Осыған байланысты талқыланып жатқан жер мәселесіне қатысты түсінік беру қажет деп санаймыз. Біріншіден, университет те, ҚазҰУ-дың лауазымды тұлғалары да жер учаскесінің бір бөлігін үшінші тұлғалардың пайдасына иеліктен шығаруға келісім бермеді және жер учаскесін басқа тәсілмен бөлуге қатысқан жоқ. Айта кету керек, барлық мүлік пен жер мемлекеттік актив болып саналады, сондықтан ЖОО-да оларды иелену, пайдалану және билік ету құқығы жоқ, - делінген ҚазҰУ ресми сайтында.
ҚазҰУ өкілдері ҚР Жер Кодексінің 43, 44-1 және 48-баптары, сондай-ақ «Мемлекеттік мүлік туралы» ҚР Заңының 4-бабының 1-тармағы мемлекеттік мүлікті, оның ішінде жер учаскелерін басқару, беру/сату саласындағы мемлекеттің құқықтары мен міндеттерін белгілейтінін атап өтті.
«Осы заңдардың баптарында шешімдер қабылдау тәртібі заңнамалық түрде көрсетілген, сондай-ақ мемлекетке тиесілі мүлік пен жерге қатысты кез келген жеке шешім қабылдау алып тасталған. "Демек, университет басшылығы өз қалауы бойынша Мемлекеттік мүлік пен жерді беруді жеке өзі жүзеге асыра алмайды», дейді ЖОО өкілдері.
Бұдан бөлек, ҚазҰУ басшылығының 2017 жылы жер учаскелерін иеліктен шығару бойынша жерге орналастыру жобасын әзірлемегені, бекітпегені және оған қатыспағаны айтылады.
«Осылайша, әлеуметтік желілердегі ҚазҰУ басшылығы жерді беруге қатысы бар деген жазбалар шындыққа сәйкес келмейді және ол ЖОО-ның беделін түсіруге бағытталған. Жоғарыда айтылғандарға байланысты қазіргі уақытта құқық қорғау органдарына шаралар қабылдау туралы өтініш жолданды», деді ҚазҰУ өкілдері.