Мәселен Қызылқоға ауданындағы «Нұршуақ» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Бақытжамал Жұмабаеваның мәліметінше, 2014 жылдан бері 1 жастағы балалар қабылданады. Балабақшада 80 адам жұмыс істейді. Оның 36-сы педагог. Олар 250 балаға мектепке дейінгі тәрбие береді. Ал, кезекші топқа 130 балдырған бар.
«Біздің балабақшаның ерекшелігі – балалардың ой-өрісін ерте жастан дамыту. Бір жастан қабылданған бөбектер төрт топта тәрбиеленеді. Оларға тәжірибелі мамандар тәлім-тәрбие береді. Психолог әр баланың мінез-құлқын, топта өзін ұстауын зерттейді. Балалар түрлі биді де үйренеді» дейді Бақытжамал Жұмабаева.
Ерте жастағы топтың тәрбиешісі Гүлжазира Кенжебайқызының пікірінше, 1 жастағы балаларға негізінен ашық оқу сабағы өткізіледі.
«Мақсатымыз – бөбектің тыңдау, сөйлеу қабілетін жетілдіру. Ертегілер, саусақ ойыны арқылы қызықты әңгімелер айтылып, тақпақтар жаттайды. «Кім шапшаң?», «Кім тапқыр?» сынды топтық ойындар өткізіледі. Әр топта он балдырған біріктірілген» дейді ол.