Кандидаттар Олжас Сыздықов пен Ислам Сұңқар сапалы білім мен оның қолжетімділігі, өңірлік университеттер құру, оқулықтарды цифрландыру, мектеп оқушыларын тәрбиелейтін отбасылар үшін жеңілдетілген интернет қосу сынды өзекті тақырыптарды қозға-
ды.
– Мемлекет сапалы және қолжетімді білімге инвестиция салу ең алдымен еліміздің адам капиталына қаржы құю екенін түсінуі керек. Біздің партия білім беру саласындағы мәселелерді шешу бойынша нақты жоспар әзірледі. Ол бүгінгі таңда кез келген заманауи мемлекеттің ең басты міндеттерінің бірі болып саналады, – дейді О.Сыздықов.
Қазақстан Халық партиясының мүшелері Қазақстандағы білім алу еліміздің барлық азаматтарына қолжетімді болуы тиіс деп есептейді.
– Біз кәсіптік-техникалық оқуға жаңа серпін беру, олардың жанындағы кешкі мектептерді қайта құру, бюджеттің мүмкіндігінше стипендия төлеуді қарастыруы қажет деп санаймыз. Мемлекеттік ұйымдар мен кәсіпорындар студенттерге базалық жалақы төлей отырып, оларды бос орындарға және уақытша тәжірибе жинақтауға қабылдауға міндетті, – дейді И.Сұңқар.
Қазақстан Халық партиясының мүшелері халықтың көші-қоны мен өңірлердің дамуына байланысты мемлекет өңірлік университеттер құруы тиіс екенін атап өтті. Қалаларда ауыл балалары үшін заманауи инфрақұрылымы бар мектеп-интернаттарды қайта құру қажет.
Сондай-ақ Шымкентте Қазақстан Халық партиясының белсенділері мен мүшелері ҚХП-ның үгіт-насихат материалдарын таратуға негізделген акция өткізді. Саяси қозғалыстың жақтаушылары азаматтарға партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі тармақтарын түсіндірді.
– Біздің партия халықтың табыс көлемін де, ең төменгі күнкөріс деңгейін де арттыру қажет деп есептейді. Мемлекет зейнетақы мөлшерін ұлғайтып, азаматтардың зейнет жасын 60 жасқа дейін төмендетуі тиіс, – дейді Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидат Нұрлан Қадырқұлов.
Кандидат пандемия басталғанға дейін үнемі салық төлеп, жұмыс орындарын құрған азаматтар санаты үшін бір реттік несие рақымшылығын жүргізуді ұсынды.
– Бұл пандемия мен шектеу шаралары салдарынан қиын жағдайға тап болған шағын және орта бизнес иелеріне қатысты. Яғни, азық-түлік дүкендерінің, кафелердің, шаштараздардың иелері мен қызметкерлері қамтылуы қажет. Айта кету керек, банктер карантиннен шығынсыз өтті. Көпшілігі өз капиталын арттырды. Шағын және орта бизнес пен қарапайым азаматтарға ғана салмақ түсті. Енді олар бұрынғы несиелерін өтеу үшін тағы несие алуға мәжбүр, – дейді Н.Қадырқұлов.
Қазақстан Халық партиясы мемлекет өз азаматтарына банктер есебінен несие рақымшылығын жүргізуді қамтамасыз етуі тиіс деп санайды.