Технология • 01 Қаңтар, 2021

Интернет иіріміндегі игілік

310 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тура түсініп тұрсыз. Карантиндік тәртіпте онлайн өмір сүрген қоғамда электронды сауда туралы айтқымыз келіп отыр. Себебі де қарапайым, бүгінде көпшілік америкалық бизнесмен Джефф Безосты білмесе де электронды бизнесті біледі.

Интернет иіріміндегі игілік

 

Білгені сол – үйінен қарға адым аттап шықпай-ақ үлкен жұмысты тындырып, шаш етектен пайдаға кенелген жан көп қазір. Бәлкім, мұны білектің күшінен білімнің күші мың есе артық екенін дәріптейтін афоризм төңірегінде сипаттап көрген оң болар.

Не десек те, дәл осы салада өріс ашқан топтың бәрі интернет игілігін ерте сезініп, икеміне дер кезінде бағыттай алған жандар деуге болады. Былайша айтқанда, заманын тазы болып шалған сергек ақыл, елпек қимыл иелері дерсіз.

Мысалы дейсіз бе, қазір интернетті ашып қалсаң, көзіңді жұмып бір тетікті басып қалсаң, olx, krisha.kz, kolesa.kz сынды тапсырысыңды табанасты тауып беретін, саудалайтын затыңды секундтар ішінде тұтынушыға көрсетіп үлгеретін виртуалды дүкендер жетерлік.

Тіпті өзіңдегі өз дегеніңді тауып бере алмаған сәттерде, өзіңнен өзгенікіндей арзан аксессуар таппаған тұсыңда AliExpress.kz сынды қолжетімді сайттарға талай қолқа салған шығарсыз. Қоңсылас елден араға шекті күн салып таңдаған тауарыңыз да поштамен жеткен болар үйіңізге шекараны шек көрмей. Ал сіз жұмсаған қаражат та қалқып ұшып, жо-жоқ көз ілеспес жылдамдықпен атақты Джек Маның қалтасына түсетінін тағы ойлаңызшы. Ал Alibaba Group-тай алып интернет сауда желісін құрған Джек Ма туралы айтудың өзі артық деп ойлаймыз.

Сонымен, сөз басында атын алқардай болған Джефф Безостың кім екенін шамалап-ақ сезген боларсыздар. Иә, ол – әлемдегі ең алғашқы интернет-дүкенді ашушы немесе бейнелі түрде айтқанда, орақпен жүрген шаруаның қолына комбайн тізгіндеткендей игілікті бастың иесі деп біліңіз.

Айталық, ол – 1994 жылдың өзінде ғаламторда кітаптар мен аудио, бейнетаспалар сатып, көл-көсір пайдаға кенелген адам. Міне, осыдан бастап сауданың аяқтан тозып сабылмайтын, еш көлікке бұт артпай істейтін жаңа түрі жарыққа шықты. Бұдан кейінгісі – сіз бен біз қызметіне жүгінген сауда. Яғни бүгінде аталған бизнес түрі аса жоғары сұранысқа ие.

Әрине бизнестің бұзылмас заңы бойынша, сұраныс пен ұсыныс – егіз ұғым. Демек, электронды саудаға сұраныстың артуы һәм артықшылығы тікелей ұсынысқа байланысты дамып отыр деген сөз. Өз кезегінде бұл жаңа бизнес түрінің (мұны да үлкен-үлкен топтар мен жеке тұлғалардың сәтті сауда-айырбас түрі деуге болады – М.К.) мысалы көп. Қысқа қайырсақ, әлемде космостық жылдамдықпен дамығандай әсер қалдыратын мұндай сауда түрінің тез қарыштауына себеп те көп.

Мәселен, оның әуелгі пайдасын айтар болсақ, интернет-дүкенмен сауда жасау арқылы әдеттегідей үйде отырып-ақ тапсырыс бере аласыз. Тек қана монитордың немесе ұялы телефоныңыздың тетігі тез басылса жеткілікті.

Тиісінше, уақытыңыз үнемделеді. Бұ­рынғыша бұрылыс кезе такси ұстап, базар барып әуре болмайсыз. Өйткені мұндай дү­кендерде сатып алынған тауарды үйге жеткізіп беру қызметі бар екенін ұмытпаңыз. Оған «жылдам» деген сөзді тағы үстеп алыңыз.

Ал келесі бір тиімділігін атасақ, бұл сау­­да түрінде сатушы-сатып алушы – екі жақ та ұтыла қоймайды. Тұтынушы үшін интернет-дүкендердегі тауарлар барлық жағдайда (ішінара сауда түрлерін ескермегенде) арзанырақ түседі. Оның басты себебін сіз тағы болжап отырсыз.

Өйткені әдетте сіз қолыңызға қораштау пакетіңізді алып иә керісінше әдемі қырлы қағаз қалташамен зат сатып алуға барғанда нешінші адамнан (делдалдан) саудалап алатыныңызды білмейсіз. «Тәк» деп тақ қана сөйлеп, бір аттап екі ойланып көрсеңіз ғой сол базар алдында.

Сонда сіз тауардың сізге дейін бірнеше адамның қолынан өтетінін, сол аралықта бағаның да бірнеше есе үстемеленетінін аңғарып-аңдаған болар едіңіз.

Ал электронды сауданың біз атаған тиім­ділігі сол – тауар көбіне тікелей өндірушінің өзінен алынатындықтан оған жеткізіп беру құны ғана қосылады. Оның өзінде бұл қызмет түрі арнайы курьерлік компаниялар есебінен жүргізілетіндіктен тауар құны мен жеткізу ақысы сізге ұсынған сервистік бір «пакеттің» ішінде қарастырылады.

Тағы бір өзгеше тиімді тұсын қарастырып көрейік. Жайшылықта базарға барсаңыз, зат сатушы сізге үйреншікті, дәстүрлі әдетімен өзгеше бір «жыр» айта бастайды. Ол қандай жыр десеңіз, өзі тұрған сауда орнының жалдау ақысы жайлы болмақ.

Енді қараңыз, «жабайы» бизнес тактикасы бойынша, «бағасын түсір» деп байыптап тұрған сізге психологиялық «атака» басталды дей беріңіз. Сатушы бұдан ары арзандатса, пайда таппақ түгілі әлгі орынды жалдау ақы­сын жаппай қалатынын айтып азарда-безер болады. Оған сенсеңіз, сатып алған дүниеңізге дүкен иесінің орын жалдау құны қосылып отырады. Ал сосын саудаласып көріңіз.

Міне, бұл дәстүрлі яки офлайн сауданың кемшілігі. Ал интернет арқылы жасалған саудада сіз алатын тауарға мұндай жоғары дәрежедегі қосымша құн төлеп әуре бол­май­сыз. Ол  жоғарыда айтқанымыздай, өн­дірушінің (қойманың) өзінен тікелей жеткізіледі. Бұл жерде де «көп жағдайда» деген сөзді қаперге ала кетіңіз, оқырман.

Бір қуанарлығы – мұндай артықшы­лықтарды онлайн бизнестен көптеп атауға болады. Әрине  ақ пен қараның, жақсы мен жаманның қатар өмір сүретіні секілді дейміз, оның да кемшілігі болуға кешірімді.

Оны да айталық сізге. Әдетте дәстүрлі саудада әр затты көзбен көріп, қолмен ұс­тап үйренген тұтынушының бұл үрдіске үрке қарайтыны да рас. Мәселен, бір киім қарадыңыз дейік. Онлайн көргеніңізде көзге жылы да шақ, ұнамды да ыңғайлы сезілген сол киіміңіз тапсырыспен қолыңызға жеткенде мүлдем ұнамай қалуы бек мүмкін. Оның себебі неде екенін сіз тағы жақсы білесіз. Ойлап көріңіз.

Бұл бір деңіз. Бұдан соң қоғамдағы алыпсатарға деген сенімсіздікті де ескерген жөн. Ол да виртуалды әлемге өз «құзыретін» жүргізетіні анық. Ашып айтқанда, тауардың сапасы мен сатушының адалдығын тексеруде қиындық туындайды. Бұлай болуы да заңдылық. Себебі интернет бизнес бізге кеш келгендіктен ондағы ішкі тетіктердің әлі де толық дами алмай отырғаны шындық.

Бұл – қазақстандық интернет бизнестегі климат ахуалының осыған дейін түбегейлі «жылымық» деңгейге өтпегенінің дәлелі.

Дегенмен, интернет бизнестің дамуына еліміздегі электронды қаражатпен сауда жасаудың көп септігі тиетінін айта кеткен абзал. Бұл үрдіс Қазақстанда 2005 жылы басталды. Нәтижесінде, қазір көптеген төлем төлеу операцияларын интернет-банкинг жүйесі немесе түрлі электронды «ақша қалташалары» арқылы жүргізуге болады.

Мысалы, кәдімгі коммуналдық қызмет­терге төлейтін төлемдерді екінші деңгейлі банктерге төлейтін болсаңыз, әр түбіртек үшін белгілі мөлшерде қаражат шығындайтыныңыз белгілі. Ал электронды қаражат туралы жаңалықты естіп, оның пайдасын ерте білген тұтынушы оны үйінен шықпай-ақ интернет арқылы төлей алады. Есесіне, мұндай онлайн төлемдер үшін бонус та алып жатады.

Қорыта айтқанда, мұндай электронды жүйеге негізделген, жаңа технологияға тез­детіп өтуге жол болатын қызмет түрінің көбеюі бізді мүмкіндігі мол виртуалды әлемге бас­тайды. Бұл өз кезегінде халық санасының ашықтығына негіз болып, шын мәніндегі цифр­лы Қазақстанның қалыптасуына оң септігін тигізбек.