.

Айтпақшы, алғаш рет балабақша кезегіне тіркелгендер арасында басымдық ең алдымен педагогтердің балаларына және мүгедек баласы бар отбасылардың бүлдіршіндеріне берілетін болды.

Орта білім беру. Шыны керек, 2020 жыл еліміздің ғана емес, дүние жүзіндегі орта білім беру жүйесіне ауыр жүк түсірді. Әлемдегі 100-ден аса мемлекет, соның ішінде Қазақстан да балаларға орта білім беретін мектептерін карантиннің кесірінен оқытудың бәрімізге таңсық, жаңа форматына көшіруге мәжбүр болды. Тек кейіндеу эпидемиялық ахуалы дұрыс өңірлердегі шағын жинақты мектептерге дәстүрлі форматта оқытуға рұқсат берілді. Еліміздегі орта білім алушылардың бәрі негізінен соңғы төртінші тоқсанды қашықтан оқыды.

Мұғалімдер жұмыс жүктемесінің екі-үш есеге артуынан әбден әбігерге түс­ті. Басты бағыт беретін, күнделікті кө­ріп үй­ренген мұғалімдерінен алыс­та­ған оқушылар енесінен көз жазған қоша­қан­дардай күй кешті. Ата-аналар абдырады. Балаларын мектепке жіберіп қойып, жайбарақат жұмысына жөнелетін олар енді үйде мұғалім болуға айналды. Сол сәттен бастап ата-аналар тарапынан оқуды жазға қалдыру туралы ұсыныстар, петиция­­­лар жолданды. Осыдан соң Үкімет көп балалы отбасылар мен техникаға мұқтаж мұғалімдерді компьютермен қамтамасыз ете бастады. Мектептегі техникалар уа­қыт­­ша пай­да­лануға таратылды, сатып алынғаны да көп. Министрлік 30 шақты білім беру платформасымен келісімге келіп, оны интернетсіз қолдануға жағдай жа­сады. Артынша көп ата-ана жаңа фор­мат­қа бой үйретіп, педагог қауымның қадірін түсініп, қолдауға көшті. Өйткені оқуды жазға қалдыру оқушылардың фи­зио­логиялық жағдайы, болжап білуге келмейтін карантин, оқушылар мен мұға­лім­дердің демалысы, мектептердегі жазғы жөндеу, артық кететін қаржылық шы­ғындар, балалардың нағыз оқитын кезін­дегі уақытын кетіріп алу қаупі, шөл де, шөлейт те бар ұлан-ғайыр дала­мыз­дың климаттық (оңтүстікте қатты ыс­тық, ал мектептерде желдеткіш жоқ) ерек­ше­лік­тері ескерілмеген ұсыныс болды.

«Төтенше тоқсан» білім беру процесін үйлестірушілерге де, ұйымдастырушы мұғалімдерге де, оған атсалысатын ата-аналар мен болашағымыз балаларға да үлкен тәжірибе болып, жаңа форматта басталған қыркүйектегі жаңа оқу жылы бірден бір ізге түсті. Мұнда әрине, педагог қауымның қажырлы еңбегі ерен. Осыған орай мұғалімдердің жалақысы биыл тағы 25 пайызға өсті. Бұған қоса олар біліктілігіне, дәптер тексеріп, сы­нып­қа жетекшілік еткеніне, сондай-ақ ма­гистрлік дәрежесіне қосымша үстеме­ақы ала алады.

Жалпы, оқумен қатар мемлекеттік бюджет есебінен салынып жатқан мек­теп­­тердің құрылысы да тоқтаған жоқ. Өйткені елімізде үш ауысымды және апаттық мектептердің саны көп. Бұл мәселені шешудің жалғыз жолы – жаңа мек­тептер салу. Министрліктің мә­лі­ме­ті­не сүйенсек, 2020 жылы 100-ге жуық жаңа мектеп пайдалануға берілген. Бұл – шамамен 50 мың баланы жаңа оқу ошағындағы жаңа орынмен қамтамасыз ету деген сөз.

Бәрінен бұрын биыл бітіруші түлектер үшін тосын сынаққа толы жыл ретінде есте қалғандай. Себебі оқу процесі ғана емес, ҰБТ да бұрынғыдан бөлектеу болды. Академиялық адалдықты қамтамасыз ету мақсатында енгізілген жаңа нормаға сәйкес тестілеу талаптарын бұзған талап­керлер емтиханға жіберілмеді. Нәти­же­сінде, тыйым салынған заттарды ем­ти­ханға кіргізуге әрекет ететіндер саны 70 есеге азайды, 2019 жылы 128 мыңнан аса телефон табылса, 2020 жылы олардың саны 2500-ге жуық болды. Алайда емтихан қорытындысын жою фактісі 100 есеге көбейді: 2019 жылы 128 телефон алып кіру фактісі орын алып, 24 талапкердің ғана ҰБТ нәтижелері жойылса, биыл тыйым салынған заттар табылған барлық 2500 адамға қатаң шара қолданылды. Бұл тура­­­лы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Иә, ҰБТ-ның орташа ұпайы төмендеді, пайыздық мөлшерде шекті балл жинаған талапкерлердің саны едәуір азайды. Бұл – тестілеудің әділ өтуі үшін жасалған қадам. Биыл ҰБТ өткізу ережелерін бұзғаны немесе жұмысты нашар ұйымдастырғаны үшін 20-дан аса комиссия мүшелері мен басшылары жазаланды. Негізінен цифрландыру дәуірінде комиссия құрамында бірнеше мың адамның болуын қамтамасыз ету үшін 1,5 млрд теңге жұмсауға жол берілмеуі керек, оның үстіне бұның нәтижесі тиімсіз. Сондықтан аталған рәсім заманауи прокторинг пен бейнебақылау жүйесі қамтамасыз етілген электронды форматқа өтеді», деді.

Кәсіптік-техникалық білім беру. Кол­ледж студенттері де биылғы қиын­дық­тарды көппен бірге, анығы барлық білім алушымен бірдей еңсерді. Аяқасты қабылданған шешім, қашықтан оқыту соңғы уақытта дуалды білім беру жүйе­сі­не көшкен кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарына да оңай тиген жоқ. Өйткені енді маманданып келе жатқан студенттер үшін өндірістегі тәжірибенің маңызы зор. Бірақ көп колледждерде кәсіптік тәжірибеден өту кейінге қалды.

Қашықтан оқыту кезінде кейбір колледждер жатақханаларды тегін интернетпен қамтамасыз етіп, студенттердің оқуын ойдағыдай жалғастыруына жағдай жасады. Соның нәтижесінде студенттер ауылына шапқыламай, жатақханада жатып оқуға мүмкіндік алды. Ал карантин кезінде қашықтан білім берген елордадағы 35 кәсіптік-техникалық білім беру ұйымының ішіндегі жатақханада жа­тып оқуын жалғастырған 157 сту­дент­ке тамақтануы үшін өтемақы қарас­ты­рыл­ды. Қоса кету керек, студенттердің стипендия­­­сы сақталды.

Жоғары білім. Білім беру сапасының артуы – білікті кадрлардың қолында. Биыл болашақ педагогтерді даярлау ісінде ілгерілеу байқалды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мамыр айындағы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев педагогикалық мамандықтарға түсетін абитуриенттерге қойылатын талаптарды арттырып, стипендия мөлшерін 42 мың теңгеге дейін ұлғайтуды тапсырды. Осыған орай 1 қыркүйектен бастап болашақ педагогтердің стипендиясы 42 мың теңгеге көтерілді. Бұл барлық мамандықтың ішіндегі ең жоғарғы стипендия болды. Болашақ педагогтердің стипендиясы артып қана қоймай, педагогикалық мамандықтарға түсу талаптары да күшей­тіл­ді. Биылғы маусым айынан бастап педагогикалық мамандықтарға түсу үшін шекті балл бірден 70 болып белгіленді. Осының нәти­жесінде биыл «Алтын белгі» иегер­лерінің арасында педагогикалық маман­дық­ты таңдағандар саны 1,7 есе өсті, ал көптеген бағыт бойынша орташа балл 100-ден асты.

Біз білікті кадр даярлауға көңіл бөліп, сол кадрларды оқытатын жоғары оқу орындарының оқытушыларын назардан тыс қалдырғандай едік. Бұл олқылықтың да орны толғандай болды. Осы тұрғыда ең өзекті мәселе – әлбетте мұғалімдерден де төмен алатын оқытушылардың жала­қы­сы. Аталған мәселе жөнінде ведомство басшысы А.Аймағамбетов: «Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЖОО оқытушыларының еңбек­ақысын арттыруды тапсырды. Биыл Президенттің қолдауымен бюджеттен қаржы бөлініп, 2020 жылдың қыркүйегінен бастап мемлекеттік білім беру грантының құны арты. Соның есебінен оқытушылардың еңбекақысы көбейтілді. 1 қыркүйектен бастап орта есеппен ұлттық ЖОО-да жалақы көлемі 28%-ға, ал мемлекеттік университеттерде 20%-ға өсті. Әрине біз мұнымен ғана шектелмей, осы бағыттағы жұмысты әрі қарай жалғастырамыз», деді.

ЖОО оқытушыларының жұмыс өнімділігін молайтып, еңбекке деген ынтасын арттыруға тек жалақы мәселесі тосқауыл болып тұр десек, қателесеміз. Оқытушылардың басты міндеті – білім беру. Бірақ есеп беру, жоспарлар толтыру сияқты қажеті шамалы міндеттемелер негізгі жұмыспен айналысуға кедергі келтіреді. Осыны ескерген министрлік оқытушылар толтыратын құжаттар көле­мін едәуір қысқартты. Соның нәти­жесінде қазір тапсырып жүрген 11 құжат алынып тасталды. Олардың арасында оқу уақытын ай сайынғы және жылдық есепке алу ведомостары, білім алушыларды аралық және қорытынды аттестаттауға арналған бірнеше емтихан ведомостары, қорытынды аттестаттауды өткізу жө­нін­дегі комиссия отырыстарының әртүр­лі хат­тамалары және тағы басқасы бар.

Ғылым. Биыл ақиқатында ғылымның, отандық ғалымдарымыздың мәртебесі артқан жыл болды. Себебі пандемия бізге ғалымдар еңбегінің қаншалықты маңызды екенін ұғындырды. Президент Қ.Тоқаев Ұлттық биотехнология орта­лығына барып, ғалымдармен кездесуде: «Қазір барша әлемнің және бүкіләлемдік экономиканың тағдыры ғалым­дардың қолында. Бұл артық айтқан­дық емес. Әлемнің тағдырын футболшылар, шоу-бизнес өкілдері емес, ғалымдар шешеді. Біз осы жағдайдан сабақ алуға тиіспіз», деді.

Отандық ғылымның биылғы ең үлкен жетістігі – COVID-19-ға қарсы вак­­ци­наны және коронавирусты анық­тайтын тест-жүйені әзірлегені болды. Бұл ғалымдарымыздың әлемдік дең­­­гейдегі зерттеушілермен, дамыған елдердегі мықты мамандармен терезесі тең, әлеуеті жоғары екенін көрсетті. Ғалым­дарымыздың коронавирусқа қарсы күресі осы екі еңбекпен ғана шектеліп қалмады. Ғалымдар мен зерттеушілер арасында ұйымдастырылған «Стоп коронавирус» байқауының жеңімпаздары мен жас ғалымдарға арнап Young Researchers Alliance бөлген гранттың ие­герлерінен өкпені жасанды желдету аппаратын, коронавирусты 15 минутта анықтайтын тест-жүйе, вирусқа қарсы иммунитетті көтеретін тағамдық биоөнім, биологиялық белсенді заттың ойлап табылғанын білдік. Міне, қатарын толас­сыз толықтыра беруге болатын тізім – отандық ғалымдарымыздың қандай қол­дауға болсын лайық деңгейдің анық көр­сеткіші.

Ғылым әдетте докторантурадан бас­талады. Ал докторанттардың стипен­дия­сы биыл 102 мың теңгеден 150 мың теңгеге артты. Десек те докторантура­да оқу оңай емес, оқып біткен соң док­тор­лық диссертацияны қорғау одан екі есе қиын. Себебі докторанттың 7 мақа­ла тапсыру міндетін орындау күндіз күл­кіні, түнде ұйқыны ұмытуға алып ке­ле­ді немесе жеңіл жолмен сатып алуға мәжбүрлейді. Міне, осы проблемаға биыл нүкте қойылды. Енді сапасы төмен журналдарда 7 мақала жария­ла­ғанның орнына, жоғары квартильге кіре­тін басылымдарда 1-2 еңбек жарияланса жеткілікті. Соның ішінде бірінші квартиль құрамына кіретін журналдарда 1 ғылыми мақала шықса, өзге жарияланымдар тіпті талап етілмейді де. Бұл ғалым­дардың кәсіби әлеуетін арттыруға септесетіні сөзсіз.