Аймақтар • 01 Қаңтар, 2021

Көңіл көншітпейтін ескерткіштер

146 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет тарапынан барлық өңірді дамыту мақсатында жыл сайын миллиондаған қаражат бөлінеді. Ал оның игеріліп, игілікке жарауы жергілікті басшыларға тікелей байланысты. Түрлі деңгейдегі әкімдер жыл соңында есеп бергенде де бөлінген қаржының толықтай игерілгенін, оның ел игілігі үшін жұмсалғанын айтып бағады. Шындығында солай ма? Бұл тұрғыда әулиеаталық әкімдердің, жалпы түрлі салаға жауапты басшылардың қаржылық сауаттылығы қандай деген сауал туындайды. Әйтеуір, жыл сайын қағаз жүзінде бәрі жақсы болады да, нақты есеп беру кезінде көптеген көрсеткіштің көңіл көншітпейтіні байқалып қалады.

Көңіл көншітпейтін ескерткіштер

Игерілмеген қаражат игілікке қашан жарайды?

2020 жылдың соңында Жамбыл облысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жоғары болды. Жаһанды жайлаған коронавирус індеті қалыпты тіршілікті едәуір өзгерткенімен, дер ке­зін­де қабылданған шешімдер нәтиже­сінде негізгі басымдыққа ие салалардың даму қарқыны төмендеген жоқ десе де болады. Дей тұрғанмен, аймақта эко­но­микалық көрсеткіштердің орындалу дең­ге­йі төмен болып тұр.

Мәселен, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекованың айтуынша, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты өсім қалыптасқан. Алайда облыстың бірқатар ауданында негізгі экономикалық көрсеткіштердің орындалмау қаупі бар. Былтырғы 11 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің өндірісі негізінде Меркі және Мойынқұм аудандарында көрсеткіш орындалмапты. Сол секілді инвестиция көлемі Шу мен Сарысу аудандарында, құрылыс жұмыстары мен пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі Сарысу ауда­нын­да төмен қалыптасқан. Сонымен қатар бөлшек сауда Жамбыл, Қордай, Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Шу, Сарысу аудан­дарында және Тараз қаласында да биыл төмен болып отыр.

Ал облыстық қаржы басқармасының басшысы Роза Исаеваның айтуынша, облыс бойынша бюджеттік қаражаттан 30,2 млрд теңге сол қалпы игерілмеген. «Тараз қаласында 5 млрд 894,1 млн, Қордай ауданында 2 млрд 231,6 млн, Байзақ ауданында 1 млрд 944,3 млн, Жамбыл ауданында 1 млрд 452,2 млн және Шу ауданында 1 млрд 149,4 млн теңгеден астам қаражат игерілмеген. Ал қалған Т.Рысқұлов, Мер­кі, Сарысу, Жуалы, Талас және Мо­йын­құм аудандарында игерілмеген қара­жат 400 млн теңге мен 1 млрд теңге ара­лы­ғында қалыптасып отыр», дейді ол.

Сондай-ақ облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында 2 млрд 713,9 млн, ауыл шаруашылығында 2 млрд 354,4 млн, денсаулық сақтау саласында 2 млрд 264,3 млн, құрылыста 2 млрд 189,6 млн, білім саласында 2 млрд 136,4 млн, жұмыспен қамтуда 1 031,2 млн теңге әлі де болса игерілмей отыр екен. Сонымен қатар 6 бағдарлама әкімшілерінде 100 млн теңге мен 500 млн теңгенің аралығындағы көлемде қаражат игерілмеуде. Жыл аяғына дейін 30 млрд теңгеден астам қаражатты игеру қажет. Бұл орайда, Сарысу ауда­нының әкімі Бақытжан Жақсылықов орындалмау қаупі бар үш көрсеткіш бо­йын­ша резерв бар екенін және инвестиция көрсеткіштері орындалмайтынын айтты. Бірақ барлық ауданның әкімдері мен облыстық деңгейдегі басқарма басшылары көрсеткіштер орындалып, қаражат толықтай игерілетінін айтты.

 

Тұрғындарды толғандырған мәселелер қандай?

Бюджет қаражатын игеруден бөлек, аудандарда тұрғындарды толғандырған мәселелер де бар. Мәселен, Байзақ ауданының әкімі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, белгіленген көрсеткіштерді толық орындауға мүмкіндік бар. Ол бөлінген қаржыны игеру 99 пайыздан асатынын айтты. Бірақ ауданда электронды сауданың даму қарқыны мен қанатқақты жобаның жүзеге асуы нашар бағаға ие болған. Аталған ауданда жергілікті әлеуметтің әлеуетін көтеру мақсатында қолға алынған жобаға екі ауыл енгенімен, екеуінің де нәтижесі ойдағыдай болмаған. Сонымен қатар Жамбыл ауданында жеке тұрғын үй құрылысына қажетті жер телімдерін беру жұмыстары баяу жүріп жатыр. 300-ден аса телімге су, газ тартылғанымен, электр энергиясы желілері әлі жетпепті. Ал мұнда мыңдаған тұрғын жер телімдеріне қажетті нәрселердің жетуін күтіп жүр.

Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ерге­беков­тің сөзіне сенсек, ауданның көрсеткіштері көңіл көншітерлік деңгей­де. Өңірлік өнім көлемі 53 млрд теңгені құраған. Бірақ аудандағы азық-түлік бағасы күрделі болып тұр. Бұл ретте әкімдік халыққа аса қажетті әлеуметтік тауарлардың бағасын тұрақтандыра алмаған. Мұнда сүттің литрі 220 теңгеден болса, қант килосы 300 теңгенің үстінде саудаланып жүр екен. Бұл аудан түгілі, облыс орталығы үшін де қымбат баға. Сонымен қатар Талас ауданында суармалы жерлерді көбейту және әлеуметтік нысандарды газбен қамту мәселелері аса өзекті. Талас ауданы негізінен мал шаруашылығына және бақша салуға қолайлы болғандықтан, тұрғындар үшін де аталған мәселе маңызын жойған жоқ. Сондай-ақ мұнда да жұмыртқа, қарақұмық, қант секілді көпшілік жиі тұтынатын тауарлар құны шекті бағадан қымбат болып шықты. Әлеуметтік нысандарды газбен қамту, суармалы жерлерді көбейту, маңызды азық-түлік тауарларының бағасын бақылау мәселесі Т.Рысқұлов ауданында да бар. Аудан әкімі Ерболат Садырқұловтың айтуынша, бұл мәселелер алдағы уақытта шешімін табады. Меркі ауданында да мәселе аз болмай тұр. Ауданда ветеринарлық пункт­тер жетіспейді. Сонымен қатар аудан орталығындағы базар мен мал базарының мәселесі де көпшілікті талай жылдан бері толғандырып келеді.

Жалпы, қазына қаржысының игерілуі сияқ­ты мәселелер де халықтың әл-ауқа­тына, тұрмыс жағдайына әсер етпей қоймайды. Жыл аяқталып, көрсет­кіш­­тер сараланғанда осындай жайттар анықталды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев түрлі жиында барлық аудан әкімдеріне бюджет қаражатын тиім­ді игеру, көпшілікті толғандырған мәсе­ле­лерді дер кезінде шешу, ауданның әлеу­мет­тік-экономикалық даму қарқынын бә­сеңдетпеу жөнінде тапсырма беріп келе­ді. Бірақ оның орындалу барысы ой­д­­ағыдай емес.

 

Жамбыл облысы