Аймақтар • 07 Қаңтар, 2021

Түркістанға «Сергек» орнатылды

7 рет көрсетілді

Түркістан қаласы облыс орталығы болғаннан бері халықпен бірге көлік саны да көбейді, деп хабарлайды Egemen.kz

Осыған орай жаңадан құрылған Түркістан облысының тұрғындары мен автокөліктердің жүріп-тұруына қолайлы болуы үшін барлық жағдай жасалып отыр.

Жол бойына соңғы үлгідегі бейнебақылау камералары орнатылуда.

Мұндағы басты мақсат – жол қозғалысы ережесінің бұзылуына жол бермеу, жол-көлік оқиғасының санын азайту.

Осы бағытта Түркістан қаласының көлік көп жүретін орындарында 10 «Сергек» автоматты құрылғысы орналастырылып, 5 қаңтардан бастап өз қызметін атқаруда.

Нақтырақ айтсақ, Тәуке хан көшесінде – 3, С.Қожанов көшесінде – 2 «Сергек» бейнебақылау камерасы қойылған. Ал Байбұрт, Б.Саттарханов, Қазыбек би көшелерінде, Қызылорда тасжолы бойында, Қазақстанға 30 жыл даңғылына бір данадан орнатылды.

Түркістан облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция полковнигі Ғалымжан Есімовтің айтуынша, бұл құрылғыны орнатудың негізгі себебі – қауіпсіздіктің барынша жоғары деңгейін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтарды автоматты түрде фотобейнетіркеу жүйелеріне енгізу.

«Сергек камералары рұқсатты жылдамдықты арттыру, қызылға өту, жол белгілері мен жолақтарының талаптарын бұзу, рұқсат етілмеген жерде тоқтау мен тұру және автобус жолағымен жүру сияқты ереже бұзушылықтарды тіркеп, көлік иесіне айыппұл жазып бере алады. Мәселен, осы «Сергек» құрылғысы орнатылған 2 күннің ішінде жылдамдықты асыру бойынша 25 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, жүргізушілерге 500 000 теңгеге жуық айыппұл салынған. Жалпы айта кететін жайт, жол апаты салдарынан 2020 жылы қаза тапқандар саны өткен жылмен салыстырғанда 46 пайызға азайған.

Ал, жарақат алғандар 115-тен 82-ге кеміген. Көрсеткіштердің бұлай төмендеуіне осы орнатылып жатқан бейнебақылау камераларының да септігі тиіп отыр. Сондықтан бірінші кезекте өзіңіз бен өзге де жүргізуші, жолаушылардың өмірі үшін жол ережелерін сақтап жүріңіз. Асықпаңыз, жылдамдықты асырмаңыз», деп атап өтті ол.

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар