Енді үшінші тоқсаннан бастап осы ықшам ауданда тұратын оқушылардың біразы жаңа №78 мектеп-гимназияның кезекші сыныптарында оқуға әзірленіп жатыр.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин мектеп-гимназияның ашылу салтанатында тұрғындарды көптен күткен қуаныштарымен құттықтай отырып, 900 орындық жаңа ғимарат «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданындағы үш ауысымды оқу мәселесін шешетініне сенім білдірді.
Өйткені жаңа ықшам ауданда тұрғын үйлердің көптеп салынып, жас отбасылардың баспаналы болуымен осы аумақтағы екі мектепте бала саны күрт көбейіп, оқушылар үш ауысымда оқуға мәжбүр болған еді.
Қазіргі кезде қашықтан оқытуға байланысты оқушылардың басым бөлігі үйлерінде оқып жатыр. Сол себептен де мектептер жылдағыдай бала саны сыймай, оқу сыныптары жетпей жатқан жағдайды бастан кешіріп отырған жоқ.
Алдағы уақытта карантин аяқталып, оқушылар мектепке қарай ағылса, осы күрделі мәселе тағы да алдан шығады. Атшаптырым спорт залы, кітапхана, асхана, заманауи оқу залдарымен жабдықталған екі қабатты жаңа мектеп-гимназия оқушылардың сапалы білім алуы үшін жасалған жақсы мүмкіндік екенін ата-аналар да мақұлдап отыр.
Өңір басшысы екі қабатты еңселі ғимарат құрылысын биылғы пандемияның қиындықтарына қарамастан уақтылы әрі сапалы тапсырғаны үшін «Интерстиль» ЖШС-нің басшылығына алғысын жеткізді.