Педагогтардың кәсіби қызметін қолдау мен білім саласындағы елеулі еңбегіне орай ұстаздар арасында алғаш рет аймақтың ерекше төсбелгісі тағайындалып отыр. Жүзден аса ұстаз қатысқан конкурста озып шыққандар осы марапатқа ие болды.
Жиында аймақ басшысы бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздардың орны ерек екенін, бұл марапат ұстаздарға ерекше серпін беретінін ерекше атап өтіп, педагогтарды құттықтады.
– «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген ұлы Абайдың теңеу сөзі өздеріңіздей жаңашыл ұстаздарға арналғандай. Сіздердің бүгінгі жас ұрпаққа беріп жатқан білімдеріңіз бен тәрбиелеріңіз оларды болашаққа бастайтын тура жол, айқын бағыт. Жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі табыстары, жетістіктерімен ерекшеленген ұстаздарды бүгін марапаттаймыз. Бұл құрмет аймағымыздың барлық ұстаздарының алдағы жұмыстарына үлкен серпін береді деп ойлаймын, – деді облыс әкімі.
Салтанатты шарада конкурстық комиссия шешімі негізінде лайықты 12 ұстаз «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері атанды. Олардың қатарында №23 мектеп-лицейдің мұғалімі Айгүл Қиясова, Қазалы ауданы, №266 мектеп-гимназия мұғалімі Нұргүл Балғараева, Шиелі ауданындағы №47 мектеп-лицей мұғалімі Фатима Қасқабаева, «Алпамыс» балабақшасының тәрбиешісі Қалдан Тұяқбаева да бар.
Сондай-ақ, шарада тұңғыш рет аймақ басшысының атынан 10 ұстаз 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі, яғни 833 мың теңге болатын бірретік сыйақы алды. Қаржылай сыйақыға Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің бірлестік меңгерушісі Перуза Арғынбаева, Сырдария ауданы, №137 орта мектеп мұғалімі Ербол Сайлауұлы, Арал ауданы, №14 мектеп-лицей мұғалімі Жанна Кунарова, Жалағаш ауданы, №38 орта мектебінің мұғалімі Жанар Шілдебаева, Қармақшы ауданы, №80 мектеп-гимназия мұғалімі Серік Ниязов, Жалағаш ауданы, №201 мектеп-лицей мұғалімі Гүлдана Ермаханова, Жаңақорған ауданы, №52 орта мектеп мұғалімі Тұрсынбек Жұпарбаев, Қазалы аграрлы-техникалық колледжінің мұғалімі Жания Ысмағұл, №6 есту қабілеті бұзылған балалардың арнайы түзету мектеп-интернатының дефектологы Мария Базар, №4 дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының мұғалімі Айман Смағұл лайық деп танылды.
Айта кету керек, үздік ұстаздар анықталған конкурс ашық түрде ұйымдастырылып, түрлі сала өкілдерінен құрылған комиссия жұмыс істеді.
Биыл өңірде педагогтарды қолдау шаралары қарқынды жүргізілді. Ұстаздар күні қарсаңында 40 үздік мұғалімге ноутбук, 89 ұстазға демалыс орындарына жолдама берілді.
Осы жылы «Үздік білім беру ұйымы» конкурсында ауыл мектебі 17 миллион теңгенің сертификатын иеленді. Бұл бастама келесі жылы да жалғасып, қаржысы екі есе көбейеді.
Облыс әкімі жиын соңында құрмет төрінен көрінген үздіктерге ерекше ілтипат білдіріп, алдағы жаңа жыл мерекесімен құттықтап, табыс тіледі.