Туризм • 05 Қаңтар, 2021

Экотуризм қоршаған ортаны қорғау құралы бола ала ма?

958 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Экологиялық туризм биоалуантүрлілік пен экожүйені сақтаудың тиімді құралдарының бірі ғана емес, сондай-ақ жергілікті халықтың тұрмысын түзеуге ықпал ететін құрал. Осыған орай, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы (БҰҰ ДБ) екі ауқымды істі – Биоалуантүрлілікті қаржыландырудың жаһандық бастамасы (БИОҚЖБ) мен Орман экожүйелерін сақтау жобаларын жүргізіп отыр. Аталған жоба жөнінде БҰҰ ДБ биоалуантүрлілікті сақтау жобаларының менеджері Талғат КЕРТЕШЕВПЕН әңгімелестік.

Экотуризм қоршаған ортаны қорғау құралы бола ала ма?

– Талғат Сейітұлы, Қазақ­станда тиім­ді қолдануға болатын халық­ара­­лық экотуризм­нің қандай үлгісі зер­­деленді?

– Біздің сарапшылар экоту­ризмді дамыту мен сертификаттау жүйесін енгізуде Аустралия, Бо­тсвана, Қытай, Сейшел аралдары, Еуропа мен Скандинавия сияқ­ты бірқатар елдердің тәжі­рибесін зерттеді. Барлық елдердің экотуризмді дамытудағы жүріп ке­ле жатқан жолдары ұқсас. Са­рап­шыларымыз ең тиімді жол­дарды талдап, бірқатар ұсы­ныс жасады. Олардың ішінде заң­намадағы негізгі нормаларды анық­тау, экотуризмді дамытудың стратегиялық құжаттарын әзірлеу, экотуризмді ілгерілетуде меке­меаралық қарым-қатынастарды жолға қою, мемлекеттік ұлттық парктер аума­ғында бақыланбайтын жаппай туризмді ретт­еу мен тағы басқасы бар.

Сертификаттау жүйесін ен­гізу­дің әртүрлі мысалдары бар. Мәселен, Ботсвана мен Жаңа Оң­түс­тік Уэльсте (Аустралия) бір­ыңғай ұлттық сертификаттау жүйелері, ал Еуропа мен Сканди­навия елдерінде – тәуелсіз ҮЕҰ-ға негізделген халықаралық жүйелер қолданылады. Егжей-тегжейлі зерттеу үшін Travel Life, Green Key, Green Globe, Earth Check, Nordic Eco Label сияқты жүйелердің халықаралық мойындалған мысалдары пайдаланылды. Бұл жүйелер туризмді ұйымдастыруда бизнес­ке қойылатын қатаң өлшемдерге негізделеді және келесідей міндетті бөлімдерді қамтиды: тұрақты басқару, қоршаған ортаны қорғау, қызметкерлерді оқыту, қонақтарды хабардар ету, жергілікті халықты тарту. Осы арада Parks Eco Pass лицензиялау жүйесін ұйымдастырған Аустралияның өте қызықты және тиімді мысалын атап өткім келеді. Жаңа Оңтүстік Уэльстің ұлттық парктері Аустралияның ең көп туристер баратын штаты. Мәселен, 2019 жылы оған 4,4 млн адам келіп, 11,5 млрд аустралиялық доллар жұмсаған. Өз кезегінде іскерлер Parks Eco Pass-та бизнесті жүргізу үшін міндетті түрде Үкіметттен рұқсат алу керек.

– БҰҰ ДБ-ның сарапшылары қан­дай заңнамалық бастамалар ұсынады?

– Қазақстан жағдайында экологиялық туризмнің қоршаған ортаны қорғаудың маңызды құ­ра­лына айналуына бар­лық ал­ғышарттары бар. Дегенмен, эко­ло­гиялық туризм аңшылық туризм немесе автотуризм сияқты ту­ризмнің қарапайым түрі емес екенін есте ұстаған жөн. Егер туризмді тамақтанумен шартты түрде салыстыратын болсақ, онда экологиялық туризм жеке «тағам» немесе жеке «ас үй» болмайды. Мысалы, «дұрыс тамақтану» сияқты тұтас бағытты білдіреді. Дәл осы жерде жоба сарапшылары бірқатар қиындыққа тап болды.

Қазақстандық заң шығару тәжірибе­сінде қалыптасқан клас­сикалық тәсілдер кез келген құ­қықтық қатынастарды нақ­ты сәй­кестендіруді және осындай құқық­тық қатынастарды реттеудің нақты тетігін айқындауды талап етеді. Мысалы, жол қозғалысы ережелерінде жаяу жүргіншінің кім екендігі, көлік құралы деген не және жолда бір-бірімен қалай қарым-қатынас жасау керектігі туралы нақты анықтама бар.

Аталған экологиялық туризмді дамы­тудың халықаралық тәжіри­бесінің және заң шығарудың қазақ­стандық ерек­шеліктерін ескере отырып, жоба сарапшылары жаңа Экологиялық кодекс­тің жобасына түзетулер ұсынды. Жаңа Эко­логиялық кодексті ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда (ЕҚТА) туристік қызметті жүзеге асырудың экологиялық негіздерін айқындайтын нормамен толықтыру ұсынылды. Осылайша, туроператорлар мен турагенттердің ЕҚТА бойынша турларды (мысалы, Бурабай, Іле Алатауы, Катонқарағай және т.б. мемлекеттік ұлттық табиғи парктеріне турлар) ұйымдастыру кезіндегі басты қағидаттары анықталды.

– Бір қарағанда, туризмнің қандай түрі болса да, адамға да, айналаға да, ауаға да кесіріңді тигіз­бегенде ғана табыс­ты болатынын бәрі де біледі. Бірақ жеме-жемге келгенде келеңсіз оқи­ғалар жиі орын алады...

– Сондықтан да белгілі бір аумаққа бір мезгілде келетін ту­ристердің жоспар­лан­ған саны­ның осындай аумаққа қатысты жол берілетін рекреациялық жүк­темелерге сәйкес келуі қадаға­ланады. Қоршаған ортаға зиян келтіруге жол бермеу, зияны барынша аз көлік құрал­дарын таңдау, қатты тұрмыстық қал­дықтарды барынша азайту және оны жинау үшін белгіленген орындарда орналастыруды не ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан өз бетінше әкетуді қамтамасыз ету белгіленген. Алдымен туристерге баратын орындары мен мінез-құлық қағидалары туралы нұсқама беріледі. Әрбір қағидаттың артында мәселелер мен міндеттердің үлкен қабаты жатыр, оларды шешу үшін туризм және экология саласындағы уәкілетті органдар, әкімдіктер тиісті егжей-тегжейлі іс-шаралар мәзірін әзірлеп, бұй­рықтары мен нұсқаулықтарына өзгерістер енгізуге тиіс. Әрбір турист бала кезінен бұл қағидаттар бұлжымас тәртіп екенін түйсінуі керек. Сондықтан бұл ережелер мектеп бағдарламасында көрініс табуы керек.

– Экологиялық туризмді да­мы­­ту­дың тағы қандай жанама түйткілдері бар?

– Сарапшылар ЭГТРМ Ор­ман шаруа­шылығы және жа­нуар­лар дүниесі коми­тетінің қа­рауына Мемлекеттік ұлттық табиғи парктерде туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру қағидаларын жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеп, енгізді. Бұдан басқа, туристердің ұлт­тық парктердегі барлық объек­тілерге кедергісіз кіруін қам­тамасыз ету (сервитуттарды бел­гілеу), экологиялық туризм сала­сындағы ұлттық стандарттарды міндетті түрде сақтау, туристік мар­шруттар мен соқпақтарда рекреациялық сыйымдылықтарды анықтап, онымен жүретін адам санын реттеу, туристік маршруттарды көрсеткіш белгілермен, бақылау алаңдары мен аялдаған кезде дем алатын орындармен жабдықтау, жер учаскелерін туристік мақсатта ұзақ мерзімді пайдалануға беруді 10 жылға дейін шектеу ұсынылды. Дегенмен, біз ұлттық парктердің аумақтарын әртүрлі тұрақты ин­фра­құрылымдарды салу арқылы жаппай туризм алаңына айналдыру саясатына жол бермеуіміз керек. Себебі ұлттық парктердің басты мақсаты құнды биологиялық түрлер мен бағалы табиғат кешендерін сақтап, оларды ата-бабамыздан қалған күйінде болашақ ұрпақтарға жеткізу болып табылады. Табиғатта жаппай туризм мен рекреациялық демалуды дамыту үшін Ерекше қорғалатын табиғи аумақтары жер санатынан тысқары жатқан Рекреациялық маңызды және демалу жер санатында жоспарланып, осы жерлерде туризм мемлекеттік бағдарлама шеңберінде іске асырылуы тиіс. Сондай-ақ сарапшылар «Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» сала­лық заңға осындай түзетулер енгізуді ұсынды. Парламент Мә­жілісі депутаттарының туризм саласындағы мемлекеттік сая­сатты «экологиялық рельстерге» бағдарлау жөніндегі ұсы­ныс­тарды қолдауы биыл атақты Көбейтұздағы «қызғылт көлде» орын алған осындай жағымсыз фактілердің алдын алуға мүмкіндік береді.

– Экотуризм саласындағы сер­ти­фи­каттау жүйесін қалай дамыту қа­жет?

– Құқықтық негіз құру эко­туризмнің дұрыс дамуының ма­ңызды аспектісі, бірақ оны ұйым­дастыруда іске асыру және мониторингілеу процесін ескерген жөн. Сондықтан БИОҚЖБ жобасы шеңберінде экотуризм саласында сертификаттау жүйесін енгізуде халықаралық тәжірибе егжей-тегжейлі зерделенді және нақты өлшемшарттары бар басшылық әзірленді. Бүгінгі таңда Тұрақты туризмнің жаһандық кеңесі (GSTC) әлемдегі жетекші сертификаттау институттарының бірі, ол дестинациялар, қонақүйлер, туроператорлар және туризмнің басқа субъектілері үшін бірқатар өлшем әзірлейді. GSTC сертификаттау жүйелерін сапа белгісі деп айтуға болады: барлық негізгі және жетекші жергілікті және ха­лықаралық сертификаттау жүйе­лерін GSTC мақұл­дайды және бұл халықаралық немесе жергілікті сертификаттау жүйесінің белгілі бір стандартқа сәйкестігін қам­тамасыз етеді.

– Көбінесе сертификаттау жүйе­ле­рін ресми ұлттық турис­тік ұйым бас­қа­рады ғой?

– Егер олай болмаса, онда ҮЕҰ, мысалы, Қонақүйлер қауым­дастығы осындай таңбалау жүйе­сінің иесі бола алады. Серти­фи­каттау жүйелерінің кейбірі ға­на жекеменшікте. Қай жолдың ең жақсы екенін бағалау қиын, өйт­кені оны қонақүйлердің сапасын бағалаудың рейтингтік жүйесі сияқты сертификаттау жүйелерін әзірлеудің ұлттық дәстүрі аясында қарастырған жөн. Мүдделі тараптардың сеніміне ие болу үшін олардың барлық қатысушылары даму кезеңі мен жүйені енгізу кезінде жұмысқа тартылуы өте маңызды – мүдделі тараптар жүйеге жауапкершілікті сезінуі керек. Туристік бизнес барлық өлшемдерге сәйкес келетініне көз жеткізу үшін компаниялардың мәлімдемелері тексерілуі керек. Демек бақылау меха­низмі іске асырылуы керек. Мұны үш түрлі жолмен жасауға болады. Бірінші нұсқа: туристік бизнес ұлттық үкіметтің ұсынымдарына негізделуі мүмкін өз жүйесін әзірлейді. Бизнес толық бақылауға ие және жүйенің дұрыстығын ешкім тексермейді. Екінші нұсқа: сертификаттау жүйесін жасаушылар бизнестің өлшемдерге сәйкестігін тексереді. Мұны компанияларға сұрақ­тар тізімін жіберу арқылы, содан кейін телефон арқылы сұхбаттасу арқылы жасауға болады және көшпелі инспекцияны қосуға болады (екінші деңгейлі сертификаттау деп аталады). Үшінші нұсқа: компания немесе сертификаттау жүйесін жасаушымен немесе кәсіпорынмен байланысы жоқ адам көшпелі тексеру жүргізген кезде тәуелсіз тексеру жүргізіледі (үшінші дең­гейлі сертификаттау деп аталады). Барлық жетекші халықаралық жүйелер үшінші деңгейлі сертификаттауды қолданады. Өйткені бұл экотуризмдегі сертификаттау жүйелерінің ең жақсы және тұрақты мысалдарының бірі. Айта кету керек, халықаралық тәжірибеге сәйкес сертификаттау жүйелері көбінесе ерікті болып табылады, алайда елдердің Үкіметтері тарапынан оны бизнестің қолдануы үшін белгілі бір ынталандырулар қолданылады.

БИОҚЖБ жобасы аясында 2021 жылы экотуризм саласындағы сертификаттау жүйесімен жұмыс жалғасады. Ал «Қазақтуризм ҰК» АҚ туристік компаниялар, қонақ үйлер, соқпақтар үшін сертификаттау жүйесін әзірлейді

 

Әңгімелескен

Айнаш ЕСАЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

 

АЛМАТЫ