Соның бірі – Индер ауданындағы көпбейінді ауыл шаруашылық колледжіндегі 100 орындық жатақхана. Төрт қабатты жаңа жатақханада екі орынға арналған 12, үш орындық 15, төрт адамға есептелген 4 жатын бөлме бар. Әр бөлме қажетті жиһаздармен жабдықталды.
Екіншісі – Атырау энергетика және құрылыс колледжінің студенттері үшін салынған 100 орындық жатақхана. Заманауи үлгімен бой көтерген жатақхананың төрт қабатта төрт теледидар мен 12 автоматты кір жуу машинкасы бар.
Үшінші жатақхана Жылыой ауданындағы С.Өтебаев атындағы мұнай және газ технологиялық колледжінде ашылды. Бұл жатақхана 60 орынға есептеліпті. Мұнда да жаңа жиһаздар, төсек орын, тоңазытқыш, теледидар, бейнекамера, студенттерге арналған кітапхана, асхана, демалыс залы, салауатты өмір салтын ұстану мақсатында спорттық алаң салынды.
Үш жатақханада да студенттермен бірге, колледждерде жұмыс істейтін оқытушылардың жас отбасылары тұра алады.
«Өңірдегі 24 техникалық және кәсіптік колледждерде 15 мыңнан астам студент білім алады. Басқа аймақтан келген студенттер мен оқытушылар үшін жатақхана мәселесі маңызды болып отыр. Осыған орай 2022 жылға дейін жатақханаға сұранысты толық шешуді көздеп отырмыз», дейді облыстық білім басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиев.