Президент • 05 Қаңтар, 2021

Ауыл және кент әкімдері сайланатын болады

486 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты «Egemen Qazaqstan» газетіне жарияланған мақаласында соңғы кезде қазақстандықтардың ел өміріне белсенді араласуға, шешім қабылдау үдерісіне қатысуға ынтасы артып келе жатқанын кеңінен айтып өтті, - деп хабарлайды Egemen.kz

Ауыл және кент әкімдері сайланатын болады

«Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамам және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – осы сұранысқа тікелей жауап. Оны Ордабасыдағы, Күлтөбедегі, Ұлытаудағы ұлы жиындардың заманауи үлгісі деуге болады. Біз қазақтың қанына сіңген қасиет – келелі істі ақылдасып бірге шешу дәстүрін жалғастыра береміз. Бұл бастамалар азаматтық қоғамды дамытуға негіз болады. Қазіргі шаралар аяқ астынан мәжбүрліктен қолға алынған жоқ. Ол – елімізді демократияландыруға, саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған саясаттың жемісі», - дейді Президент.

Осы тұрғыда Президент саяси реформа бір күннің немесе бір жылдың шаруасы емес екенін және ел іргесін шайқалтпай, береке-бірлігін бұзбай, байыппен және біртіндеп іске асыруымыз керектігін баса айтты.

«Бірақ, реформаны соза беруге де болмайды. Билік халықтың алдындағы өз жауапкершілігін сезінгені жөн. Сол себепті біз ауыл және кент әкімдерін сайлауға көшеміз. Осы арқылы ең төменгі деңгейден бастап жергілікті өзін өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Бұл қадам өзекті мәселелерді тұрғындар мен жергілікті биліктің бірлесіп шешуі үшін қажет. Содан кейін аудан әкімдерін сайлаймыз. Жаңа жүйе өзінің тиімділігін көрсетсе, бұдан да жоғары деңгейдегі әкімдерді сайлайтын боламыз. Бірақ, саяси жаңғыру барысында асығыстыққа бой алдыруға және жалаң ұранға еріп, мемлекеттік жүйені дағдарысқа ұшыратуға болмайды. Бір сәтте барлығын түбірімен өзгерту неге әкеп соқтыратынын кейбір елдердің бүгінгі ахуалынан көріп отырмыз», - дейді Мемлекет басшысы.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде, ең алдымен, адамның құқығын толығымен сақтауға негізделген заң мен тәртіп болуы керектігін, әйтпесе, анархия мен жүгенсіздік жақсылыққа апармайтынын алға тартады.