Сайлау • 31 Желтоқсан, 2020

Алдағы сайлау бұрынғыдан өзгерек

1057 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әне-міне дегенше еніп келе жатқан жаңа жыл ел тарихындағы елеулі оқиғамен басталғалы тұр. Оныншы қаңтар күні өтуге тиіс Парламент Мәжілісі және мәслихаттар сайлауы тек саяси нау­қан емес, мемлекет тағдырына тікелей әсер ететін маңызды оқиға. Алдағы болатын сайлаудың негізгі қағидалары биылғы қабыл­данған заңда қаланды.

Алдағы сайлау бұрынғыдан өзгерек

Қоғам тынысын аңдасақ, дүйім ел кезекті сайлаудан тың леп, соны серпін күтіп отырғандай. Бұл сай­лау­дың жөні де, жосығы да бұ­рын­­ғы сайлаулардан өзгерек деген са­рын­­дағы пікірлер жоғарыдағы сөзі­мізді қуаттай түседі. Мұның себебі де жоқ емес. Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­­та­ма­сымен сайлау туралы заңға биыл елеулі өзгерістер енгізілгені әмбе­ге аян. Аймақтарда жұрт сені­мін иеленіп, праймеризден сүрін­бей өткен партия өкілдері ғана сая­­­си биік сатыда бақ сынауға жол алды.

Мәжілістің 107 депутатының 98-ін партиялық тізім бойынша­ халық, қалған тоғызын Қазақ­стан халқы Ассамблеясы сайлайды. Елімізде сайлау пропорцио­нал жүйеде өтетінін ескерсек, науқанға қатысқан партиялар не­­ғұрлым көп дауыс жинаса, Пар­­ламенттен алатын мандаты да соғұрлым көп болмақ. Қазақстан азаматы белгілі бір тұлғаға емес, оның партиясына дауыс береді, яғни Мәжіліске өту үшін міндетті түрде партияға мүше болу шарт. Ал парламентте кім отыратынын партияның (егер межеден өтсе) өзі шешеді.

Бұл сайлаудың тағы бір өзге­шелігі, алдағы мәслихаттар сайлауы да ел тарихында тұңғыш рет пар­тия­лық тізім бойынша өт­пек. Мем­лекет басшысы пропор­цио­налды модель әлемдегі демо­кра­тиялық тәжірибеге то­лық сай ке­летін әрі саяси жүйе­ні нығай­тып, пар­­тиялардың жұмы­сын жан­дан­­­дыратын қадам екенін қадап айт­ты.

Президент Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Пар­ламенті және оның депутат­тарының мәртебесі туралы» Конс­титуциялық заңға және «Қазақстан Респуб­ликасы Пар­ла­ментінің комитеттері мен комиссия­лары туралы» заңға түзетулер енгізіліп, Парламенттік оппозиция институтын құру мәсе­лесін қарастыратын және оның қызметін жүйелейтін өзге­рістер мен толықтырулар жа­сал­ды. Енді Парламент Мәжі­лісі тұрақты коми­теттерінің бір төрағасы мен екі хатшысы пар­ламенттік оппозиция депутаттары арасынан сайлануға тиіс. Соны­мен бірге парламенттік оппозиция бір сессия кезінде кемінде бір рет парламенттік тыңдау өткізу жөнінде бастама көтеру құқығын иеленеді. Сондай-ақ бір сессия кезінде кемінде екі рет Үкімет сағатының күн тәртібін айқындауға құқылы.

Президент өз үндеуінде: «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда және «Саяси партиялар туралы» заңда қарастырылған ережелер бойынша парламенттік тәжірибемізде алғаш рет партия­лық тізімге әйелдер мен жас­тар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Бұл норма Парламентке және жер­гілікті өкілді органдарға әйелдер мен жастарды тартудың тиімді жолы ретінде олардың еліміздегі қоғамдық-саяси үде­рістерге бел­сенді қатысуына септігін тигізеді», деп атап өткен болатын. Қазір ел аумағындағы 3 мың мәслихат депутатының небәрі 60-ы ғана жас­тар екенін ескерсек, Президент бастамасынан ел жастарына үл­кен сенім артылып отырғанын аңғару­ға болады.

Бұған дейін Парламенттегі ең көп орынды еншілеп келген, 835 мыңнан астам мүшесі бар Nur Otan партиясы 126 өкілін Мәжі­ліс депутаттығына үміткер ретінде тіркесе, 255 мың азаматтың сені­мін арқалап отырған «Ақ жол» демо­кра­тиялық партиясы 38 өкілін мә­жіліс мінберінен көруге үмітті. 2004 жылы құрылған Қазақстан Халық партиясы 125 үміткерін үкілеп отыр. Бүгінге дейін 105 мыңнан астам Қазақстан азаматы аталған партияға мүшелікке енген. Мәжіліс депутаттығына 19 өкі­лін ұсынып отырған 300 мың мүшесі бар «Ауыл» халықтық- демократиялық партиясы да үгіт насихат жұмыстарын үзбей жүр­гізіп келеді. Ал сайлауға қатысатын партия­лар ішінде ел тарихындағы ең жас партия саналатын 55 мың­­нан астам мүшесі бар Adal (бұрынғы атауы «Бірлік») партиясы да жиыр­ма азаматын бетке ұстап отыр.

Осы орайда кейбір саясаттанушылар алдағы сайлау – саяси модернизацияның көрінісі деп есептейді. Заң шығарушы инс­титуттар тарихында алғаш рет оппозиция ұғымының енгізілуі партиялық алаңның эволюциясын көрсетеді деген пікірлерді де естідік. Қалай бол­ғанда да сая­си партиялардың бел­сенділігі анық байқалады. Үгіт-насихат жұмыстары жүйелі жүріп жатыр. Партиялар алға ұстаған бағдарламалар да сайт бетінде самсап тұр. Сайланушылардың сөзіне сенсек, көп ұзамай көшіміз түзеліп, түйіні шешілмеген түйткіл қалмайды. Не дегенмен де сайлаушылар мемлекет дамуындағы тағдыршешті сәттен тыс қалмауға тиіс. Қалғанын уақыт көрсетеді...

 

АЛМАТЫ