1,4 млн адам жұмыспен қамтылды
Экономиканың, банк саласының жай-күйі, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов, Ұлттық банк төрағасы Е.Досаев, Қаржы министрі Е.Жамаубаев, Өнеркәсіп пен энергетика секторындағы ахуал туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов пен Энергетика министрі Н.Ноғаев, агроөнеркәсіп кешеніндегі жағдай туралы Ауыл шаруашылығы министрі С.Омаров баяндады.
Ұлттық экономика министрі Р.Дәленов ел экономикасының жай-күйі туралы баяндады. Министрдің айтуынша, 2020 жылы нақты сектор экономикалық драйвер болды. Ондағы өсім 2%-ды құрады. Көрсетілетін қызметтер үшін өткен жыл минус 5,6%-бен аяқталды, дегенмен соңғы айларда қарқын қалпына келе бастады. Соның нәтижесінде, ІЖӨ-нің өсу қарқыны минус 2,6%-ды құрады. Бұл 11 айдың деңгейінен жоғары.
Нақты сектор салаларының көбі және жекелеген қызмет түрлері өсім көрсетті. Олар – құрылыс, ақпарат және байланыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және білім беру салалары.
Сондай-ақ кейбір салалардағы теріс өсімге қарамастан, жыл соңына қарай серпін жақсарды. Олар – көлік, сауда, ғылыми және техникалық қызмет, жылжымайтын мүлік операциялары және кен өндіру өнеркәсібі.
2020 жылы экономиканы қолдау шаралары жұмыспен қамту мен іскерлік белсенділікті сақтауға ықпал етті. Жұмыс орындарын сақтау және құру үшін Жұмыспен қамтудың жол картасы іске асырылуда. Зардап шеккен салаларды салықтық ынталандыру шаралары қабылданды. Шағын және орта бизнесті жеңілдікпен кредиттеу құралдары айтарлықтай кеңейді. Айналым капиталын қаржыландыру ұлғайды. Жеңіл шарттармен кредиттерді қайта қаржыландыру, сондай-ақ кредиттердің төлемдерін кейінге қалдыру ұсынылды.
Бюджеттік және мемлекеттік басқарудың икемділігі қамтамасыз етілді. Бюджеттік ынталандыру артты. «Соның нәтижесінде, жұмыспен қамту шараларымен 1,4 млн адам қамтылды, оның ішінде 238 мың адам Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде қамтылды. 700 мың кәсіпкерге салықтық жеңілдік берілді. Зардап шеккен салалардағы қарыз алушылардың 80%-ның кредиттік төлемдері кейінге қалдырылды. Кәсіпкерлердің 40 мыңға жуық жобасы төмендетілген мөлшерлемемен қаржыландырылды», деді Р.Дәленов.
Экономика құрылымының сапалы өзгеруі байқалды. Өнеркәсіптің жалпы көлеміндегі өңдеудің үлесі 9,4 %-дық тармаққа артты, яғни 2019 жылғы 39,4%-дан 2020 жылы 48,8%-ға дейін өсті.
Өңдеу өнеркәсібі салаларында озық өсім байқалады. Жекелеген өңдеу салаларында өткен жылмен салыстырғанда өсім жеделдеді.
2020 жылғы 11 айда сыртқы сауда айналымы 77,7 млрд доллар, оның ішінде экспорт 43,4 млрд долларды құрады. Әлемнің 117 еліне Қазақстан тауарларының 3 183 дайын, өңделген түрлері экспортталды. Импорт 34,4 млрд доллар болды. Осылайша, 9 млрд доллар деңгейінде оң сауда теңгерімі қамтамасыз етілді.
Жалпы алғанда, негізгі капиталға 12,3 трлн теңге инвестиция тартылды. Инвестициялар кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда 14,8%-ға өсті.
Ұлттық қордың кірісі оң деңгейде
Банк саласының жағдайы туралы баяндаған Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың айтуынша, COVID-19-бен сырқаттанушылардың рекордтық деңгейге жеткеніне қарамастан, 2020 жылғы желтоқсанда әлемдік нарықтарда жағымды жаңалықтар басым болды. «Дамыған және ірі елдерде жаппай вакцинацияның басталуы экономикалық белсенділіктің қалпына келу болжамын жақсартып, бұл нарықтар үшін оң белгі болды. 900 млрд доллар сомасына АҚШ экономикасын ынталандырудың қосымша топтамасын қабылдау қор және тауар нарықтарына айтарлықтай қолдау болды», деді Е.Досаев.
Қазақстандағы іскерлік белсенділіктің шоғырланған индексі 2020 жылғы желтоқсанда көбінесе құрылыстағы іскерлік белсенділіктің төмендеуі есебінен 49,4-тен 49-ға дейін төмендеді, ондағы көрсеткіш 52,5-тен 49,5-ке дейін қысқарды. Қызмет көрсету саласында 0,7 тармаққа 48-ге дейін төмендеу байқалуда. Сонымен қатар өнеркәсіп 2020 жылғы қаңтардан бастап алғаш рет оң көрсеткішке жетті, индекс 49,6-дан 50,3-ке дейін көтерілді.
2020 жылы Қазақстан экономикасының 2,6%-ға жалпы төмендеуі Ұлттық банктің 2,5-2,7% деңгейіндегі болжамдарына сәйкес келеді. Жылдық инфляция да бір ай бұрынғы 7,3%-бен салыстырғанда 2020 жылдың соңында 7,5%-ға дейін жылдамдап, Ұлттық банктің 7,0-7,5% деңгейдегі күтулеріне сәйкес қалыптасты. Бағаның жалпы өсуіне негізінен азық-түлік инфляциясы ықпал етуде. Азық-түлік тауарлары бағасының жылдық өсуі нарықтарда жекелеген тамақ өнімдерінің (өсімдік майы, қант, жұмыртқа) теңгерімсіздігі күшейгеннен 10,8%-дан 11,3%-ға дейін ұлғайды. Азық-түлікке жатпайтын инфляция киім мен аяқкиім бағасының 4,8%-ға (қарашада – 5,2%) дейін өсуінің баяулауы аясында 5,7%-дан 5,5%-ға дейін саябырлады. Ақылы қызмет инфляциясы қоғамдық тамақтану қызметі мен қонақүйде қызмет көрсету бағасының өсуіне байланысты 4,1%-дан 4,2%-ға дейін жеделдеді.
Е.Досаев атап өткендей, сыртқы жағдайлардың жақсаруына байланысты және Ұлттық банк Үкіметпен бірлесе отырып қабылдаған шаралар кешенінің нәтижесінде теңгенің айырбастау бағамы наурыздағы 448,5 теңгеге дейінгі құлдыраудан жыл соңында айтарлықтай жақсарды.
Ағымдағы жылғы 11 қаңтарда биржадағы сауда-саттық қорытындысы бойынша айырбастау бағамы айдың басынан бері тағы да 0,4%-ға нығайып, бір АҚШ доллары үшін 419,18 теңге болды. Банк жүйесіндегі депозиттер 2020 жылғы қарашаның соңында негізінен теңге салымдарының өсуі есебінен жыл басынан 15,3%-ға ұлғайып, 21,9 трлн теңге болды.
Экономикаға кредиттер 2020 жылдың басынан бері ұзақ мерзімді кредиттердің өсуі нәтижесінде 2020 жылғы қарашаның соңында 14,65 трлн теңгеге дейін 5,6%-ға ұлғайды. Қысқа мерзімді кредиттер 2,1 трлн теңгеге дейін 3%-ға немесе 60,5 млрд теңгеге ұлғайды. 2020 жылдың басынан бастап халықтың кредиттері 7,36 трлн теңгеге дейін 10,5%-ға өсті.
Экономиканы қолдау үшін Мемлекет басшысының дағдарысқа қарсы бастамаларын іске асыру жалғасуда.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 2020 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша кәсіпкерлерден 1 трлн теңге сомаға 1 373 өтінім келіп түсті, оның ішінде банктер жалпы сомасы 658,9 млрд теңгеге 854 өтінімді мақұлдады, 516,2 млрд теңге сомаға 778 қарыз берілді.
Кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы бойынша 2020 жылғы 31 желтоқсанда кәсіпкерлер 612,5 млрд теңгеге 2 493 өтінім берді, оның ішінде 474,6 млрд теңгеге 1 733 өтінім мақұлданды, 528 млрд теңгеге 5 158 қарыз берілді, оның ішінде 136 млрд теңгеге 2 454 қарыз бұрын берілген қарыздарды өтеуден түскен ақша есебінен берілді.
Ұлттық банктің қаржыландыруы есебінен тұрғын үй құрылысын қолдау жалғасуда. «7-20-25» бағдарламасы бойынша 2020 жылғы 30 желтоқсанда 567,3 млрд теңгеге 48 355 өтінім қабылданды, 326,2 млрд теңгеге 27 700 өтінім мақұлданды, оның ішінде 258,7 млрд теңге сомасына 22 169 қарыз берілді.
«Баспана Хит» нарықтық ипотекалық бағдарламасы бойынша 2020 жылғы 30 желтоқсанда 868,6 млрд теңгеге 95 719 өтінім қабылданды, 457,4 млрд теңгеге 50 939 өтінім мақұлданды, 370,1 млрд теңгеге 42 166 қарыз берілді.
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндамада бюджеттің кіріс және шығыс бөліктері бойынша негізгі көрсеткіштер, мемлекеттік аудит және мемлекеттік активтерді бәсекелес ортаға өткізу жөніндегі істердің жай-күйі туралы айтты.
Министр атап өткендей, мемлекеттік бюджетке 9 трлн 751 млрд теңге кіріс түсіп, жоспар 102,7% атқарылды. Республикалық бюджетке 6 трлн 561 млрд теңге кіріс түсіп, жоспар 100,3% атқарылды. Кірістер бойынша жоспар 22 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар 16 млрд теңгеге артығымен орындалды.
Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,1%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 98,3%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 99,1%-ға атқарылды. Республикалық бюджет бойынша 14 трлн 234 млрд теңгеге сомасына шығыстар жүргізілді. Орындалмаған көлемі 241 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 224 млрд теңге – Үкімет резерві бойынша үнемделген ақша және басқа шығыстар бойынша үнем. Игерілмеген сома – 15 млрд теңге.
Мұнайдың орнын басқа салалар толықтырды
Отандық экономика секторларындағы даму үрдістері туралы баяндаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, Үкіметтің экономика тұрақтылығын сақтау бойынша уақтылы қабылдаған шараларының нәтижесінде экономиканың аталған министрлік жетекшілік ететін барлық саласында дерлік өсімге қол жеткізілді. 2020 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінде оң үрдіс сақталды. «Машина жасау саласы 116,3% деңгейінде тұрақты өсім көрсетті. Автокөлік құралдары, трейлерлер және жартылай тіркемелер, өзге көлік құралдарын, электр жабдықтарын жасау, машиналар мен жабдықтар өндірісі өсті», деді Бейбіт Атамқұлов.
Түсті металлургияда да оң динамика байқалды. Өсім – 2,8%. Қара металлургияда өсім 4,1% болды.
Фармацевтика өнеркәсібіне тоқталар болсақ, мұнда ішкі нарықтың ең қажетті өнімдерге сұранысы толық өтелді. Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс 15%-ға өсті. Бұл тоқыма бұйымдары өндірісінің, киімнің және былғары өнімдердің ұлғаюына байланысты болды. Ағаш және тығын бұйымдары өндірісінің өсімі 43,2%-ды құрады. Құрылыс материалдары өндірісі 1,8%-ға артты.
Көлік саласында нақты көлем индексі 2020 жылы 82,8%-ды құрады. Оған наурыз айында енгізіліп, жыл соңына дейін созылған локдаун әсер етті. Дәстүрлі сегменттерде тасымал төмендесе де, контейнерлік жүктерді транзиттік тасымалдауда оң нәтиже болды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда транзиттік контейнерлердің жалпы көлемі 876 мың дана жиырма фунттық баламаны құрады. Өсім – 32% болды.
Б.Атамқұлов қалыптасқан жағдайға қарамастан, құрылыс саласы экономикалық өсудің негізгі драйвері болып қалғанын атап өтті. Құрылыс саласында нақты көлем индексі 2020 жылдың қорытындысында 111,2% болды. 16 өңірде оң динамика байқалады. Тұрғын үй құрылысында 2020 жылдың қорытындысында 15,336 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 116,8%-ды құрайды. «Республика бойынша барлығы 140 мыңнан астам баспана пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш 15 өңірде артты», деп нақтылады Б.Атамқұлов.
Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, аталған кезеңде мұнай және конденсат өндіру көлемі 85,7 млн тоннаға жетті. Республика бойынша мұнай өндіру 90 млн тоннадан 85,7 млн тоннаға төмендеді. Коронавирустың таралуына және көптеген елдердегі қатаң шектеу шараларына, әлемде мұнай мен мұнай өнімдерін тұтынудың төмендеуіне, экономикалық белсенділіктің азаюы салдарынан әлемдік мұнай қоймаларының толып кетуіне байланысты 2020 жылы Үкімет мұнай өндірісінде шектеу шараларын іске асырды. Оған қоса ОПЕК+ ұйымына мүше елдер мұнай өндіруді шектеу бойынша осындай шараларды қабылдады. «Аталған шаралар арқасында әлемдік мұнай нарығында ұсыныс пен сұраныс тепе-теңдігінің біртіндеп қалпына келуі байқалады, мұнайдың бағасы барреліне 18 доллардан 50 долларға дейін өсті», деді Н.Ноғаев.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың айтуынша, өткен жылы да АӨК-те тұрақты өсім сақталды. 2020 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемі бір жылда 5,6%-ға артып, 6,3 трлн теңгені құрады.
Негізгі өсім – өсімдік шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 7,8%-ға, яғни 3,6 трлн теңгеге дейін ұлғаюымен қамтамасыз етілді. Еліміздің 5 облысы: Қостанай (шамамен 121%), Ақмола (шамамен 113%), Павлодар (107,5%), Ақтөбе (106,7%) және Қарағанды (105,7%) жоғары өсу қарқынын көрсетті.
Мал шаруашылығының жалпы өнімі 3%-ға артып, 2,6 трлн теңгені құрады. Бұл ретте тірі салмақта ет өндіру көлемі 4,1%-ға, сүт өндіру көлемі 3,2%-ға өсті. Шикізатты қайта өңдеу саласы да оң динамиканы көрсетті. Азық-түлік өнімдерінің өндірісі 2020 жылдың 12 айында 4%-ға өсіп, 1,9 трлн теңгені құрады.
2020 жылдың 12 айында ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестиция 15%-ға ұлғайып, 573,2 млрд теңгені құрады. Азық-түлік өндірісінің негізгі капиталына инвестициялар 13,5%-ға артып, 104 млрд теңгеге жетті.
Нақты сектор экономикаға дем берді
Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Оның айтуынша, 2020 жылы өңдеу өнеркәсібін, құрылысты, ауыл шаруашылығын қоса алғанда, нақты сектордағы өсім Қазақстанның ұлттық экономикасы тұрақтылығының негізгі факторына айналды. Мәселен, өңдеу өнеркәсібінде 3,9%-ға, оның ішінде металлургияда 2,6%-ға, азық-түлік өнімдері өндірісінде 4%-ға, фармацевтикада 47%-ға, машина жасауда 16,3%-ға, оның ішінде автомобиль жасауда 52,5%-ға, жеңіл өнеркәсіпте 15%-ға өсім қамтамасыз етілді. Құрылыс көлемі 11,2%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру 16,8%-ға немесе шамамен 15,3 млн шаршы метрге ұлғайды. Ауыл шаруашылығында 5,6%-дық тұрақты өсім тіркелді.
ОПЕК+ қол жеткізілген уағдаластықтарды орындау аясында тау-кен өндірісі саласында шектеулі динамика байқалды. Алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қордың активтері 2020 жылғы 31 желтоқсанда 94,4 млрд долларды құрап, бір жыл ішінде 3,6 млрд долларға ұлғайды. Экономиканың тұрақтылығы жұмыссыздық деңгейін 5%-ға дейінгі диапазонда ұстап тұруға мүмкіндік жасап, халықтың нақты кірісі айтарлықтай төмендеуіне жол берілмеді. Үкіметтің қазіргі дағдарыс жағдайында экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларының тиімділігін алдыңғы қатарлы халықаралық қаржы институттары, рейтингтік агенттіктер мен консалтингтік компаниялар бірнеше рет атап өтті.
Эпидемиялық ахуал бақылауға алынған, дегенмен кейбір өңірлерде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін белгілі бір шектеулер сақталды. Эпидемиялық жағдайдың тұрақтануы аясында қызмет көрсету секторында біртіндеп қызмет қалпына келіп жатыр.
Желтоқсан айында қарашамен салыстырғанда қызмет, сауда (+1,4%) және байланыс (+0,2%) салалары да одан әрі қалпына келді. Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалалары негізгі 7 көрсеткіштің 5-еуі бойынша әлеуметтік-экономикалық даму өсімін қамтамасыз етті. 4 көрсеткіш бойынша Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар облыстары мен Алматы қаласында оң динамикаға қол жеткізілді.
«2020 жыл сын-тегеуріндерге толы жыл болды. Уақтылы қабылданған шаралардың нәтижесінде біз оны еңсердік. Еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі қамтамасыз ету және халықтың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын тиімді іске асыру қажет», деді А.Мамин.
Үкімет басшысы ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған міндеттер егжей-тегжейлі қаралатынын мәлімдеді.