Жергілікті тұрғындардың айтуынша, олар күнде ұңғымадан су алу үшін 11 шақырым қашықтықты жаяу жүруге мәжбүр. Қыста боран мен аяз күшейген күндері бұл жұмыс қиынға соғады. Сарытөбедегі жерасты суы өте ащы, ішуге жарамсыз екен.
Тұрғындардың жалғыз күн көрісі – мал шаруашылығы. Алайда ауылдың айналасындағы жер жекеменшікке сатылғандықтан, мал жаю, мал басын көбейту қиын болып отыр. «Интернет жоқ. Бізге күшейткіші бар сымсыз интернетті орнатуды ұсынды. Бірақ ол біз үшін қымбат. Біз көрші ауылдағы сияқты қолжетімді бағада сымды интернет тартылғанын қалаймыз», дейді Асқар есімді жергілікті тұрғын.
Тұрғындар жергілікті билік уәдесін орындап, биыл ауылға ауыз су келеді деп үміттенеді. «Қазақстан Халық партиясының ұраны: Халық. Жер. Әділдік. Жер – халық үшін маңызды. Еліміздің әр тұрғынына қатысты әділдік болуы керек. Өкінішке қарай, көп жағдайда атқарушы билік тиісті жұмыс істемейді. Жақсы мемлекеттік бағдарламалар бар. Алайда олар дұрыс жүзеге асырылмайды. Біз алдағы уақытта қоғамдық бақылауды енгізгіміз келеді. Халық жергілікті биліктің жұмысын қадағалайтын болады», дейді Қазақстан Халық партиясы атынан Мәжіліс депутаттығына үміткер Файзолла Қаменов.
Сондай-ақ «Қызыл автобус» осы өңірдегі Шешенқара ауылында да болды. Мәжіліс депутаттығына кандидаттар және бір топ журналистер мен блогерлер ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың шағымдарын тыңдады.