Оқиға • 31 Желтоқсан, 2020

Қордай оқиғасынан не түйдік?

365 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен ширек ғасыр ішінде бүкіл мемлекеттік басқару жүйесі мен тәуелсіз мемлекетіміздің негізін қалаушы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың табандылығының арқасында тәуелсіз Қазақстанның ұлттық саясаты айқындалып, этносаралық және конфессияаралық келісім моделінің қазақстандық үлгісі дүниеге келді, Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.

Қордай оқиғасынан не түйдік?

25 жылдық тарихында ол арнайы инс­титут ретінде қыруар жұмыс атқарды. Ел азаматтарының құқықтарын олардың ұлттық белгілері бойынша шектеуге жол бермеудің кепілдіктерін арттыруға күш салынды. Ұлт саясатының тәжірибесі біздің елде бір нәрсенің кең көлемдегі этносаралық қақтығыстарға ұласуына негіз жоқ екендігін көрсетті. Яғни этносаралық келісімді мемлекеттік сая­­саттың басты бағытына айнал­ды­рудың арқасында кең көлемдегі егесу­лерге жол берілмей келді. Алайда ол дегеніміз проблемалардың мүлдем бол­мағандығын аңғартпаса керек. Тек оны дер кезінде көріп, түсіне білу қажеттілігі жетіспегенге ұқсайды.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы – өт­кенге көз жүгіртіп, қорытынды жасай­тын уақыт... Даңғаза акциялар мен дау­рықпа шаралардан бас тартып, бүкіл іс нақтылыққа құрылатын болады», деген сөздері тұрғысынан қа­рай­тын болсақ, осы кезеңде этносая­сатта жетістіктермен қатар назар ауда­руды және тиісті қорытынды жасауды талап ететін түйткілді мәселелер де орын алғаны белгілі. Жеткен же­тіс­тіктеріміздің басым болғанына қарамастан, Қордай оқиғасынан кейін жағдай күрт өзгеріп кетті. Ол көп нәр­сені қайта қарауды, кейбір көзқарас­тарымызды жаңғыртуды талап етіп отыр. Бұл оқиға этно­саралық келісімнің теориялық пікір­сайыстан гөрі мемлекеттің күнделікті іске асырылып жатқан саясатының прак­ти­калық мәселесі екендігін еске салды.

Бір өкініштісі, көптеген жыл бойы қордаланған мәсе­лелер біз ойлағаннан да терең болып шықты. Егер бұдан былай да жа­бық қоғам қалпында қала бергенде, ортақ­тастық та болмас еді, мәдениеттер мен халықтар арасында жатсыну да сақталар еді. Міне, осы мәселелер бізге мықтап ойланатын кездің келгендігін ескертіп отырғандай. Қазір баспасөз құралдары мен әлеуметтік желілерде Ассамблеяның қызметі туралы көп айтылып та жүр, жазылып та жатыр. Солардың ішінде жиі айтылатындары: ұлтаралық қатынастар жүйесі – ол Ассамблеяның іс-шараларындағы құр ұрандар мен ұлттық киім кию, дөңгеленіп би билеу және біздің ерекше моделіміз туралы салтқа айналып кеткен жаттанды сөздер ғана емес дегенге келіп саяды. Ал шын мәнінде, бұл, біріншіден, күнделікті және тұрақты түрде және тынымсыз еңбекті талап ететін жүйелі саясат, ал екіншіден, қазақстандық қоғам үшін ол өмірлік маңызы бар ауадай қажеттілік екендігін түсінуді талап ететін ащы шындық. Оның Қазақстандағы этностық мәселелерді, демография мен көші-қон, диаспоралардың қоныстануы, этностық қылмыстың жай-күйі, білім беру мен тәрбие, ақпараттық саясатты қайта форматтауды талап етері анық. Сонымен бірге бұл жұмыстың елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформаны, оның ішінде мемлекеттік басқаруды қайта құру аясында, кешенді түрде іске асырылғаны жөн. Өйткені басқаларын айтпағанның өзінде, қазір қоғамда орын алып отырған және әртүрлі мінберден айтыла бастаған әлеуметтік-мәдени тұйықтану мен жас­тардың еліміздегі әлеуметтендіру үрдісінен тыс қалуы, өңір әкімдерінің этносаралық мәселелерден өз беттерінше қол үзіп кетуі сияқты қателіктерді еңсеру оңай шаруа бола қоймас.

Көпэтносты мемлекетте ұлтаралық қатынасқа мұқият болу, онда болып жатқан үдерістерге дер кезінде құлақ асу аса маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Президент Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының айрықша өзектілігін көреміз. Ол азаматтық қоғамда рухани түлеу, адамдардың бір-бірін жатсынбауына толық мүмкіндіктер тудырып, елдің Ата Заңына сәйкес халықтарды алаламайтын, баршаның еркін дамуына мүмкіндік жасайтын ашық саясат жүргізіліп, этносаралық саясатта мәдени-әлеуметтік және экономикалық қарым-қатынастар арнасын кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл үдерістер мен олардың еліміздің дамуына қосқан үлесі түбінде қазақстандық сана-сезімді дамытуға, ортақ құндылықтар қалыптастыруға ықпал етеді. Сайып келгенде, барша қазақстандық бір әлеуметтік, саяси, экономикалық, құқықтық және мәдени кеңістікте тұратындықтарын терең түсініп, олардың әрқайсысының көкейінде тұрақтылық пен келісімді нығайтуға деген жеке жауапкершілік сезімі ұялайтын болады. Өйткені осы бағытта аянбай еңбек етіп, өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген жан өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды. Ал осы үдеріске қазақтардың мемлекет құраушы ұлт ретінде белсенді араласып, қоғамдағы шоғырландырушылық әлеуетін мақсатты түрде жаңғыртуы мемлекеттілігіміздің тұғырын мәңгілік етіп, оны бірлік пен келісімнің шынайы мекеніне айналдырары сөзсіз.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

саяси ғылымдар докторы