Руханият • 12 Қаңтар, 2021

Черчилльдің қабағы

517 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Білесіз бе, жан иесі мәңгілікпен салыстырғанда өзінің азғантай ғұмырында бір мәрте жүрегі кеудесіне сыймай ашуланатын секілді. Себебі қуаныштар мен өкпе-реніштердің алма-кезек айқасында біреуінің ғана бәсі биік болып шығатыны рас қой. Ал егер сіздің сол алабұртқан күйіңіз уақыт объективіне ілініп қалса ше? Болашақ қатулы қабағыңызға қарап, сізге ғана емес, сол дәуірге де мінездеме берер еді. Біздің бұл ойымызға өзек болған атақты саясаткер Уинстон Черчилльдің мына бір сүгіреті.

Черчилльдің қабағы

 

Әр дәуірдің өзінің шарықтау шегі мен қорытындысы, қайшы­лығы мен бәтуасы, басты және қосалқы кейіпкерлері болады. Әркім сол дәуірдің тілінде сөй­леген сайын өзінің сүйікті тұл­ғасына тоқталмай кетпейді. Бәлкім біреулер оны теңі жоқ жайсаң да жарылқаушы етіп көрсетер. Бәлкім, тағы біріміз қателігін қаз­балап, түкке тұрмайтын жа­ғым­сыз адамдардың қатарына қо­сармыз. Бол­машы нақылы есті­ген жұртқа терең де өткір болып көріну де ғажап емес. Немесе керісінше, ел үшін еткен еңбегін жоққа тіркеушілер табылар. Яки, испан мақалындағыдай, әркім жәрмеңкені өзінің тапқан затына қарап бағалайтын болып тұр ғой.

Біз де бүгін тарих жәрмеңке­сі­нен жолықтырған, 1945 жылы мамырда танымал «LIFE» жур­налының мұқабасына шыққан қабақ түйген Уинстон Черчилль­дің суреті жайында айтпақпыз. Сол уақытта Ұлыбританияның даңқты пре­мьер-министрінің ең танымал бейнесі миллиондаған плакаттарда, пошталық марка­ларда, тіпті көшенің әрбір бұ­рышында ілініп тұрды. Қоғам сараб­дал саясаткердің қабағына қа­рап, елдегі сыртқы және ішкі ахуал­дардың өршіп тұрғанын аң­дады. Еуропаны есінен тандыруға оқталған әсіре ұлтшыл Гит­лердің үлкен майданға дайындалып жат­қанын алдын ала сезген Черчилль ағылшын әске­рінің қамсыз жатқанына қа­па­ланып, талай мәрте газет бетте­рі­не шулы мақалалар жазып, ха­лыққа ескерткен-ді. Ақыры, айтқаны айдай келді. Енді ұрыс­та тұрыс жоқтығын қабағымен-ақ ұқтырған консерватордың қылығы ағылшындардың сенімін шыңдап, өзіне деген құрметін одан әрі арттыра түсті.

1941 жылы 30 желтоқсанда Ұлы­британия премьер-министрі іссапармен Оттава қаласына бас бұрады. Канада үкіметі 33 жас­тағы Юсуф Каршқа құр­метті қо­нақты естелікке фотоға түсіру­ді тапсырады. Тәртіп бойынша, фото Черчилльдің Канада пар­ла­ментіндегі сөзінен кейін тү­сірілуі керек еді. Әйтсе де, уақыт­тың тар­лығын түсінген Карш кең­сеге жабдықты орнатып, алдын ала жарықты реттеп қояды. Со­дан кейін ол залға барып, өзінің ке­зекті моделін күтеді.

Тік тұрып баяндама жасаған Черчилль сөзін тәмамдаған бет­те бірден кеңсеге тартады. Шаршаң­қыраған қартаң саясаткерге фотосессия туралы ескертілмесе керек. Суретке түсу қажеттілігі ол үшін жағымсыз тосын сыйдың бірі болды. Сол сәтте ол фотографқа: «Сізде екі минут және бір кадр бар», деп орындыққа жай­ғасып, темекісін тұтатады.

Кубалық бренд La Corona сига­ра­сы­ның түтіні Карштың ойша салған фото­суретінің тұжы­рымдамасына ке­дер­гі келтіреді. Фотограф Черчилльден темекісін тастауды абайлап сұрайды. Бірақ ол жауап қатпайды. Берілген уақыт күйіп бара жатқандықтан Карш өзінен бұрын да, кейін де ешкімнің батылы жетпеген қадамға барады. Ол тұтанған шы­лымды премьер-министрдің аузынан жұлып алады да, лезде камераға қайта жүгіреді. Фото­графтың әнтек әрекетіне Черчилль таңданып үлгергенше, оның ашулы әрі абыржулы қалпын объектив қағып алады. Бұдан кейінгісі сізге белгілі.

Жақсы өнім алу үшін күркіре­ген арыстанды орнынан тұрғызған Карштың туындысы жүз долларға бағаланып, портреттік фотосурет оған үлкен бедел әкеледі. Тіпті, Черчилльдің өзі қолын алып, жан­кештілігіне разы болған. Ол ол ма басқа да саясаткерлер, жазушылар мен кино жұлдыздары фотоға түсу үшін алдында сапқа тұрады.

Біздіңше, бұл сурет ешқандай сәй­кестік емес. Мінездегі па­рық­­тың азды­ғынан немесе адам­гершілігінің төмен­дігінен, тіпті солай болмаған күннің өзін­де де осыған ұқсас бірдеңелерге балап, Черчилльді айыптауымызға болар еді. Бірақ мұнымыз со­қыр түйсіктен туған қораш пікір­лердің жиынтығы іспетті көрі­нері хақ. Өзі арқылы ұлы саясат­кер сол за­манның мінезін беруге тырыс­ты. Қатып қалған қа­ғи­да­ларды бұзып, саясатқа өзге­ше ритм, бө­лек бағыт алып кел­ген тұл­ға­ның түр-әлпетінен арпа­лыс­қа то­лы күндердің кескін-кел­бетін анық байқаймыз. Алып дер­жава­лар­дың айқасында қарапа­йым тұр­ғындардың шеккен азабы, көрген қорлығы, жауына де­ген сес – бәрі көз жанарынан жанар­тау­дай атқылап тұрғандай. Су­рет­тің бір­ден даңққа бөленуі де содан...

Әсте ұлы картиналар, алып мү­сіндер, салтанатты сарайлар уақыт сахнасынан түспей, жылдармен ілесіп мәңгіліктің көшін бастауға дағдыланған. Әйтсе де біз ең ма­­ңыздысын естен шығарған сы­ңайлымыз. Сол ғажайыптарды өмір­ге әкелген адамдардың ауыр азабы, қайғы-қасіреті, көз жасы, өлермен қарекеті хақында неге тарих жұмған аузын ашпайды. Күні бүгінге дейін тағдыры біз сияқты қарапайым емес, ерекше жарал­ған адамдар жайлы ғана айтуға бейілміз. Кішкентай адамдар­дың үлкен ерлігі ескерілмейді. Ал сөзге жорға Черчилльдің бұл орайда «біз үлкен оқиғалар мен кішкентай адамдардың дәуірінде өмір сүріп жатыр» деп айтатыны бар. Мемлекет қайраткері осыны меңзесе керек.

Мәселен, осы сүгіреттің авто­ры Юсуф Карштың еңбегін алып қараңызшы. Маңдай терін сарп етіп келген бүкіл өмі­ріңнің тұнығы бір-ақ сәтте тас-талқан болатын ба еді? Бір мезетте бәрін құрдымға жіберу қандай қорқынышты. Жар­ты ғасырға жуық әлемдік саяси аренада үстемдік еткен мем­лекет қайраткерінің аузынан қаймықпай сүйікті затын тар­тып алу шектен шыққандық емей не­мене? Оған қоса қонаққа деген құрметсіздігі үшін жауапқа тартылуы да мүмкін еді. Содан кейін қасықтап жиған абыро­йын ерінбей-жалықпай қайта тү­зуге төзімі жетсе де пенденің ғұ­мыры жете қояр ма екен? Қиғаш қадамдар үнемі жеңіс әкеле бер­мейді.

Осы мәнзелдес тағы бір мысал еске түсіп тұрғаны. Әлде­бір жиында жер­гілікті фототілші өңір әкімін суретке түсірмекке оқталып, алды-артына шы­ғып бәйек болады. Объективке объек­­тісі жөнді ілікпей, әбігерге түскен фото­граф амалсыздан: «Әкім мырза, осы тұрған қалпыңызда қатып қалы­ңызшы. Ұзыныңыздан түсірейін» деген екен. Қасындағы көмекшілері өре түрегелгенімен, шалақазақ әкім фото-тілшіге шаруасын тындыруға рұқсат беріпті. Шырт еткізіп, ұзынынан түсірген газет қызметкерінің суреті басы­лым­ның алғашқы бетінен жарық көреді. Фотографтың сөзі күлкілі һәм біртүрлі естілгенімен, нәти­жесіне редактор да риза, әкім де разы. Өз ісіне адалдық деген осы болар. Айлакер Черчилль оны білмеді емес, білді. Білгендіктен де фотографтың қылығына көнді.

Хош. «Данышпан туындылар... құс­тың ұя тұрғызғаны секіл­ді соқыр түй­сікпен жасалады» демеуші ме еді француз философы Вольтер. Осылайша Чер­чилльдің суреті Екінші дүниежүзілік со­­ғыстағы қаралы күндердің кө­ңіл кү­йін бейнелеуімен мәңгі ес­те қалды. Чер­чилльдің қатулы қа­бағы – сол дәуірдің мінез-құлқы. Оны одан бөліп алып қа­рауға бол­майды.