Аймақтағы бірқатар ауылда талайды толғандырған түйткілді мәселе шешімін тапты. Жуырда Байзақ ауданының Сеңкібай және Жаңатұрмыс ауылдарында су қабылдау ғимараттары мен су құбыры желілерінің құрылысы аяқталды. Аталған ауылдардағы құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың сәуір айында басталған. Жұмыстың жалпы құны 341,6 мың теңгені құрайды.
«Таза ауыз су – денсаулықтың кепілі екені белгілі. Аудан бойынша сегіз елді мекенде тиісті жұмыстар жүргізілді. Соның төртеуі ауыз су жүйесіне қосылып үлгерді. Бүгінде мұндай елді мекендер саны 24-ке жетіп отыр. Мырзатай ауылдық округіне салынған 500 млн теңгенің 350 млн теңгесі Сеңкібай ауылына тиесілі. Соның ішінде 341 млн теңге сумен жабдықтау жобасына бағытталды. Ал қалған қаражат үш көшені жарықтандыруға жұмсалды», дейді Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил.
Бұл ретте ауыл тұрғындары Амангелді Әлімбаев, Әуесхан Байгелов жергілікті жұртшылықтың мәселесін шешіп, ауылды таза ауыз сумен жабдықтау жобасын сапалы жүзеге асырғаны үшін көпшіліктің атынан тиісті азаматтарға ризашылықтарын білдіруде.
Сонымен қатар Жаңатұрмыс ауылындағы су қабылдау нысаны мен су құбыры желілері де іске қосылды. Ауылға таза ауыз су тартудың нәтижесінде жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесі де оң шешімін табуда. Мәселен, ауыз су кірген екі елді мекенде де жергілікті тұрғындар арасынан «Байзақ Су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны арқылы 3 машинист және 1 бақылаушы тұрақты жұмысқа қабылданған. Қазіргі кезде екі бірдей ауылдың халқы таза ауыз судың игілігін көріп отыр.
Талай жылдан бергі түйінді мәселелерді шешу облыс орталығымен іргелес жатқан Жамбыл ауданында да жүзеге асуда. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудандағы 110 үйдің тұрғындары таза суға қосылды. Мемлекет қолдауының нәтижесінде бас мердігер «Жігер-2004» ЖШС әр аулаға құбыр тарту жұмыстарын жүргізіп берді. Енді аталған үй иелері орталықтандырылған желіге қосылуы керек. Бұл ретте Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев мемлекеттік бағдарламалар ауылдарды дамытуда және адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуда маңызды рөл атқаратынын айта келіп, аудандағы Қаратау ауылына ауыз су мен газ берілген соң, көшелерді жарықтандыру, жол жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Алдағы уақытта ауданның кейбір ауылдарындағы ауыз су мәселелері кезең-кезеңімен шешілетін болады.
Мемлекет қолдауының нәтижесінде Жуалы ауданы, Жұрымбай ауылына да таза ауыз су келді. Бүгінде ауыл тұрғындары талай жылдан бері өзекті мәселеге айналып келген таза судың игілігін көруде. Ауылға таза ауыз су тартуға үлес қосқан «Байсын-А» ЖШС өкілдерінің айтуынша, су 126 метр тереңдіктен тартылып отыр екен. Сонымен қатар 16 шақырым су құбыры жүргізілген. Ал Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебековтің айтуынша, биыл тағы бірнеше ауыл таза ауыз суға қосылады. Ол жыл сайын ауданның елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейінің артып келе жатқанын айтып, биыл нақты тағы бес ауыл орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілетінін жеткізді.
Су – тіршілік көзі. Алайда көптеген ауылдықтың таза ауыз суға әлі де болса қол жеткізе алмай келе жатқаны шындық. Десе де, аталған үш ауданда жыл басында көп жылғы мәселелер оң шешімін табуда. Бірақ мұнымен Жамбыл облысындағы барлық ауданда ауыз су мәселесі толығымен шешілді деуге болмайды. Мұндай мәселе аталған Байзақ, Жамбыл, Жуалы аудандарының өзінде әлі де бар. Сол сияқты, Т.Рысқұлов, Мойынқұм, Сарысу сияқты бірқатар аудандағы кейбір ауылдардың су мәселесі әлі шешілмеген. Дегенмен, мемлекет қолдауының нәтижесінде, бағдарламалардың аясында мұндай мәселелер келешекте шешіліп қалар деген тұрғындардың үміті басым...
Жамбыл облысы