Туризм • 05 Қаңтар, 2021

Алматы тауларында бақылау-құтқару бекеттері ашылады

200 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мегаполис әкімі Б. Сағынтаев Instagram-дағы өзінің парақшасында Алматы тауларында туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылау-құтқару пункттерінің ашылатынын және тау соқпақтарын абаттандыру жұмыстарының жалғасатынын хабарлады.

Алматы тауларында бақылау-құтқару бекеттері ашылады

«Өзінің таңғажайып табиғатымен мәшһүр Іле Алатауының таулары алматылықтар мен қала қонақтары үшін көрікті әрі тартымды мекеннің бірі. Бұл ретте тауда қауіпсіздік шараларын сақтаған жөн. Біз өз кезегімізде осындай жорықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмыстарды қолға алдық», - деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Оның айтуынша, Алматының тау кластерін дамыту аясында мың шақырымнан астам тау бағыттары цифрландырылды, оның ішінде жалпы ұзындығы 500 шақырым болатын 36 бағыт абаттандырылды.

«Қазірдің өзінде мың шақырымнан астам тау маршруттарын цифрладық, оның жалпы ұзындығы 500 шақырым болатын 36-сы абаттандырылды. Маршруттардың схемасы мен оның күрделілігі көрсетілген ақпараттық стендтер орнатылды. 2021 жылы 120 шақырымға жететін тау жолы абаттандырылмақ. Кіші және Үлкен Алматы шатқалында екі бақылау-құтқару пунктінің құрылысы қарастырылған. 16 тау құтқарушысы тәулік бойы кезекшілік етеді», - деп жазды Б. Сағынтаев.

Мегаполис әкімі шалғай орналасқан 14 тораптық учаскелерде туристердің күрделі ауа райы жағдайларын күте алатын арнайы қорғану орындарының ұйымдастырылатынын атады.

«Шалғайда орналасқан 14 тораптық учаскеде күрделі ауа райы жағдайларын күтуге болатын паналау орындарын ұйымдастырамыз. «Тұйық су» шатқалында тікұшақ алаңын құру жоспарда бар. Түрлі нүктелерде дабыл түймелері бар 10 радиорелелік діңгектерді орнату және «Tau Go» смарт-навигатор қосымшасын әзірлеу көзделген», - деп атап өтті қала әкімі Б. Сағынтаев.

«Шымбұлақ» ТК визит-орталықтарының базасындағы және «Медеудің» базалық стансасындағы тау беткейлерінде сақтық ережелерін күшейту үшін тауға шығар алдындатұрақты түрде нұсқаулықтар өткізіледі, экскурсия жүргізетін кәсіби гидтармен бірге саяхаттар ұйымдастырылады.