Таным • 01 Қаңтар, 2021

Ер мүддесі – ел мүддесі

923 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Адамзат баласы келелі кезеңді кейінге қалдырып, жаңа бір жылға қадам басты. Алдағы он екі ай қабырғалы қазақ елі үшін Азат күннің 30 жылдығымен айбарлы. Айтулы оқиға, атаулы күндер көп. Мәселен, осы азаттық үшін арпалысқан ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына – 155, Алаш зиялысы Жақып Ақбаевтың өмірге келгеніне – 145, көрнекті қоғам қайраткері Салық Зимановтың кіндік кескеніне – 100, әйгілі «Айқап» журналына – 110 жыл толмақ.

Ер мүддесі – ел мүддесі

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

 

«Ұлтына, жұртына қызмет қылу білімнен емес, мінезден». Бұл жолдардың авторын бүгінде бүкіл қазақ баласы біледі десек қателеспейміз. Басқасы басқа, Әлихан Бөкейханның есімін елден ерекшелейтін де ең алдымен оның елге сіңірген есіл еңбегі дер едік. Оның әрбір әрекеті, жасаған қадамдары мен қолға алған бастамалары түптеп келгенде Алашты егемен ел етіп, қабырғасын қатайтуға бағытталды. Ұлттың үніне, халықтың дауысына айналды.

«Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қой­май­мын» деген Әлекең айт­қа­нында тұрды, алған беті­нен қайтпады. Аумалы-төкпелі за­манда Алаш арыстарын ор­тақ идеяға жұмылдырып, ұл­ты­мыздың барын бағамдады, жоғын түгендеді. Онысын «Әр ұрпақ өзіне артылған жүк­ті жетер жеріне апарып тас­та­ғаны дұрыс, әйтпегенде бо­ла­шақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз», деп түсіндірді. «Мемлекеттігі жоқ халық – жетім әрі жетекшіл халық» (Ә.Бөкейхан) боларын біліп, ел тәуелсіздігі жолында басын бәйгеге байлады. Соқтықпалы соқпақсыз жолды жүріп өтті. Алаш баласының құқығы аяқ асты қалмасын деп, «Ендігі рәсім: құқы үшін жылау емес, құқын талас-тартыс­пен қорғау», екенін мақсат етіп қойды.

Алайда Азаттық деп аталар арман-мұратқа құр айғай мен даңғаза дақпырт емес, бір тудың астына біріктіре алатын ынтымақ қана жеткізетін жақсы түсінді. Ұлтты ұйыстыруға, тізе қосып, табыстыруға тырысты. «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда ғана орындалады деп түсінді. «Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ынтымақ қана. Қазақ же­рінің әрбір түйір тасы әр қа­зақтың өңіріне түйме болып қа­далуы керек» деп ұғынды.

Дейтұрғанмен, түрлі жағдай­ға, себептер мен салдарға байланысты ХХ ғасырдың басында қазақ халқы өз алдынан отау құрып кете алмайтынын да бір кісідей біліпті. Білсе де алдағы күннен үмітін үзген, сағы сынған жоқ. «Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар!» деп болжады. Ақыр-соңында Алаш көсемінің айтқаны айдай келді. «Өз тізгіні өзінде» тәуелсіз мемлекет атандық. Оған да міне отыз жылдың жүзі болыпты.

Аңғара білген адамға Алаш қозғалысы бүгінгі тәуелсіздіктің кешегі іргетасы, Азаттықтың алтын қазығы еді. Сол алтын қа­зықты қағып кеткен асыл ұр­пақтың бірі һәм бірегейі – күрес­кер, қайраткер, Алашорда үкіметінің мүшесі Ақбайдың Жақыбы болатын. Қазақтан шыққан тұңғыш заң магистрі бір кездері Санкт-Петербург қала­сындағы Императорлық университетінің заң факультетін алтын медальмен бітіріп, Алаш қозғалысының белсенді өкілі болған. Тіпті, Алаш автоно­мия­сының Бас прокуроры қызметіне ұсынылғаны да жаңалық емес.

Алайда алаштың аймаңдай ұлы білігі мен білімі толысып тұрғанына қарамастан, сол дәуірдегі солақай саясаттың зардабын бір кісідей көріп-бақты. Патшаға да жақпады, оның орнын басқан Кеңес өкіметіне де ұнамады. Көргені қуғын-сүргін, тартқаны тепкі мен теперіш болды. Сан мәрте абақтыға қамалып, айдаудан көз ашпады. Соның бәрін не үшін тартты дейсіз бе? Ел мен жердің тұтастығы, туған халқының бостандығы мен еркіндігі үшін «еркек тоқты құрбандыққа» барды.

Әрине, солақай саясаттың айтқанымен жүріп, дегеніне көнуіне де болар еді. Ж.Ақбаев өйте алмады. Шымбайға бататын шындықты айтып, «үкіметке тіл тигізгені» үшін қызметінен қуылды. «Мемлекеттік қылмыс істеп, опасыздық жасады» деп түрмеге де жөнелтілді. Соған да көндікпей, патша шенеу­нік­терінің парақорлығын, халыққа жаса­ған озбырлығын әшкерелеп отырды. Келімсектерден қиянат көрген қазақтардың мүддесін қорғап, шешім әділ шығарылсын деп шырылдады.

Тіпті, азамат соғысы жылдары уақытша өкіметтер оны бірнеше рет абақтыға жауып, ату жазасына да кесті. Кейін ол үкімді бұзып, бостандығын шектеді. Воронежге жер аударылып, ол жақтан ауруына байланысты елге қайтарылды. Меңдеп кеткен дерті асқынып, ақыры 1934 жылы 4 шілдеде Алматыда өмірден озды. Жаны мен тәні келместің кемесінде кетсе де, соңда елді еркіндікке бастайтын құнды мұралары, жарқын жазбалары, зерделі зерттеулері мен есіл еңбектері қалды.

Еліміз егемендікке ұмтылған енді бір кезеңді – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы дер едік. Тағдыршешті ұмтылыс та осы болды. Тек Кеңес өкіметінің керегесін шайқалтуда тайсалып қалмау керек еді. Тайсалмай қалғанның бірі – заңгер ғалым Салық Зиманов. Ол Одақтың лауазымды өкілдеріне қайсар­лық­пен қарсы шығып, ел абыройы­н, ұлт намысын қорғап қалды. Нақты дәлел, кесімді пікір айта білді.

Тәу етер Тәуелсіздік енші­­міз­­г­е бұйырған соң да С.Зи­ма­­новтың ғылыми және қоғамдық-саяси қызметі өрістей түсті. Жаңа, жемісті кезең басталды. Егемен елге жаңа заңдар қажет болды. Міне, осы тұста заң ғылымының докторы қайрат­кер­лік қарымын танытып, қырағы қырымен көрінді. Ел тари­хындағы шешуші қадам саналатын «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясының» жобасын әзірлеген комиссияны басқара білді.

Мемлекеттегі маңызды сая­си акті деп бағаланатын «Қазақ­стан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңның (16.12.1991 жыл) жобасын даярлайтын комиссияның жетекші мүшесі атанды. Оның «КСРО-дағы автономиялау теориясы мен практикасы» (1998 жыл) атты зерттеу еңбегін ТМД-ның ғалымдары аса жоғары бағалайды. Бұл еңбекте Кеңес Одағының ыдырауы мен оның бұрынғы автономиялық аумақтары негізінде егемен елдердің бой көтеруі баяндалады. Түгел сөзіміздің түйіні сол, Қазақстан деп аталар қара шаңырағымыздың іргесі бекем, әр қадамы заңды болуы үшін барын салды. Алтыннан бағалы асыл уақытын аямады. Демократиялық, зайырлы мемлекет болуымыз үшін маңдай терін төгіп, қарымы мен қабілетін таныта білді.

ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде азаттықты аңсаған, еркіндікті көксеген тау тұлға­ларымыздың сөз сахнасы – газет-журналдар еді десек, сол кезеңдегі ұлттық баспасөзіміздің көш басында «Айқап» қоғамдық-саяси және әдеби журналы тұрды. Бұл журнал 1911-1915 жылдары Троицк қаласында беттелгенін білеміз. Алғашында айына бір рет, кейін екі рет шығып тұрған басылым 1-2 мың данамен бас-аяғы 88 нөмірі жарық көріпті. Ал оның алғашқы редакторы әрі ақын, әрі жазушы, әрі публицист Мұхамеджан Сералин болды.

Оның тұрақты авторлары деп Ә.Бөкейхан, Б.Майлин, С.Сейфуллин, С.Көбеев, М.Ду­латов, С.Дөнентаев, А.Бай­тұр­­­сынұлын айтуға болады. Журналды шығару жұмы­сы­на Ә.Ғалимов, С.Торайғыров қатысқан. Сондай-ақ Ш.Құдай­бер­діұлы, Б.Өтетілеуов, С.Кө­беев, Н.Құлжанов сынды көр­некті тұлғалардың белсенді қызмет атқарғаны айтылып жүр. А.Құнанбайұлы, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсариннің еңбектерімен қатар халық ауыз әдебиетіндегі шығармалар, шығыс, орыс және еуропа әдебиетінің туындылары жарық көріп отырды.

«Айқап» – алаштың ұлттық мүд­десін көздеп, қазақтың қо­ғамдық санасын оятуға, ха­лықты еркіндікке бастауға, төл мәдениетімізді түлетуге үлкен үлес қосты. Журналда оқу-ағар­ту жұмыстары, әйел теңдігі, оты­рықшылық өмір салтымен қатар, саяси мәселелер де жиі көтеріліп тұрды.

 

P.S. «Өлі разы болмай, тірі байымайды», дейді дана халқымыз. Алдағы жылдағы атаулы күндер алаштың аяулы есімдерімен өрнектеліп тұрған соң, мемлекет және қоғам болып абыройымызды аласартпай атап өтуіміз қажет-ақ. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын?». Өткенге салауат айту арқылы ғана біз бүгінгі ұрпаққа дұрыс жол сілтей аламыз. Осыны қаперден шығарып алмасақ игі еді...