express-k.kz
Атауларды ауыстыра алмай отырмыз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек» деді.
Алдымен Абайдың 175 жылдығы аясында Семейде селт етерлік қандай өзгерістер болды, қысқаша соған тоқталып көрейік. Қала әуежайы күрделі жөндеуден өтіп, Абайдың аты берілді, аумағы атшаптырым арена салынды, Абай әдеби-мемориалдық музейі мен Абай атындағы театрға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Күмбезі көк тіреген мешіт бой көтерді. Десе де, көшелеріне жарық тартылып, шұрық-тесігі жамалды дегенді, әй естімедік-ау. Елге ең керегі сол емес пе еді?! Алашордашыларды, Абайдың маңайындағы тұлғаларды ардақтап, есімдерін көшеге беріп жатқанын да байқамадық. Мораторий, пандемияны сылтауратқаннан басқа саусақ біріктірген ешкім болмады. Бір-екі жерде көшелер жамап-жасқалып, тротуарлар төселгенімен ойдым-ойдым көшелердің қатары әлі көп Семейде. Қайсыбірін айтамыз?!
Қош делік. Абайдай ұл өсірген Құнанбайдың есімін қарт қала ескермеді. «Ұлы Абайды ұлықтағанда, оның әкесі Құнанбайдың ел тарихындағы еңбегін ұмытпауымыз қажет. Ол Семейде ғана емес, тұтас қазақ тарихында өз орны бар тұлға. Оны халқымыз жақсы біледі, қадір тұтады», демеп пе еді Президент. Басқа қаланы қойып, Семейің қадіріне жете алды ма? Құнанбайдың атына көше беру былай тұрсын, Морозов, Терешков, Фрунзе, Щорс, Чапаев, Красногвардейский, Герцен, 23 февраля, Георгиевская, Пархоменко, Тельман, Карл Либнехт, Гражданская сияқты идеологиялық тұрғыда ескірген, мән-мағынасы жоқ атауларды ауыстыра алмай отырған жоқпыз ба? Глинка көшесі және бар. Бірақ оны «әлем халқына ортақ тұлға, орыстың композиторы» деп біреу-міреу кері тартуы мүмкін. Өйтетін болса, көрнекті көшенің біріне әнші Әміре Қашаубаевтың атын неге бермеген? Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның есімі шаһардың шет жағындағы шолақ көшеге бұйырған. Мемлекет басшысы «олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек» деді. Оның үстіне биыл Әлихан Бөкейханның туғанына – 155 жыл.
– Бұрындары Зере әжемізге көше берейік деген ұсыныстар айтылған. Тарихқа көз салсақ, Семейдің көшелеріне лайықты есімдер жеткілікті. Соның ішінде Құнанбай, Абайдың балалары, алашордашыларымыз бар. Семейге ғана емес, жалпы қазақ ұлтына еңбегі сіңген Әлихан Бөкейханның көшесі шет жатыр. Оларға орталық болмаса да, қала ішінен көше берілуі керек еді. Морозов сияқты көшелерді ауыстыруға болады ғой, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ғалым, филология ғылымдарының докторы Арап Еспенбетов.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Семейде ұзын саны 868 көше бар екен. Оның 116-на тұлғалардың аты берілсе, 69-ы жалпы атаумен қазақшаланыпты. Ал тәуелсіздік жылдары 89 көше қайта аталған. Бірақ рухани-мәдени қаламызда әлі күнге дейін Бірінші дүниежүзілік соғыста қол бастаған Чапаев, Германия коммунистік партиясының негізін қалаушылардың бірі Клара Цеткин, Қызыл әскердің қолбасшысы Фрунзе, большевик Фурманов сынды қазақтың жеріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтындардың атындағы көшелер аз емес. Зейнеткер, тіл жанашыры Құсмілия Нұрқасымның айтуынша, көше атауы төңірегіндегі мәселе сан рет көтерілген.
– Әрбір көше үшін «соғыстық». Интернациональный көшесіне Қайым Мұхамедхановтың атын бергенде, Интернациональный бүкіл халықтың бірлігі, бәлені-түгені деп шықты. Ол ол ма, Семейдің 300 жылдығын тойлаймыз деп ентіккендер болды. Оған қазақтың бір топ ғалымдары қарсы пікір білдіріп, беттерін қайтарды, деді Құсмілия Нұрқасым.
Құдай-ау, қазақ даласында үш жүз жыл бұрын Абылай үш жүздің басын қосып жатпап па еді?! Семейдің даласы иесіз жатты деп кім айтты? Оған Абай көшесі мен Шәкәрім қиылысынан ерте темір дәуіріндегі қорымдардың табылғаны дәлел емес пе? Бір емес, қатарынан төрт қорымның орны байқалған. Археолог Айдын Жүнісхановтың айтуынша, Семей қаласының қақ ортасында Қимақ дәуірінің де белгілері бар. Жалпы, археологиялық деректерге сүйенсек, қарт қаланың орнында адамзаттың тіршілігі неолит дәуірінен басталған.
mapio.net
Көне ғимараттарға күтім керек
Семейдің рухани-мәдени қалаға айналуы үшін көшелердің атауын қазақшалаумен қатар көне ғимараттарды да сақтап қалу маңызды. Әйтпесе, қаланың сол жағалауындағы алашордашылар бас қосқан кеңселердің бірі де жоқ бүгінде. Сүріліп кеткен. Ендігі міндет, қолда барды сақтап қалуымыз қажет.
– Семейде тарихи ғимараттар жетерлік. «Татарская слабодка» деп аталатын бөлігіндегі тұрғын үйлерді сол күйінде сақтап қала алсақ деймін. Көне ғимараттардың ерекшелігі уақыт өткен сайын күтімді қажет етеді. Бірақ заманауи технологияларды қолдана отырып, реставрация жасауға болады. Кез келген көне сәулет өнері туристерді де тартады. Мысалы, Аре өзенінің бойына жақын орналасқан Эйнштейн үйі дәл сол күйінде сақталған. Музей-үйге кірген бойда өткен ғасырдың қойнауына сүңгіп кетесіз. Құдды Энштейн қазір ғана үйінен шығып кеткендей сезімде боласыз. Соны көру үшін ғана әлемнің әр түкпірінен туристер мыңдап ағылады. Ал сол кезеңмен тұстас ғимараттар Семейде де бар, – дейді PhD докторы, зерттеуші-ғалым Арай Жүндібаева.
Сан ғасырдың сырын бүгіп тұрған тарихи ғимараттарға күтім болмаса, кірпіші мүжіледі, кертіледі. Римдегі Колизейдің өзі бірнеше рет жөндеуден өткен екен. Бірақ сәулетшілер, реставраторлар бағзы заманғы кескінін сақтап келеді. Бізде де солай болуы керек. Көне үйге пластик терезе салып, жылтыраған кафель төсеудің қажеті жоқ. Абай музейінің алдына да ою-өрнекті тротуар төсегенше, табиғи таспен көмкеру керек пе еді?!
Колизей демекші, жуықта Семейдегі сәулеті ерекше, Римнің көне ғимараттарына ұқсас әйелдер гимназиясы апаттық жағдайда, құлаудың аз-ақ алдында тұрғандығы жөнінде мәселе көтерілген. 1873 жылы бой көтерген қызыл кірпішті ғимарат Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2008 жылғы 25 сәуірдегі №560 қаулысымен жергілікті маңызы бар тарих және мәдени ескерткіштерінің тізіміне енген. 2020 жылдың қазанында апаттық жағдайына байланысты ескерткішті сақтап қалу немесе мәртебесінен айыру туралы мәселе Қоғамдық кеңес отырысында талқыланып, бірауыздан сақтап қалу туралы шешім қабылданыпты. Енді тарихи-мәдени сараптама жасалғаннан кейін Шығыс Қазақстан облысының тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия қарауына ұсынылады.
Ал тұңғыш телеграф ғимараты «Археологиялық зерттеулер» ЖШС жүргізген тарихи-мәдени сараптама қорытындысына сәйкес, тарихи және мәдени ескерткіш мәртебесінен айырылды. Сүрілгені сүрілді, құлағаны құлады. Ендігі қолда барын сақтап қалсақ игі.
Түйін
Семейдегі идеологиялық тұрғыда ескірген, мән-мағынасы жойылған көше атауларын өзгерту төңірегіндегі мәселені алға тартып, Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Аққожинаға хабарласқанбыз. Оның айтуынша, алдағы уақытта идеологиялық тұрғыда ескірген 11 көшенің атауы өзгереді. Ендеше, Абайдай дананың әкесі Құнанбайдың, ұлдары Ақылбай мен Тұрағұлдың есімдері ұмыт қалмаса екен дейміз.
Біле білсек, Тұрағұл Абай мұрасын жинастырып бастыруда аса құнды мағлұматтар жазып, ақын шығармашылығының текстологиялық түпнұсқасын қалпына келтіруге зор үлес қосқан. Мұхтар Әуезовке әкесі Абай туралы естелік жазып берген. Алашорда идеясын жүзеге асыру үшін де тер төккен. 1922 жылы Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатовпен бірге төрт айға темір торға да қамалған. 1927 жылы қайта қамалып, 1928 жылы дүние-мүлкі тәркіленіп, өзі жер аударылған. Қуғынға ұшыраған ол 1934 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында қайтыс болып, Шымкенттегі мұсылман зиратына жерленген екен. Өкініштісі, сол тұсқа қорғасын зауыты салынып, денесі астында қалып кеткен. Тұрағұлға туған жерінен топырақ бұйырмағанымен, есімі Семейдің бір көшесіне бұйырсын дейік. Қиқым жер үшін бастарын бәйгеге тіккен тұлғаларды өскелең ұрпақ ұмытпауы үшін де есімдері ұлықтала беруі тиіс.
Мемлекет басшысы айтқандай, «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басқан Қазақстан үшін бұл он екі ай толымды істерге толы болуы тиіс». Толымды істердің бірі осы – жер-су, көше атауларын қазақыландыру. Семей ғана емес, Шығыс Қазақстанда тарихи атауы қайтарылмай келе жатқан жер-су атаулары жетіп-артылады.
СЕМЕЙ