Пікір • 07 Қаңтар, 2021

Төл тарихымызды тұғырлы етеді

525 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінің 2021 жылдың 5 қаңтардағы санында жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласымен таныса отыра, Президент айтқан ойларға қатысты жеке пікірімді білдірсем деймін.

Төл тарихымызды тұғырлы етеді

Антикалық заманда ғылымның жеті түрі болса, соның бірі тарих болып саналған екен. Тарих ғылымы сол заманнан бүгінге дейін өзінің анықтамасын, мақсаты мен міндеттерін еш өзгертпей келеді. Ол атқаратын жеті міндет – білім, ғылым, тәлім, тәрбие, саясат, идеология және болашақ бүгінде қоғам үшін ең басты міндеттерге айналып отыр. Болашақта да тарих деген киелі ұғым өзінің мәнін төмендетпей, жоғарылата беретініне еш күмән жоқ. Оған Президент мақаласындағы ел тарихына қатысты айтылған ойлар мен пікірлер жатады. Тіпті қазіргі XXI ғасырдағы әлемдегі халықаралық қатынастардың, идеологиялық күрестер мен өркениеттер арасындағы қақтығыстардың түбінде, тамыры мен өзегінде тарихқа қатысты мәселелер жатыр десек артық айтқандық емес. Өз тарихына ерекше құрметпен қарайтын елдердің ішкі-сыртқы жағдайына қарап, олардың қалай дамып бара жатқанына қарап, сол ел тарихының қоғамдық өмірде қандай орын алатынын көруге болады. Сол құрметке Қазақ елінің тарихы да әбден лайықты.

Еліміздің бірнеше мыңжылдық тарихы ең алдымен халқымыздың рухани байлығы болып саналады. Ұлттық тарихымыз да ұлтымыздың діні мен тілі, ұлттық дәстүрі мен өнері, халқымыздың жері секілді өзгелердің қорлауы мен таптауына жол бергізбейтін асыл құндылығымыз бен киелі байлығымыз. Сол себепті де менің ойымша, ұлтымыздың ұлттық сипатын анықтайтын құндылықтарымыз ең алдымен, мемлекеттің басты назарында болып, оның дамуы үшін мемлекет бар жағдайды жасауы қерек. Президент мақаласында тарих арқылы елімізде қандай іс-шаруаларды жүзеге асыруға болатыны жақсы айтылған.

Кезінде «Отар елдің тарихын отар­лаушы елдің өкілі жазады» деген қағиданы ұстанып, Қазақ елінің тарихын сырттан келген небір тарихшылар мен тарихшысымақтар қолға алып зерттегені белгілі. Олар қазақ халқының тілін білмей, тұрмыс-тіршілігінің заңдылықтарын түсінбей, ішкі жан дүниесін сезінбей қазақы дүниетанымға жат көзқарастар тұр­ғысынан қарап, кереғар тұжырымдар айтты. Солардың айтқан тұжырымдары қаншама уақыт бойы қазақ халқының тарихи санасының қалыптасуы мен нығаюына, қазақ ұлтының жас буын өкілдерінің төл тарихы үшін мақтан етуіне кедергі жасап келді. «Өз тарихын білмеген өзгенің тарихына қызығады» дегендей, кешегі кеңестік кезеңде қазақ халқы үшін өз тарихында қызығатын еш нәрсені болдырмады. Біз сол аурудан әлі күнге дейін айыға алмай келе жатқандаймыз.

Тәуелсіздік алғаннан бергі отыз жылдай уақыт ішінде тарихшыларымыз қаншама іс атқарды. Ең алдымен, тарихымызға өркениеттік тұрғыда қарауды, яғни елдік тұрғыда қарауды үстемдік етті. Соның нәтижесінде қаншама тарихи тұлғаларымыз қазақ елімен қайта қауышып, олардың екінші өмірі басталды. Қаншама тарихи даталар еске алынып, халқы­мыздың санасынан терең орын алды. Тіпті Қазақ хандығының 550 жыл­дығы, Алтын Орданың 750 жыл­дығы, Әл-Фарабидың 1150 жылдығы секілді тарихи даталар халықаралық деңгейде аталып өтілді. Әлі де болса өз зерттеуін күтіп жатқан тарихи тақырыптар қаншама. Президент мақаласы осыларды зерттеуге шақырып отырғандай әсер береді.

Биыл Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Тәуелсіздік жылдарындағы әр күніміз, әр жылымыз ел тарихы үшін аса маңызды оқиғаларға толы болды. Оның ішінде халықаралық деңгейдегі, ұлттық деңгейдегі, аумақтық сипаттағы оқиғалар тарих еншісіне еніп, бәрі де тәуелсіздік жемісі екенін көрсетті. Болашақта еркін еліміз маңызды оқиғалармен тарихымызға алтын әріппен небір оқиғаларды жазатынына кәміл сенемін. Сөйтіп, тарихымыздың сабақтастық жібі үзілмей, үздіксіздік желісі тоқтамай жалғаса берсін дегім келеді. Ал біз тарихшылар болсақ, тарихымыздағы кесек тұлғалар мен маңызды оқиғаларды халқымыз үшін мақтан етердей зерттеп, ұсына берейік.

 

Берекет КӘРІБАЕВ,

ҰҒА академигі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық  университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы