Экономика • 05 Қаңтар, 2021

Геологиядағы сергелдең

334 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Былтыр Қазақстанда жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеу жүргізуде бірыңғай операторды тағайындау мәселесі іскер ортада әжептәуір талқыланып, екіұдай пікір қалыптасқаны есімізде. Бизнес қауымдастық бұған үзілді-кесілді қарсы болғанымен ақыры мемлекеттік тапсырыстың басым бөлігі «Қазгеология» АҚ еншісіне тиді. Бұл аз болғандай, таяуда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Ресейдің «Росгеология» АҚ-мен геологиялық барлау саласында әріптестік туралы меморандумға қол қойды.

Геологиядағы сергелдең

 

Шығыны көп «Росгеологияның» пайдасы бар ма?

Тиісті ведомствоның ақпаратына сүйенсек, осы келісім екі елдің геоло­гиялық барлау саласын дамытуға жаңа сер­пін береді. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мыр­зағалиевтің айтуынша, «Росгеология» АҚ-ның дамыған өндірістік әрі жинақталған геологиялық ақпараттар базасы, жоғары кәсіби құзыреті бар.

«Геологиялық барлау секілді сала­дағы әріптестік туралы меморандум стра­­тегиялық тұрғыда өте маңызды. Бұл екі елдің аталған саладағы әлеуетін аша түсуге септігін тигізеді. Жаңа озық технологияларды енгізу арқылы геологиялық барлаудың тереңдігін ұлғайта түсу қажет деп есептеймін. Бұл бағытта Астана халық­аралық қаржы орталығымен әріп­тес­тік байланыс орнату елдеріміздің инвес­тициялық тартымдылығын арттырады», деді М.Мырзағалиев.

Меморандум аясында тараптар геология бағытында қаржыландырудың банктік емес балама әдістерін қолдану арқылы бірлесіп жұмыс істеуге, атап айтқанда қар­жыландырудың биржалық құралдары мен жасыл қаржыландыру тетіктеріне жүгі­нуге келісті.

«Бұл құжат геологиялық барлау саласында Ресей мен Қазақстан арасындағы тиімді ынтымақтастықты дамытуға жол ашады. Бірлесіп жұмыс істеу арқылы сала­ның инвестициялық тартымдылығын, тұтас­тай алғанда елдеріміздің экономика­сын көркейтуде айтарлықтай нәтижеге қол жеткіземіз деп сенемін», деді «Рос­гео­логия» АҚ басқарма төрағасы Сергей Горьков.

Осылайша, ресейлік компания және еліміздің құзырлы органы жер қойнауына барлауды реттеу мен дамытуда озық технологияларды енгізу бойынша тәжірибе алмасып, әріптестікті күшейтпек ниетте. Аталған ынтымақтастықтың нәтижесінде инвесторлардың геологиялық жобаларға қызығушылығы арта түседі деп жоспарланып отыр.

Бұл орайда «Росгеология» – гео­ло­гия­лық барлауға қатысты қыз­мет­тердің толық спектрін жүзеге асыратын ресейлік көпсалалы холдинг екенін айта кеткен орынды. Оның қызметі аймақ­тық зерт­теулерден бастап, деңгейлік бұр­­ғылау мен жер қойнауының жай-күйін бақы­лауға дейін қамтиды. Холдинг теңіз гео­логиясы бағытында және қай­раң­да жұмыс істеу мүмкіндігіне ие. Ком­па­нияға қарасты кәсіпорындар мың­­нан астам кен орнын ашты. Олардың қатарында көмірсутегі шикізаты мен қатты пай­далы қазбалардың ірі көздері бар, делінген ұйымның интернет ресурсында. «Росгеология» АҚ акцияларының 100% Ресей үкіметінің меншігінде. Демек, оның «Қазгеологиядан» еш айырмашылығы жоқ. Ресейлік квазимемлекеттік ұйымның былтырғы қаржылық есебіне сәйкес, 2018 жылы кіріс көлемі 521 млн рубльді құраса, 2019 жылы шығын мөлшері 4,5 млрд рубльге жеткен. Тұтастай 2019 жыл компания үшін табыссыз болды.

 

Холдингке қатысты сот ісі қозғалды

Newstracker ақпараттық порталының мәліметіне сенсек, жуырда Солтүстік-Кавказ федералдық өңірі бойынша жер қойнауын пайдалану департаменті «Росгеология» АҚ-ын сотқа берген. 

Нақты айтқанда, СКФӨ-нің (Кав­каз­недра) жер қойнауын пайдалану депар­таменті «Росгеологиядан» 2017 жылы жасалған мемлекеттік келісімшарт аясында 35 млн  рубльден астам өсімпұлды өндіріп алмақ. Келісімшартқа сәйкес, холдинг Орталық және Шығыс Кавказ аумағында кешенді геологиялық және геофизикалық жұмыстар жүргізді. Оның мақсаты Ставрополь өлкесі мен Солтүстік Кавказ республикаларының аумағында көмірсутекті шикізаттарының ықтимал көздерін табу. Бұл келісімшарттың құны 607 млн рубльден астам қаражатты құра­ған еді. Жоба 2017 жылдан бастап, 2019 жылға дейін жүргізілді. Былтыр ма­мырда «Росгеологияның» баспасөз қыз­меті компания мамандары Солтүстік Кавказда мұнай мен газдың жаңа кен орындарының перспективалы көздерін тапқанын хабарлаған болатын.

«Кәсіпорын мамандары Терск-Сунжен аймағында тау жыныстары қабаттарының үзілмелі жылжуын қалыптастырудың іргелі моделін жасады. «Дуплекстердің» даму аумағы Иранның Гечсаран кен орны орналасқан Загрос аймағына ұқсас келеді. Бұл ұқсастық Кавказдағы учаскенің болашағы туралы қорытынды жасауға мүмкіндік берді», делінген еді компания таратқан ақпаратта.

Алайда 2019 жылы тапсырыс беруші (СКФӨ жер қойнауын пайдалану депар­таменті) мердігерге келісімшарттағы мін­детті мерзімінен кешіктіргені үшін 6,7 млн рубль көлемінде айыппұл белгіледі. Қарашаның соңында ведомство сотқа жүгініп, «Росгеологиядан» айыппұлды өндіріп алуды талап етті.

«Талап арыз қабылданып, өндірістік іс бастау туралы қаулы шығарылды. Арбитражды соттың алдын ала отырысы 2021 жылдың 12 қаңтарында сағат 10-нан 30 минут кеткенде тағайындалсын», делінген Ставрополь өлкесінің арбитражды сотының хабарламасында.

 

«Қазгеология» әділ бәсекелестікті сақтамайды

Түйіндей келгенде, мұндай компа­ния­ның елімізде жарытып жұмыс істеуі екі­талай. Себебі өз мемлекетінде белгі­ленген мерзімнен кешігіп жатқан ұйым басқа елде жүктелген міндетті қалай атқармақ деген заңды сауал туындайды. Онсыз да отан­дық «Қазгеологияның» жұ­мы­сына сын тағып отыр­ған­дар аз емес. Айта­лық, «Атамекен» ұл­т­­тық кәсіпкерлер па­ла­­тасы жа­нындағы Гео­логия, тау-кен, көмір өндіру жә­не металлургия өнер­кәсібі коми­те­тінің геоло­гия саласы жөніндегі қосым­ша комитеттің отырысында «Қаз­гео­­логия» ҰГК» АҚ мен еліміздің жекеле­ген компаниялары ара­сында жер қойнауына мемлекеттік гео­логиялық зерттеу жұмыстарын орындауда тең жағдай­лардың сақталмайтындығы айтылды. Кәсіпкерлік субъектілерімен бірге Ұлттық геологиялық барлау компания­сы нарықтың басқа қатысушылары сынды сервистік компания болса да, құзыр­лы органның қолдауымен тікелей мемле­кеттік тапсырысты алу арқылы әділ бәсе­келестіктің талабын бұзып отыр. Осындай теңсіздіктің нәтижесінде жекеменшік геологиялық компаниялар қызмет көрсету нарығынан еріксіз кетуге мәжбүр. Осыған байланысты комитет төрағасы, Мәжіліс депутаты Галина Баймаханова Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, «Атамекен» ҰКП-мен бірге басқа да мүдделі тараптарды тартып, «Қазгеологияның» қызметін қайта қарауға, сол секілді жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеу жүргізуде ұлттық компанияға мем­лекеттік тапсырысты орындауға заңна­малық тұрғыда шектеу қоюды ұсын­ды. Бұған қоса сала мамандары жер қой­науына жүргізілетін геологиялық зерттеу жұмыстарын қосылған құн салығынан бо­сатуды сұрап отыр. Өйткені аталған жұмыстардың ғылыми болжамы басым болғандықтан оның нақты ресми нарықтық құны жоқ. Жоғарыдағы ұсыныстарға қаныққан Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікқали Брекешев заңды тұлғаларды аккредиттеу тетігі бойынша пікірін жеткізді.

«Аккредиттеу тетігінің болуы, яғ­ни содан өткен адам құзыретіне сәй­кес, белгіленген талаптар бойынша жүк­тел­ген міндеттердің орындалуына кепіл­дік береді. Бұл ретте аккредиттеу жүйесі тәуелсіз болуы тиіс, сонымен қоса аккре­диттелуші тұлға Геология комитеті мен ЖҚМГЗ орындайтын қызмет ұсынушы ара­сындағы қарым-қатынасқа ықпал етпеуі тиіс. Сондай-ақ ЖҚМГЗ орындай­тын заңды тұлғаны аккредиттеу үшін нақ­ты стандарттар мен талаптарды анықтау қажет», деді С.Брекешев.

 

Юниорлық компанияларға басымдық берілді

«Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ бұл бағытта ұлттық оператордың қызметіне жүгінгеннен гөрі юниорлық компанияның қызметін таңдауды құп көрді. Мәселен «Тау-Кен Самұрық» Discovery Ventures Kazakhstan-мен бірлесіп Жамбыл, Қара­ғанды және Шығыс Қазақстан облыста­ры­ның аумағында геологиялық барлауды бастағанын хабарлады. Осы жобаны іске асырудың болжамды мерзімі – 6 жыл. Алғашқы кезеңде геологиялық барлау­ды Discovery Ventures Kazakhstan қаржы­ландырады. Келісімшарттық учаскелердің жалпы ауданы шамамен 1500 шаршы шақырымды құрайды. Операторлық келісімде алтын, мыс, мырыш және ілеспе металдарды барлау қарастырылған.

«Қазір отандық минералдық-шикізат базасының айтарлықтай төмендеуі өзекті мәселеге айналып отыр. Таяу болашақта Қазақстанда жаңа кен орындары ашылмаса, тау-кен саласының құлдырауы мүмкін. Жоғары тәуекелге қарамастан геологиялық барлау жобаларын қолға алу туралы шешім қабылдадық. Бұл әлемдік үрдіс. Қазір ірі компаниялар осы жолмен дамуда», деді «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ басқарма төрағасы Қанат Құдайберген.

«Тау-Кен Самұрық» АҚ юниорларды қолдау бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Геологиялық барлауға бағдарланған юниорлық компанияларға холдинг бір терезе қағидаты бойынша жан-жақты жәрдем ұсынады. Осы арқылы тау-кен секторын дамытуды ынталандырып, минералдық-шикізат базасын молайту жөніндегі бастамаларды қолдау көзделіп отыр.