Еліміз үшін аса қиын 90-жылдардың басында даралығы мен даналығы тең Нұрсұлтан Әбішұлы: «Біз қиын-қыстау сындарда да өзіміздің жауынгерлік даңқымызға дақ түсірмеген халықпыз» деген еді. Жалпы «жауынгерлік» деген ұғымды кең мағынада түсінуіміз керек. Егер азаттық деген талап болмаса, елдің бақыты жолында маңдай тер төгілмесе, келесі жылы 30 жылдық торқалы тойы аталып өтетін Тәуелсіздік болар ма еді?
Жауапты жылдарда Елбасы: «Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап алуға соншалықты қажыр-қайрат керек» деп жазған еді. Бұл сөз бүгін де көкейкесті. Ұлт көшбасшысы билік сабақтастығына айрықша мән беріп келеді. 2020 жылы Елбасы таңдауы мен халық таңдауы үйлескен тұлға – Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы болғанына да бір жыл толды. Халықаралық деңгейдегі дипломат, Қазақстан мен әлемнің жауапты да лауазымды қызметтері мектебінен өткен жаңа басшы халық үмітін ақтап келеді. Бұған кешегі Арыс пен Сардоба зардаптарын шұғыл жоюдағы көшбасшылық ісі, пандемияға қарсы күресте билік пен барша әлеуметті сауатты жұмылдыруы дәлел.
Елімізде тұңғыш рет «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданып, мұғалім атаулының беделі көтеріліп келеді. Мына жойқын індет кезінде медицина қызметкерлерінің шынайы орнын, мәртебесін ұққандай болдық. Бірақ оларды да заңдық тұрғыдан қолдау мен қорғау күн тәртібінде тұр.
Ал ғылым адамына келсек, олар – қоғамның шамшырағы. Бүгінгі инновация мен технологиялық жаңғырулар тек қана ғылымның арқасында жүзеге асады. Бұл ретте отандық ғылымға мемлекеттік қамқорлық пен мемлекетшіл жауапкершілік қажет-ақ. Білім және ғылым министрлігінің ғылыми грант санын көбейткені, сондай-ақ «Үздік ғылыми қызметкер» атты қомақты қаржысы бар байқау жариялауды ойластырып жатқаны – қуанышты жағдай. Сөйте тұра Ұлттық ғылым академиясының мәртебесі мен маңызына жаңаша қарау мәселесі әлі күн тәртібінде тұр. Халық және зиялылар академик Қаныш Сәтбаев негізін қалаған ғылыми құрылым ғылымның басым бағыттарын анықтайтын, сонымен бірге нәтижесін сараптайтын толыққанды мекеме болса дейді. Президент Қ.К.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты ұстанымы осы ұсыныспен сәйкес келеді деп санаймыз.
Мен – географ-экологпын. Бұл мамандықтың маңызы дәл бүгін бұрынғыдан да өткір деп есептеймін. Ел мен жер тұтастығына, Қазақстанның төрт тарапының да нығаюына, шекарасының шегенделе түсуіне география ғылымы жауапты екенін жақсы түсінеміз. Осы бағытта шәкірттерімді жұмылдырып та жатырмын. Ал экологияға келсек, Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматының төбесінен түнерген бұлт, лас ауа бәрімізді қатты толғандырады. Әкімдіктер, тәртіп пен құқық органдары көліктен шығатын улы газдарды реттейтін қатаң ереже бекітпей болмайды. Оның орнына экологиялық таза көліктерді енгізу – қай жағынан да арзан және қайтарымы мол жоба.
Жыл қорытындысы біразымызды қуантты, біразымызды үміттендірді. Бірақ «ештен кеш жақсы» деген, төгілген тер түбі ақталады. Былтыр мемлекет мені «Барыс» орденімен марапаттады. Бұл жеке өзімнің ғана табысым емес, жоғары білімнің, география-экология ғылымы саласының табысы деп білемін.
Біз 2021 жылдың нәтижелі болуына көп үміт артамыз. Мемлекет басшысы бұл жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп белгіледі. Бұл – шынында тарихи меже. Ендеше Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еңбегіміз мығымды, ақыл-ойымыз айдынды, күш-қуатымыз айбарлы болғай.
Әлия БЕЙСЕНОВА,
ҰҒА академигі, «Барыс» орденінің иегері