Руханият • 05 Қаңтар, 2021

Қазынаны қастерлеген

339 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Аузымен құс тістеген жүйрік баптап, желмен жарысқан тазы жүгіртудің қызығын дала ұлдары жақсы біледі. Білетіндер бір кезде көзден бұлбұл ұшқан атам қазақтың салт-дәстүрін қайта жаңғыртып, иен даланың көркін келтіріп өрістеуде.

Қазынаны қастерлеген

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Ең алғаш Екібастұз қаласында өткен шахтерлер тойында қара аты қара үзіп келген. Аламан бәйге еді. Тұп-тура жиырма ша­қы­рым. Ол тұста мұндай қа­шық­тыққа ат жүгірту сирек. Үмітін ақтап, еңбегі жанып, жарысқа қосқан жүйрігі бірінші келгенде бәйгеге тігілген көлікті алғанына емес, қазақы тұлпардың жер танабын қуырған жүйріктігі үшін ала­қайлап, ақ түйенің қарны жа­рыл­ғандай басындағы бөркін аспанға атқан. Аламан бәйге сұрапыл жарыс қой, аттың аты ғана шыдайды.

– Бүгінде ағылшын жыл­қысының бағы жанып тұрға­ны рас, – дейді саятшы Кәкен Елешев, – әп еткен бетте жақ­тан суы­рылған жалғыз жебедей зы­мы­рай­тыны рас. Бірақ алыс қашықтыққа белі мықты қа­за­қы жылқыдан артық шаба­тын қылқұйрықтының болуы мүмкін емес. Тек Кеңес өкіме­ті­нің кезінде жылқыға мән беріл­мей, тұқымын аздырып алға­ны­мыз өкінішті. Қазір жер-жерде қазақтың қазанатына жап-жақсы көңіл аударылып жатыр. Атамыз қазақ «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» деген емес пе?! Тұқымын жақсартып, бабын келтірсек, бәйгенің бәрін Алаш жылқысы алатынына сөз жоқ.

Павлодар қаласында 2007 жылы ұлттық спорт ойындары шеңберінде ат жарыстан рес­публика чемпионаты өткі­зіл­ген. Осы чемпионатта Кәкен Дүйсенұлының «Доллар» деп аталатын жорғасы қара үзіп келді. Тіпті жарысқа қатысқан, үстінен су төгілмейтін сан жорға «Доллармен» құйрық тістесуге де жарамаған. Төрт аяғын тең басқан жорға өзге жүйріктерді арқан бойы жақындатпаған. Әсірелеп айтқанда, қозыкөш жер­ге тастап кетіпті.

– Екеуін де жылқының тілін жақсы білетін Сәбит ағай жаратып еді. Мына Қойтас деген жерде шаруашылығым бар. Атбегі сол жерде екі жүйрікті әбден бабына келтірген, – дейді Кәкен Дүйсенұлы, – ел есінде еміс-еміс қалған бұрынғының жоралғысы кей-кейде таңғалдыратыны бар. Бәйгеге қатысатын дәмелі жүйріктерді көбең семіртіп барып қайырады екен. Басты шарт – бәйге атының жілігіне май бітуі. Бұрынғылар жүйріктің жанына жай жылқыны ертіп, қоса бағатын болған. Әбден күйі жетті-ау деген кезде жай атты сойып, жілігін жарып, майдың біткен-бітпегенін көрген. Жемі, суы бірдей болған соң екі аттың қоңдануы да қарайлас болады ғой. Жілігінде май болмаса күш қайдан болсын.

Кейіпкеріміз жүйрікті баптаумен бірге бұл күнде тұқымы азайып қалған қазақтың төбеті мен тазысын да бағады. Көңіліне жағатыны шашақ құлақ тазы. Асылында, тазының шыққан жері Батыс Азияның үстірт даласы деген ұғым бар. Қазақ жеріне тазы тұқымы сонау Сақ заманында келген болуы мүмкін. Бұл ойымызға дәлел ретінде түр-тұлғасы, дене бітімі тазыға әбден ұқсайтын иттердің жартасқа салынған бейнелері. Бағзы заманда жүйрік итті, әсіресе тазыны жеті қазынаның біріне санаған қазақ халқы оларды жарғақ құлақты және шашақ құлақты деп екіге бөлген.

– Кешегі Кеңес заманы орны­ғардың алдында ақ қашып, қызыл қуған аласапыранда қазақ топырағын жайлаған Алаштың арда ұлдары ата-бабасының кіндік қаны тамған қасиетті то­пы­рақты тастап, төрткүл дү­ние­ге тарыдай шашылып кетті. Сондағы ең басты себеп, Ата қазақ келімсекке намысын тап­тат­­қысы, сүйегін сындырғысы кел­меді. Екіншіден, ұрпақ тағ­дырын, оның болашағын, қа­ны­ның тазалығын ойлаған болуы керек. Қаншама жұрт шекара асып, жат елге, тілін, ділін, дәстүрін, заңын білмейтін бөгде аймаққа, бөтен жұртқа амалсыз қоныс аударды. Сол көшкен ел сүйегі кімдер еді? Жеті атасынан бері сабасынан асып төгілген байлық, тепкілесе кетпес құт-береке, ықылым заманнан бері тіні үзілмей келе жатқан тектілік біткен Алаштың ақырып теңдік сұрайтын айбарлы, айдарлы ұлдары мен қыздары емес пе еді. Сол тектілігінің арқасында алыс Ауғанстанда, тарпаң Тибеттің зәулім шыңдарында, жан аяғы баспаған, қара қарғаның миы қайнайтын аптап ыстық шөл мен шөлейтте өлмей тірі қалды. Тіпті олар кейін зауыт, фабрика, түрлі кәсіпорындар ашып, сол елдердегі бақуатты адамдарға айналды. Оның бәрі тұла бойға біткен тұмса тектіліктің арқасы, қанның тазалығының әсері еді, – дейді Кәкен Дүйсенұлы, – көшкен елмен бірге сан ғасыр бойы даланың айбары болған тегі таза, тұқымы мықты бөрібасар, тазы мен төбет бірге кетті. Қазір алыс, жақын шетелдерде сол қазақ даласынан кеткен, арғы заманда арыстанмен алысқан, жолбарыспен жұлқысқан, қасқырды шопақ құрлы көрмеген, кеудесі керіскедей, бұқа мойын қазақы төбеттерден қалған тұқым уа­қыт өте келе жаңа сипатпен да­­мып келеді. Қазақ елі тәуел­сіз­дігін алып, өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылып жат­қан бүгінгі ақ түйенің қарны жа­рыл­ған айпара заманда ұлттық брендіміз, көркіне көзің тоймайтын, күш-қуатына әз жаның сүйсінер қазақтың төбет итінің тұқымын көбейтсек, жарасымды емес пе?!

Жеті қазына жайлы жарасымды әңгіме айтқан Кәкен Дүйсенұлының текті төбет жайлы айтары да аз емес. Ең бірінші айырмашылығы дене бітімінде екен. Бізге дейінгі ата-бабамыз әр сөздің бояуын, дәмін айыра білген ғой. Атауының өзінен көрініп тұрған жоқ па? Бөрібасар, демек, бөріні алатын, соған шамасы қаптал жететін қайратты деген ұғымды білдірсе керек қой. Бөрібасардың басы ересен үлкен, мойыны жуан, бас пен мойын зор кеудеге қоладан құйғандай тұтасып кеткен тәрізді болады. Езуі жарты қарыс. Азу тістері салалы, әрі өткір, мықты келеді. Кеудесі жуан, аяқтары сіңірлі, ұзын. Шынтақ кеудеден сәл алшақтау. Белі садақтың жағындай серіппелі. Күдістеу біткен мойын омыртқа жонданып барып күшті серпінді белге жымдаса жалғасады. Дауысы көмейінен, жұтқыншақтың түбінен бәлкім зор кеуденің өзінен шыққан тәрізді қою гүріл араласып салмақты леппен шығады.

– Егер осы іспен ондаған жыл айналысып жүрсем әрине, ермек деуге келмес. Зайыры, ермек – еріккеннің ісі. Өзіңіз ойлап көріңіз қазір менде қырыққа жуық асыл тұқымды ит бар. Ермек еткен адам қызығы мен азабы бірдей осынша итті генетика заңын сақтай отырып, өсіре алар ма еді. Ол үшін айрықша төзім, ерекше ынта керек. Әр иттің мінез-құлқын қадағалау, денсаулығын көзден таса етпеу, дағдыландыру, тәрбиелеу кез келген адамның қолынан келе бермейтін азабы мол шаруа. Қысқа жіп күрмеуге келмей тұрған мына заманда ит түгіл адамды асырау оңайға түспей тұрған шақта еріккен адам елу ит баға алар ма еді,– дейді «Тазы, төбет, бөрібасар» республикалық федерациясының басшысы Оралбек Қайсанов, – ит асыраумен жиырма жылдан астам уақыт бойы айналысып келемін. Асыл тұқымды итті бір шеті Ауғанстан мен бір шеті Түрікменстаннан жинадым. Отбасым ит асырағаныма қарсы емес. Әр адамның алдына қойған бір мақсаты болады ғой. Менің мақсатым осы. Кейбір түсінбейтін адамдар басқаша да ойлауы мүмкін. Ал көршілерім алғашқыда үрке қарап, ептеп күңкілдегендері де рас, кейін көндігіп кетті. Олай болатыны менің төбеттерім көршінің қаз-үйрегін ұрлайтын бұралқы ит емес. Кісі қаппайды. Ешкімге зия­ны жоқ. Сосын да көрші-қолаң төбеттердің тұлғасын көріп тектілігін танып тәнті болып, өздері де қызықтап жүреді. Қазіргі таңда асыл тұқымды иттерді сату өзінше бизнес екендігі де рас. Әрі тұқымы тұздай құрып бара жатқан төбеттердің қымбат бағаланатындығы әртүрлі жарыстарда жүлде алған белгілі, атақты төбеттердің құны аса беретіндігі ешкімге жасырын сыр емес. Тұқым жаңалау үшін өзіміз де сатып алып жүрміз. Текті төбеттер бес мың доллардан жоғары бағаланады. Бірақ мен төбеттерді сату үшін емес, олардың тұқымын жаңалап, көбейту үшін бағамын.

Ит жеті қазынаның бірі деп Алаштың сұңғыла қарттары тегін айтпаған. Төбет барлықтың, байлықтың, тектіліктің белгісі. Қазақ даласын жыртқыштан, жаудан қорғап қалған төбеттің жиырма бірінші ғасырда да өмір сүруге толық қақысы бар. Таза тұқымды тазының тұқымы тұздай құрыған шығар деп ойлаушы едік. Алдынан кезіккен аңды құтқармайтын, ит атаулының ішіндегі ақылдысы, бағзы заманда үйге кіру құқығына ие болған дегдар тазының әне бір кезеңде ешкімге керек болмай қалғаны да рас. Тазы туралы ауызекі әңгімелерде көп айтылады. Ақсүйек жұтта тігерге тұяқ қалмай, бар малынан айырылып, ашаршылық жайлаған жылдары осы Ереймен өңірінде бір ауылды бір тазы асырапты дейтін аңыздар да бар. Ауыз әдебиетінде де құс төресі, ат тұлпары тәрізді, ерен жүйрік тазылар туралы тәмсіл жиі кездеседі.

Әдетте, қазақ тазысы ­Ар­қа, Шығыс, Арал, Кас­пий,­ Оң­түс­тік тазылары болып бө­лі­не­ді. Негізінде онда ор­тақ ерек­ше­лік­теріне, сырт­қы тұр­па­тына қарайды. Бұрын­ғы­лар­дың бағам­да­уына қарағанда, қан­сонарда 3-4 қоян ілген тазы оншалықты мадаққа ие болмаса керек, 4-5 қоян ілген та­зы­ның жүйріктігі орташа деп ба­ға­ланады. Ал күні бойғы құ­йын перен шабыстан белі талмай, өкпесі өшпей, 6-7 қоян қаққан тазы жүй­рік болып есептелсе керек.

Ерейменнің етегінде елінің кешегісін, бағалысын қайта жаңғыртып отырған Кәкен Дүй­сен­ұлы бүгінде зейнет демалысында. Отыз бес жасынан бас­тап аңсары ауған осы бір іспен айналысып келеді екен. Қазір бұл өңірде ел ағасынан өнеге алып, жетінші қазынаның жа­йын білгісі келіп жүргендер жыртылып айырылады. Осындай үрдіспен сайын даланың салтанаты аса берсе, жарасымды емес пе?!

 

Ақмола облысы,

Ерейментау ауданы