Пандемияның салдары мен биылғы жылдың қаншалықты күрделі болғаны жайлы талай жазылды, жазыла да береді. Өйткені бір жылға жуық уақытқа созылған дағдарыстың салқыны тимеген сала жоқ. Оны толық зерттеу мен саралау болашақтың еншісінде.
Кібісе жыл әлем көшбасшылары үшін нағыз сынақ болды десек артық айтқандық емес. Десек те, жыл басы шетелдік іссапарларға толы болған еді. Қаңтарда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктеріне сапарлап барып, еліміздің Таяу Шығыстағы сенімді серіктесімен байланысты нығайта түсті. Қ.Тоқаев жаңа лауазымда БАӘ-ға жасаған алғашқы ресми сапарында елдің ірі бизнес өкілдерімен кездесіп, Қазақстанның экономикалық және инвестициялық әлеуетін таныстырды.
Ал ақпанда АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қазақстанға ресми сапармен келді. АҚШ-тың көршілес Ресей және Қытаймен күрделі қарым-қатынасына қарамастан, Қазақстанмен дипломатиялық байланысты, екіжақты ықпалдастықты дамытуда табысқа жеткені белгілі.
Әлемдегі алпауыт елдердің кейінгі жылдары шиеленісе түсті. Бұл құбылысқа алаңдайтындар көп. Қауіпсіздік – сыртқы саясатты жүргізуде басты назарға алатын мәселелердің бірі. Бұл туралы Мемлекет басшысы қатысқан қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясында да сөз болды. Жылда 70-тен астам елдің көшбасшылары жиналатын бұл келелі кездесудің мақсаты – қауіпсіздік және қорғаныс салаларындағы өзекті мәселелерді талқылау. Мұндай жоғары деңгейлі жиындарды мемлекеттер басшыларына сындарлы диалог орнатуға мүмкіндік беретін бейресми алаң десе де болады. Конференция аясында өткен панельдік пікірталаста географиялық жағынан аса маңызды территорияда орналасқан елдің Президенті Қ.Тоқаев өңірлік қауіпсіздік мәселесі бойынша ойын ортаға салды.
Жалпы, Қазақстан дипломаттарының беделді ұйымдардың мінберінде сөз сөйлеуі – халықаралық қоғамдастық үшін Орталық Азияның даусы маңызды екенін аңғартады.
Қ.Тоқаев таяуда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын кезең-кезеңге бөліп, әрбір он жылдық атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұрғанын мәлімдеген еді. Президент айтқандай, үшінші он жылдықта мемлекетіміз шын мәнінде, кемеліне келіп, әлемдік саясаттың төріне озғаны рас.
Негізінде, халықаралық ынтымақтастықтың ілгерілеуіне үміт арттырған жыл басы пандемияға ұласты. Өз мемлекетімен әлек болған басшылар шекараны жабу секілді аса қиын шешімді қабылдауы керек болды. Індетпен күресте қауіпсіздік шараларын енгізерде бір-біріне қарайласты, тәжірибе алмасты. Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли жақында «Егеменге» берген сұхбатында Қ.Тоқаевтың биыл 9 халықаралық жиынға қатысып, телефон арқылы 30-дан астам елдің басшыларымен сөйлескенін мәлімдеді. Дәл осындай қиын-қыстау сәтте сыннан сүрінбей өту үшін Қазақстан алыс-жақын шет мемлекеттермен арадағы ынтымақтастықты сақтап қалуға ерекше көңіл бөлді.
Биыл, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «2020-2030 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасы» бекітілді. Онда «сыртқы периметрде мемлекеттің, бизнестің, әрбір азаматтың мүдделерін ілгерілету мен қорғауға назар аударуды күшейту қажет» деген жолдар бар.
Мамыр айында Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдердің президенттері видеоконференция арқылы өткізген жиында Қ.Тоқаевтың ұйымның алдағы бес жылға арналған даму стратегиясының жобасына қатысты «ел үкіметтері мен парламентінің дербестігін шектейді» деп, құжатты қайта қарау керек екенін айтқаны көптің көңілінен шыққаны есімізде. Сондай-ақ еліміздің сыртқы саясат ведомствосы Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының Білім және ғылым жөніндегі комитетінің төрағасы Вячеслав Никоновтың сөзіне қатысты ұстанымын да нота арқылы жеткізді. Мұны соңғы кезде ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға қатысты арандатушылық әрекеттерінің жиілеп кетуіне байланысты жасалған қадам деп түсінеміз. Сәуірде Қытай сайтында жарияланған «Қазақстан неге Қытайға оралуды қалайды?» деген сипаттағы мақала да наразылық нотасына түрткі болған-ды.
Жалпы, технологияның, әлеуметтік желінің дамуымен халықаралық ынтымақтастық саласындағы ақпараттық кеңістік жылдан жылға шиеленісіп келеді. Бос қаңқу сөз бен араздық тудыруға тырысатын пікірлерді бақылау мүмкін емес. Осылайша ел арасында өзге мемлекеттерге қатысты теріс ой да қалыптасып жатады. Халықтың көңіл күйі мен пікірі сыртқы саясатқа әсер етпей қоймайды. Сол себепті де наразылық пен алауыздық тудырған мәселелерге қатысты жылдам әрекет еткен маңызды.
Пандемия халықаралық ынтымақтастық саласында біршама қиындық тудырғанымен, індеттің өршуі елдер арасындағы адамгершілік, мейірім секілді құндылықтарды қайта жандандырды. Гуманитарлық көмек дегеннің өзі, ағылшын тілінен аударғанда адамгершілік қағидасына сүйенеді. Көмек жіберудегі негізгі мақсат өзіңнің жомарттығыңды көрсету емес, қиын жағдайда қалғандарға риясыз ниетіңді білдіру. Қазақстанға қаншама ел, халықаралық ұйымдар мен қайырымдық қорлар гуманитарлық көмек жіберсе, еліміз де шамасы келгенше өзгеге қол ұшын созып, жәрдемін аямады.
Биылғы айтулы оқиғалардың ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының 75 жылдық мерейтойын ерекше атап өтуге болады. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпы саяси дебаттарында сөйлеген сөзінде дағдарыстан шығудың жолдарын қарастырып, бірқатар ұсыныс білдірді. Әлем елдерінің халықаралық қоғамдастықтағы орнын нығайта түсуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аз уақыттың ішінде көп еңбек сіңірді. Бұл саладағы жұмыстардың нәтижелі болуына Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық қоғамдастықтағы жеке басының беделі де зор ықпалын тигізгені анық
Осы орайда, еліміздің халықаралық саясаттағы бас ведомствосының бір жылдық жұмысына да тоқталып өтсек. Биыл халықаралық аренадағы басты жетістіктің бірі – Қайрат Әбдірахмановтың ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары лауазымына сайлану екені сөзсіз.
Қазақстандық дипломат Қайрат Әбдірахманов ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары лауазымына сайланды. Бұл бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық үлгісі әлемдік деңгейде мойындалғанының дәлелі.
Қайрат Әбдірахманов шетел саясаткерлеріне белгілі, дипломатиялық ортада өзін қалыптастырған тұлға. Ол Сыртқы істер министрі, Қазақстанның БҰҰ-дағы өкілі, сонымен бірге ЕҚЫҰ-дағы Қазақстанның өкілі қызметін атқарды. Елші ретінде Әбдірахманов әр жылдары Израильде, Аустрияда жұмыс істеген.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жарғысына сәйкес, Жоғарғы комиссар өз еліндегі бүкіл лауазымдардан босатылып, тәуелсіз жұмыс істеуі керек. Сол себепті Қайрат Әбдірахманов Швеция Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі қызметінен, Қазақстанның Дания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті елшісі қызметін қоса атқарудан босатылды.
Сыртқы істер министрлігінің биыл атқарған жұмыстарының ішінде шоқтығы биік тұрған – өлім жазасынан бас тарту жөніндегі хаттамаға қосылу. Нақтырақ айтсақ, Сенат күні кеше ғана Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің өлім жазасынан бас тартуға міндеттейтін екінші факультативті хаттамасын ратификациялады. Соған сәйкес, бұдан былай елімізде өлім жазасы алынып тасталды.
Айта кетерлігі, бұл бастаманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын. Биыл Президент БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының жалпысаяси дебаттарында сөйлеген сөзінде осы мәселеге ерекше тоқталды.
«Өмір сүруге және адамның қадір-қасиетіне деген іргелі құқықты жүзеге асыру мақсатында Өлім жазасынан бас тартуға бағытталған азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші факультативті хаттамасына қосылу жөнінде шешім қабылдадық», деген еді Қ.Тоқаев.
Бұдан бөлек, еліміз бірқатар халықаралық ұйымға төрағалық етті. Мәселен, қыркүйекте Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің төрағалығымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне (АӨСШК) мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің бейнеконференция форматында отырысы өтті. Кездесуде АӨСШК-тегі төрағалық Тәжікстаннан Қазақстанға табысталды.
Сондай-ақ Теңізге шығар жолы жоқ дамушы елдер тобының (ТШЖДЕ) жыл сайынғы министрлер арасындағы отырысы өтті. Қазақстан 2020-2021 жылдарға арналған ТШЖДЕ тобының жаһандық төрағасы болып сайланды. Кездесу қорытындысы бойынша топ елдерінің проблемаларын, оның ішінде әлемдік нарықтардан алыстығымен және транзиттік елдерге тәуелділігімен байланысты проблемаларды шешудегі прогресті жеделдету жөніндегі Жол картасы қабылданды. Қазақстан төрағалығының бастамасымен жасалған құжат 2024 жылға дейінгі кезеңде осы міндеттерді жедел іске асыру үшін барлық мүдделі тараптардың күш-жігерін біріктіруге ықпал етеді.
Биылғы жұмыстардың бір парасы коронавирус пандемиясынан зардап шеккен отандастарымызға көмек қолын созуға арналды. Мәселен, індет өршіп тұрған кезде Сыртқы істер министрлігінің тікелей қолғабыс көрсетуімен 30 мыңнан астам азаматымыз елге оралды. Ведомствоның ұйымдастыруымен 380 рейс арқылы шетелдерде қалып қойған қазақстандықтар елге келді. Санитарлық авиация Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, денсаулық жағдайына байланысты көмекке мұқтаж 29 азаматымызды әкелді.
Меруерт БҮРКІТБАЙ,
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»