Мәселен, Мұхтар Әуезов Семейде семинарияда оқып жүргенде «Ярыш» футбол командасында ойнағанын білеміз. Кейінірек ат бәйгесіне ерекше жанкүйер болыпты. Бұдан бөлек жазушының бильярд, тоғызқұмалаққа да қызығушылығы артқан. Аңшылыққа шығуы екібастан. Сондай-ақ ұлы Елдармен шахмат ойнап отырғаны деректі фильмде де көрсетіледі.
Ал Мұқағали Мақатаев пен Жұматай Жақыпбаевтың бокспен шұғылданғаны да ел аузында.
Орыс классиктеріне келер болсақ, Максим Горький шаңғы тепкенді ұнатқан екен. Ал Лев Толстой спортқа өте құмар болған. Ол 67 жасында велосипед айдауды үйреніпті. Лев ақсақалдың бұл талпынысын көрген жұрт, әрине күлген. Алайда жазушы күнделігінде: «Кейінгі кездері манежде велосипед теуіп үйреніп жүрмін. Менің оған қызығуым, әрине біртүрлі. Евгений Иванович (дәрігер) мені бұл ісімнен айнытып, оған қоса ренжіді. Ал маған түк ұят емес. Керісінше, мұнда бір табиғи диуаналық бар екенін сеземін», деп жазады.
Мәскеулік велосипедшілер қоғамы өз қатарларының 67 жастағы қаламгермен толыққанына сұмдық таңғалды. Сөйтіп Толстойға ағылшынның Rover маркалы велосипедін сыйға тартты. Бұл қызық оқиғаға «Циклист» журналының сәуірдегі нөмірінде тұтас мақала арналды.
Бұдан бөлек Толстой коньки тебуден де құр алақан емес және ол атқа мініп, сағаттар бойы жаяу жүруден де жалықпапты. Кей күндері балық аулап, аңға шығатын: тіпті аю атқан деседі (әрине, вегетариан болғанша).
Александр Куприн де құмар атлет атанып, циркте өнер көрсетіпті. Ол әуе шарымен көтеріліп, сүңгуір костюмімен су астына түскен.
Ал әуесқой саятхатшы кім десеңіз, ақын Николай Гумилевті айтамыз. Ол бірнеше рет Африкада әрі саяхатшы, әрі экспедиция жетекшісі ретінде болған.
Спорттың ең тыныш түрімен Иван Тургенев айналысқан. Шахматты өте жақсы ойнаған ол, тіпті халықаралық турнирлерге де қатысыпты.