Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Бағдарламаның басты мақсаты – қазақ жастарын мамандыққа оқытып, жұмысқа орналастыру арқылы солтүстік аймақтарға тұрақтандыру еді. Бұдан да жарытып нәтиже шығып жатқан жоқ. Ресми мәлімет бойынша, төрт жыл ішінде білім алған 312 колледж студентінің 32-сі ғана облыста тұрақтап қалған.
ЖОО-ға келсек, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті 2015 жылы «Серпін» бағдарламасы бойынша 450 студент қабылдаған. Ал биыл 18 бала ғана қабылдап отыр. Түбегейлі мақсаты ел іргесін қымтап, аймақтың демографиялық ахуалының жақсаруына, ішкі көші-қон мәселесінің реттелуіне жол ашатын бағдарлама неліктен ақсап тұр? «Серпінге» серпін беретін жол қайсы?
Осы мәселелер төңірегінде бағдарламаның басы-қасында жүрген университет проректорлары мен «Серпін» бойынша білім алып, қазір облыста еңбек етіп жатқан бірді-екілі жастармен сөйлесіп көрдік.
Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Арман ИСМАИЛОВ,
А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ бірінші проректор провостының міндетін атқарушы:
– 2014 жылы бізге 450 студент келді. Алғашқы жыл болған соң жатақхана жағынан қиындау болды. Қазір бұл мәселе толық шешілді. «Серпін» жастарына арнайы бір жатақхана бөлдік. Университетте қазір жалпы саны 1 700 орындық 3 жатақхана бар. Бүгінде университетте «Серпін» бойынша 257 студент білім алып жатыр. Биыл, өкінішке қарай, 18 ғана студент қабылдадық. Оған ең алдымен пандемия себеп болып отыр. Тіпті жазда студенттерімізді өндірістік практикаға орналастыра алмадық. Жергілікті кәсіпорындар карантинге жабылып, студенттерді алмай қойды. Ал қасымыздағы Көкшетау мен Петропавл биыл 800 студентті тәжірибеге алды. Бізге негізінен Түркістан облысы мен Қызылорда облысының балалары келеді. Арнайы анкета жүргізіп, бұл мәселені зерделеп көрдік. Бірінші себеп, ол жақтан Қостанайға тікелей жүретін пойыз жоқ. Ал Қызылордадан Петропавлға тікелей жүретін пойыз бар. Бұл пойыз Түркістан, Жамбыл облыстары арқылы өтеді және күндіз жүреді. Бізде Алматының пойызы ғана бар, балалар Қостанайға келу үшін Шудан немесе Нұр-Сұлтаннан отыруы керек. Яғни жол қолайсыз, әр студенттің үйіне барып келуіне бір жеті кетеді. Каникул кезінде көп уақыты жолға кетеді. Анкетаға жауап берген студенттердің көбі осы мәселені алға тартады.
Одан кейінгі мәселе, бізде оқып, білім алған студенттердің көбі ауылдарына қайтып жатыр. Оқу бітіргендердің шамамен 30 пайызы ғана осы жерде қалды. Университет қолдан келген көмегін жасайды. Түлектерді жұмысқа орналастыру бөлімін аштық. Университетке қарайтын әрбір институтта оқу бітіргендерді жұмысқа орналастыру жөніндегі орынбасарлар жұмыс істейді. Негізінен, облыста педагогикалық мамандық алған балалар қалып жатыр. Мұның сыртында «серпіндіктерді» ауыл шаруашылығы мен техникалық мамандықтардың 25 түрі бойынша оқытып жатырмыз. Түлектердің жұмысқа орналаса алмауының басты себептерінің бірі тіл мәселесіне келіп тіреледі. Бұл жақтағы кәсіпорындардың көбі орыстілді. Ал «Серпін» бағдарламасының түлектері – негізінен қазақтілді жастар. Сондықтан кәсіпорын басшылары жұмысқа алуға құлықсыз. Бізді бітірген балалар қаладағы кәсіпорындарға қатардағы жұмысшы болып емес, маман болып баруы керек. Маман болған соң адамдармен жұмыс істеу керек. Ұжымға өндірістік мәселелерді түсіндіру керек, тіл табысу керек. Кәсіпорын басшысы «Жұмысқа алсам, алайын, бірақ ұжым орыстілді ғой, ертең бұл бала қалай жұмыс істейді?» дегенді көлденең тартады. Ал ауылда жұмыс бар, бірақ жастардың ауылға барғысы келмейді. Осындай қиындықтар бар.
Алмасбек ӘБСАДЫҚ,
А.Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ-дың бұрынғы проректоры:
– 2015 жылы «Серпін» бағдарламасы бойынша оңтүстіктен келген жастарды алғаш қабылдап, осы істің басы-қасында жүрдім. Бағдарлама өте жақсы басталды. Университет алғашқы жылы 450 грантқа өтініш берді. Оның 432-сін игердік. Өкінішке қарай, келесі жылы гранттық өтініш санын азайта бастадық. Себебі басшылық ауысып, жаңа ректор келді. Осылайша, «Серпінге» қатысты саясат өзгере бастады. Оның басты себебі – жатақхананың жетіспеуі. Жергілікті студенттер біздің жатақханаға қолымыз жетпейді деп наразылық білдіре бастады. Оңтүстіктен келген балаларға ең бірінші кезекте жеңілдік беріледі. «Неге бұлай?» деген секілді сауалдар туындады. Бұл мәселені шешудің ең оңай жолы ретінде біздің сол кездегі ректорымыз «Серпіннің» санын қысқартумен айналысты. Бірінші басшының көзқарасы өзгерген соң құрылымдағы басшылардың да көзқарастары өзгере бастады. Мұның ақыры біздің университетке келетін «серпіндіктердің» азаюына әкеліп соқты. Естуімше, биыл 350 грантқа өтініш берілген, бірақ оқуға келгені – 18 ғана студент. Одан кейін университетте 4-5 жыл білім алған түлектердің көбі бұл жерде қалған жоқ. Басым көпшілігі өздерінің туған жерлеріне кетіп қалды. Өйткені оларды жұмысқа орналастыру мәселесі шешілмеді. Бұл жерде тағы бір мәселені айта кету керек, Қостанай облысына «Серпін» бағдарламасының студенттері келісімен, құқық қорғау органдары да мазасыздана бастады. Себебі оңтүстіктің балалары дінге жақын келеді. Қыздардың көбі сол кезде басына орамал тартып, бес уақыт намаз оқып, мешітке барып жүрді. Өзімнің топшылауымша, оңтүстіктен мұндай жастардың лек-легімен ағылып келуіне ішкі істер органдары іштей қарсы болған сияқты. Өз басым проректор қызметін атқарып жүргенде бірнеше мәрте сөйлесіп, осы мәселелерді талқылаған едік.
Ал енді не істеу керек? Қазір Білім және ғылым министрлігі бөлетін грант саны көбейді. Осы білім гранттарын бөлу саясатын өзгерту керек. Айталық, педагогикалық мамандықтар мен техникалық, ауылшаруашылық мамандықтарының үлесін оңтүстікте азайтып, осы солтүстік өңірдегі университеттерге беру керек. Мәселен, агрономия мамандығына республика бойынша 500 грант бөлінетін болса, соның 70-80 пайызы солтүстіктегі ЖОО-на берілгені дұрыс. Екіншіден, жатақхана мәселесін шешу керек. Жатақханамен қамтамасыз ету мүмкін болмаса, гранттың есебінен пәтер жалдап тұруға жағдай туғызу керек. Бұл үшін студенттің стипендиясына пәтер ақысын қосып жіберген жөн деп ойлаймын. Оңтүстіктен келген балалардың көбінің әлеуметтік жағдайы төмен. Бұған дейін «Серпін» бағдарламасына ауыл балалары ғана қатыстырылды, енді қаланың балаларына да мүмкіндік берілу керек. Сондықтан оңтүстікті ауыл, қала деп бөлмей, бәріне бірдей жағдай жасау керек. Бұл білім сапасына да әсер етеді. Ең өзекті мәселе оқу бітірген түлекті жұмысқа орналастыру мәселесі болып тұр. Сондықтан жұмысқа орналасқан әрбір жас әлеуметтік қолдауға ие болуы тиіс. Жұмысқа тұрған жастарды көбіне баспана мәселесі қинайды. Оларға оңтүстікті тастап солтүстікке келгені үшін субсидия беру, төменгі пайыздық несиемен ипотекалық бағдарламаларға қатыстыру мәселесі реттелгені абзал. Негізі, әу баста «Серпін» бағдарламасының насихаты да дұрыс болмады. Оңтүстікте жұмыс орны аз, солтүстікте бос жұмыс орындары көп деген саясат жүрді. Мұндай бүркемелеу саясатының қажеті жоқ. Бағдарлама оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару саясатын ешбір бүркемесіз, ашық насихаттауы керек.
Дәулет ЖАДЫРАСЫН,
«Серпін» бағдарламасының түлегі:
– Мен 2016 жылы Рудный индустриялық институты энергетика және ақпараттық жүйелер факультетіне электроэнергетика мамандығы бойынша «Серпіннің» грантына түстім. Туған жерім – Қызылорда облысындағы Қазалы өңірі. Алғашқыда тіл жағынан қиналдым, бірақ кейін үйреніп алдым. Әлеуметтік жағынан жақсы көмек көрсетілді. Жатақхана берді. «Соколов-Сарыбай» кен байыту бірлестігіне жұмысқа кіресіңдер деп сендірді. Бірақ өзім басқа мамандыққа ауысып кеттім. Қазір облыстық кітапханада жұмыс істеймін. Оқу бітірген соң бірден жұмыс тауып береміз деді. Өз басым соған қызықтым. Бірақ «Серпін» бағдарламасы бойынша оқыған жастардың көбі диплом алған соң туған жеріне қайтқысы келіп тұрады. Өйткені бағдарламаны насихаттаушылар әу баста төмен балмен оқуға түсуге болады деген соң біраз бала оқу бітірген соң осы жақта қалып, тұрақты жұмыс істеу мақсатымен емес, төмен балмен ЖОО-на оқуға түсу мүмкіндігін пайдалану үшін келді. Одан кейін оқу бітірген соң 3 жыл осы өңірде қалып жұмыс істеу керек деген міндеттеме шықты, содан кейін «Серпінге» қызығушылар да азайып қалды. Біздің алдымызда оқу бітірген 150 студент бар. Оларға 3 жыл қалып, тағылымдамадан өтеді деген заң қабылданбаған. Олардың бәрі кетіп қалды, қазір Рудныйда екі-үшеуі ғана жүр. Алайда Қостанайда қалып, осында отбасын құрып, жұмыс істеп тұрақтап қалғысы келетіндер де бар. Бірақ баспана мәселесі қиын. Үй бере салмаса да, жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама болса, жақсы болар еді. Жалпы, оңтүстіктен келген жастарға Қостанай ұнайды. Мұнда келген жастардың біразы жұмысты өздері тауып алды, мен өзім куәмін. Біраз сабылып 2-3 ай пәтер жалдап, ақшасын әркімнен қарызға сұрап, қиналып жұмыс тапқандарды білемін. Содан кейін таныстарымның айтуынша, оқу орындары қыркүйекке дейін немесе жаңа жылға жұмыс таппасаңдар, айыппұл төлейсіңдер деген талап қояды.
Бағдәулет СОПЫБЕКОВ,
«Серпіннің» түлегі, кенші:
– Биыл «Серпін» бағдарламасы бойынша Рудный индустриялық институтын тәмамдап, қазір Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігінде жұмыс істеп жатырмын. Жұмысты өзім іздеп таптым. Институт мына жұмысқа бар деп ешбір жолдама ұстатқан жоқ. Дипломымыздың өзін ректорға шағым жазып жүріп, кешігіп әзер алдық. Негізі, Қостанай облысында түбегейлі қалғым келеді. Рудныйда төртінші жыл тұрып жатырмын, жұмысым, ауа райы, бәрі ұнайды. Бірақ еңбекақы сәл аздау, бір жағына тартсаң, екінші жағына жетпейді. Сарапшылар «Серпінді» бітіріп, сол жерде қалып жұмыс істеп жатқан жастарға көтерме ақы берілу керек деді. Мен осы мәселемен қалалық жұмыспен қамту орталығына бардым. Мені қабылдаған маман: «Саған көтерме ақы берілмейді. Жылына 30 адамға беріледі. Биыл 30 адам толық тіркелді. Сен артықсың» деді. «Келесі жылы алсам бола ма?» деп едім, «Ол кезде «Серпінді» бітіргеніңе 6 ай өтіп кетеді, сондықтан ала алмайсың. Бірақ Рудныйдағы мекенжайыңнан тіркеуден шығып, Шымкент қаласына бір жыл тіркеуге тұруыңа болады. Одан кейін келсең, біз саған оралман ретінде көмек бере аламыз» деді. Маған ондай көмек керек емес. Мен «Серпінмен» келіп, осында жұмыс істеп жатырмын, сондықтан бағдарламаға жауапты кісілер әу баста берген уәделерін орындағаны дұрыс. Қазір баспанадан қиналып жүрмін, айлық төмен, пәтер жалдау қымбат. Сондықтан «Серпін» жастарына арнайы ипотекалық бағдарлама керек. Әйтпесе, бұл жақта ешбір жанашыр туыс-туғанымыз жоқ, елден саяқ кеткен жастармыз. Үй мәселесі шешілетін болса, осында отбасын құрып, еңбек етуге дайынмын.
Қостанай облысы