Форумның ашылу салтанатында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ирина Смит Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған ұлттың жаңа болмысын қалыптастырудағы жастардың рөлі, өңірде мемлекеттік жастар саясатының іске асырылуы, пандемиядағы волонтерлердің қызметі туралы атап өтті.
Өткен жылы «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарында 1 206 адам еңбек еткен. Олардың 522-сі көп балалы және тұрмысы төмен отбасылардан болса, 113 жас – оқу оқымайтын және жұмыс істемейтін NEET санатындағылар. Сондай-ақ «Еңбек» бағдарламасы арқылы 16 мың жас жұмыспен қамтылса, «Жұмыспен қамтудың 2020 жол картасы» арқылы 3 700 жас маман еңбекке тартылған. Ал «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы арқылы 378 адам көтерме жәрдемақы, 294 маман тұрғын үй алу үшін бюджеттік несиеге ие болған.
Форумда сөз алған «Birgemiz» волонтерлердің республикалық фронт-кеңесінің жетекшісі Татьяна Миронюк жыл бойы іске асырылған жобалар мен оған шығысқазақстандық жастардың белсенді қатысуы туралы баяндап берді. Оның айтуынша, облыс жастары әр жобаның құны 300 мың теңге тұратын 53 шағын грантты жеңіп алып, кәсіптерін дөңгелеткен.
Өскемендік белсенді волонтер Василий Хванның айтуынша, карантин кезінде жалғыз тұратын, денсаулығы және әлеуметтік жағдайына байланысты көмекке мұқтаж адамдарға, қарт кісілерге еріктілердің көрсеткен көмектері ұшан-теңіз. Олар барлық қауіпсіздік шараларын сақтай жүріп, азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізумен айналысқан. Қайырымы мол бұл жұмысқа ұзын саны 93 волонтер жұмылдырылыпты.
– Біз қарттардың қауіпсіздігін ойладық. Сөйтіп, оларға керек-жарақтарын апарып беріп жүрдік. Сақтық шараларын түсіндіру жұмыстарына, бетперделер таратуға да белсене қатыстық, – дейді Василий Хван.
Әлемді дүрліктірген коронавирус инфекциясының таралуы кезінде өзінен гөрі өзгелердің өмірін ойлап, халықтың денсаулығы үшін қызмет еткен үржарлық жас дәрігер Шұғыла Тұрсынбекова провизорлық бөлімде 14 күн емдеуші дәрігер ретінде қызмет атқарғанын, әлі де індетпен күрестің жалғасып жатқанын айтты.
Онлайн форматта жалғасын тапқан форумда декреттік демалыста отырған Жанна Оспанова пандемия кезінде онлайн дүкенді қалай ұйымдастырғаны туралы тәжірибесімен бөлісті. Жаннаның негізгі жұмысы – Курчатов қаласындағы ұлттық ядролық орталықта инженер. Ол әңгімесінде Курчатовтағы фитнес орталығының жұмысы, пандемияда тап болған қиыншылықтары туралы да сөз қозғады.
Форум аясында жобалық менеджмент, халықаралық деңгейдегі волонтерлік жобаларға қатысу, лидерлік және жеке брендті қалыптастыру бойынша С.Ушакованың, А.Берлібайдың, А.Ерниязованың және Э.Жүнісованың қатысуымен жастарға арналған тренингтер өтті.
Одан өзге «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы IT маман, «Эвклид» білім беру орталығының негізін салушы, «Thousand IT Group» компаниясының директоры, бірнеше әлеуметтік жобаның бастаушысы Айболат Құлатаймен және «Қазақстан жастарының конгресі» ЗТБ-ның басшысы, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Тоқтар Болысовпен мотивациялық кездесулер ұйымдастырылды. Алдағы уақытта мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға үлес қосқан жастар ішінен жеңімпаздар анықталып, облыс әкімінің сыйлығымен марапатталады.
Шығыс Қазақстан облысы