Жыл бойы 8 жылжымалы медициналық кешен сатып алынып, алыс аудандар тұрғындарының денсаулықтарын қадағалау мүмкіндігі артты. Қазір облыстық ауруханада цифрлы ангиографты орналастыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл қан тамырларын контрасты зерттеу тәсілдерін бір арнаға шоғырландыратын, өзінің құрамына рентген, компьютерлік томография, магнитті-резонансты томография сияқты зерттеулердің бәрінің басын құрап, бір қорытынды шығаратын құрал. Жаңа аппарат диагнозды барынша дұрыс қоя алатындығымен белгілі. Осы қымбат құрал облыстық ауруханаға орнатылып, өңір тұрғындарына қызмет көрсете бастайды. Сонымен бірге жаңадан тағы бір МРТ (магнитті-резонансты томография) сатып алынбақ. Оған да тиісті қаражат бөлінген, алдағы ақпан айында облысқа жеткізіледі.
Әрине медицина саласындағы барлық жағдай өте жақсы деп айта алмаймыз. Мәселен, 250 адамды бірден қабылдай алады делінген жаңа емхананың құрылысы белгіленген мерзімінде аяқталмады. Оның құрылысының кестеге сай жүргізілуіне бірінші кезекте індет кесірін тигізді. Көрші елдерден жеткізілуге тиісті құрылыс материалдары карантиннің әлегінен уақытынан кешіктірілді. Енді оның құрылысын аяқтау биылға қалып отыр. Түрік компаниясы салып жатқан 480 орынға арналған көп бейінді аурухананың құрылысы да осы себепті сызбадан қалып келеді.
Сондай-ақ өңірде дәрігерлердің еңбекақысы 31 пайызға көтерілді. Ал орта деңгейдегі медициналық персоналдардың жалақысы 20 пайызға артты. Пандемия індетіне қарсы күрескен медицина қызметкерлерінің бәріне Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен категорияларға сәйкес қосымша ақы толық төленді. Биыл дәрігерлердің еңбекақысы атқарған қызметіне сәйкес тағы да арта түспек.
Медицинаның жас кадрларын дайындауға да назар бөлініп отыр. 2021 жылы қаладағы медициналық колледждің оқушыларына арналған 344 орынды заманауи жатахана тұрғызу жоспарланып отыр. Бұл жатақхананың шығыны осы жылдың бюджетінде қарастырылған. Жатақхана ауыл жастарының оқуға деген мүмкіндігін арттырары сөзсіз.
Солтүстік Қазақстан облысы