Елдің бәсекеге қабілеті шыңдалатын кезең
Қазіргі таңда, Президент айтқандай, мемлекет алдында әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, орнықты дамуды, халықтың әлеуметтік ахуалын арттыруды, азаматтарды жаңа жағдайларға бейімдеуді қамтамасыз ету, ел бірлігін, қауіпсіздікті нығайту, ұлтымыздың рухын көтеру басты міндет болып тұр.
Жоғарыда аталған мақсат-міндеттер өте ауқымды. Дегенмен оларды еңсеруге еліміздің мүмкіндігі жетеді. Мемлекет басшысы осы орайда: «Мемлекет тарапынан әлеуметтік саладағы және экономиканы қолдауға бағытталған барлық міндеттемелер орындалатын болады. Бұл мақсатқа Ұлттық қордан 1 триллион теңге бөлінуде. Әлеуметтік төлемдерді индексациялау жұмысы жалғасын табады. Осы бағытта 2023 жылға дейін шамамен 1 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр», деді.
Жалпы, сарапшылар айтып жүргендей, мемлекеттердің бәсекелестік қабілеті, даму бағытындағы қадамдары дағдарыстар мен уақыт енгізген өзгерістер кезеңінде шыңдалады. Осындай сындардан сүрінбей өткен, өзін шыңдай білген ел ғана көшбасшы мемлекеттер қатарынан көрінеді.
Аталған Жолдауда көрсетілген міндеттер күн тәртібіне уақтылы әрі орынды қойылып отыр. Осы тұста Жолдау хақында қоғам қайраткері Жақсыбек Құлекеевтің пікірін келтіре кетейік. «Президент Қ.Тоқаевтың ел дамуының барлық саласын қамти отырып, стратегиялық бағыттарымызды айқындай түскен биылғы кезекті Жолдауы халықтың көкейінде түйінделіп, көптен шоғырланып, шешуін күтіп жүрген өзекті мәселелердің біразының жуық арада саяси аренада шешімін табатынына сенім ұялатқан құбылыс болды. Он бір тармақтан тұратын Жолдаудың басты міндеті – мемлекеттік биліктің халық алдындағы жауапкершілігін арттыра отырып, қоғамның өткір талабына сай келетін ұтымды, нақты нәтиже беретін, елге пайдасы мол шешімдер қабылдауға жұмылдыру. Ол шешімдер мейлінше әділ болып, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталуы және дарынды жастарға жол ашатын тиімді әлеуметтік сатылардың орнығуына себеп болуы тиіс. Өйткені елімізде соңғы жылдары ұмыт бола бастаған әділетті қоғам қағидасы, заң үстемдігі, азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік беру секілді ұғымдар жаңа тұрғыда айтылып отыр. Айтары жоқ, кез келген нарықтық қағидаттарға негізделген қоғам тұрақты дамуы үшін сол елдің белсенді, озық ойлы азаматтарының қабілеті мен мүмкіндіктерін толық пайдалануына мейлінше жағдай жасалуы керек. Ал оның кепілі – заң үстемдігі, саяси биліктен тәуелсіз сот жүйесі, тиімді азаматтық қоғам институттары және кең ауқымда айтылатын мемлекеттегі саяси тұрақтылық. Елде осы аталған категориялар қалыптасып, билік пен қоғамның арасында тұрақты диалог орын алған жағдайда ғана мемлекет тұрақты дамудың даңғыл жолына түсетіні рас және бұл – аксиома. Сондықтан да бұл Жолдау осынысымен құнды», дейді Ж.Құлекеев.
Басты ұстаным – әлеуметтік әділеттілік орнату
Президент Тәуелсіздік күніне орай Мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде Жолдауда қозғалған мәселелерді тағы да екшеп, алда тұрған міндеттерді пысықтай түсті. «Біз қиындықтар мен кедергілерге қарамастан, алға ілгерілеуді жалғастырамыз», деген Мемлекет басшысы экономикалық қуатты, әлеуметтік әділ және берік тірегі мен прогресшіл құндылықтары бар ашық қоғам құрып жатқанымызды, тұтас дүниенің тыныс-тіршілігі өзгерген, пандемия бүкіл әлемді сынға алған қазірге кезде бар күш-жігерімізді жұмылдырып отырғанымызды еске салды. Эпидемияға қарсы кешенді іс-шаралар үшін 350 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінгенін жеткізген Президент өзінің басты миссиясы – әлеуметтік әділеттілік және халықтың әл-ауқатын арттыру екеніне екпін берді. Қ.Тоқаевтың айтуынша, биыл 4 миллионға жуық азаматтың зейнетақысы мен әлеуметтік жәрдемақыларының көлемі ұлғайды, әлеуметтік сақтандыру төлемдері орташа 50%-ға көтерілді, аз қамтылған отбасылардағы 500 мыңнан аса бала үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакет енгізілді. Пандемия кезіндегі қиындықтарға қарамастан, ел қамбасы астыққа толды. Жаңа жолдар салынды, тұрғын үйлер мен инфрақұрылымдық нысандар бой көтерді. Басшылардың жаңа буынын дайындауға баса мән берілді.
Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанның нақты бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату үшін барлық күш-жігер мен ресурстарды жұмылдыру, ұлттық мүддемізді берік қорғап, экономикада, әлеуметтік салада, экологияда ауқымды жүйелі шаралар кешенін жүзеге асыруды жалғастыру, әділетті және тең мүмкіндіктер қағидаттарын ілгерілету сынды басқа да міндеттерді атады.
Осы орайда Қазақстанның Еңбек Ері Мұрат Қайыргелдин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздік күні қарсаңында өткен Мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзін қолдай отырып, өз пікірін былай сабақтады: «Президент қиындықтар мен кедергілерге қарамастан, алға ілгерілеуді жалғастырамыз деді. Бұл ретте елімізді жаһандық дағдарыстан алып шығу үшін көп іс тындырылғанын атап өту керек. Мемлекет басшысы айтқандай, жүйелі жұмыстардың нәтижесінде экономикаға қатысты теріс болжамдарды жоққа шығарып, індеттің зардабы азайды. Дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында ахуал біршама тұрақтандырылды. Жаһандық дүрбелеңге қарамастан, мемлекеттің іргесі мығым, тұғыры бекем екенін дәлелдей білдік. Осының бәрі ортақ мақсат үшін жұдырықтай жұмылып, еңбек етудің жемісі».
Айта кетейік, Президент келер жылды «Тəуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жариялағаны белгілі. Осынау биік белес – тәуелсіздіктің отызыншы жылында халқымыз бұған дейін қол жеткізілген табыстарымыздың еселене түскеніне, түйткілді мәселелердің шешімін тапқанына ашық аспан, бейбіт күннің аясында куә бола бергей!