1983 жылдары бой көтерген су мұнарасының әбден тозығы жетсе керек, аязды күндері қатып қалатын көрінеді. Ол қатса, ауылдағы санаулы кұдықтардың да суы тоқтайды. Зардабын сол баяғы, қоңыр тірлік кешіп отырған халық тартады. Бұған бас-көз болып жүрген «коммуналдық шаруашылықтың» жұмысшысы Нұрланбек Тұрсынғожин 4 қаңтарда суы қатқан мұнараның тетігін ерітпек болып, биігіне көтеріліпті. Сонда ғой, 15 метрдей мұнара түбінен опырылып, құлап түскен. Ал ауылдықтарды ауыз суға жарытам деп жүрген Нұрланбек ауруханаға жетпей көз жұмған. Артында бала-шағасы қалды. Бұл ауылдағы ағайынның айтқаны. Ал ауылдық округтің әкімі не дейді?
- Тұрғындар суды мұнарадан алып жүрген. Ауылда бес колонка бар, олар да істеп тұр. Қыста құлайды деп ойлаған жоқпыз. 2020 жылы жөндеу туралы сметалық құжатын жасап, аудандық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына жазғамыз. Олар ақша бөлеміз деген. Су ағып тұратын. Аязды күндері іші қатыпты, - дейді Жамбыл ауылдық округінің әкімі Әлібек Аманов.
Өкінішті, енді қаржы бөліп мұнараны жөндегенмен мерт болған азаматты қайтармайды. Жауапты басшылар мұнараның тозығы жеткенін біле тұра қауіптің алдын алу керек еді?! Оның үстіне мемлекет назарындағы шекаралық аудан. Жамбыл ауылдық округінің әкімі Ә. Амановтың айтуынша арнайы комиссия келіп оқиғаның мән-жайын анықтайды.
Шығыс Қазақстан облысы
Катонқарағай ауданы