Өнер жәрмеңкесіне суретшінің әртүрлі мәнерде орындалған 34 графикалық жұмысы қойылған. Жылдар бедерінде қатталған үлкен ізденісті көрсететін шығармашылық баян «Өмір иірімі» деп аталуы жайдан-жай емес. Автор үшін өмір ырғақтарын құрайтын кенептегі сызықтар – өзін толғандыратын күйлер мен эмоцияларды жазықтықта бейнелеудің негізгі тәсілі. Шығармалардың көркемдігін арттырып, композициясын ашып тұрған да сан тарау сызықтар әлемі.
Көрме жетекшісі Шолпан Нұғыманованың айтуынша, графикалық техникасы әртүрлі болғанымен, Светлананың сүйікті материалдарының бірі – тушь, қаламұш. Оның туындылары сызықша, нүкте, дақ пен сызықтар негізінде кенепке түседі. Өнер иесі кескінделген бейнелерді өзінің пластикасымен жандандырады. Осылайша түрлі-түстермен толықтырылған тік, диагоналды сызықтар шығармаға жан бітіріп, көрерменге ерекше әсер сыйлайды.
– «Алматы аспаны», «Аурухана терезесінен» секілді пейзаждық жұмыстар мен «Түймадақтар», «Раушан гүлі» деп аталған гүлдер композициясының топтамасы алуан сезімдер мен көңіл қобалжуларының үйлесіміндегі табиғаттың жарқын көрінісіне баса назар аударады. Сол арқылы пейзаж лирикасының тереңіне тартады, көрерменін иіріп әкетеді, – дейді Шолпан Нұғыманова.
Сөз басында айтып өткеніміздей, оның шығармалары нәзіктіктен нәр алған. Туындыларда көктем күнінің әуезді дыбыстары пайда болады, дала гүлдерінің хош иісі сезіледі, құстардың үні естіледі. Мұның бәрі әлбетте көрерменнің қуаныш сезімін оятары анық. Ал Какоткинаның сюжеттік суреттерінен өмір мен болмыс тақырыбындағы философиялық толғаныстар мен авторлық пайымдарды байқасақ, лирикалық мазмұндағы шығармаларында композиция мен формалардың ықшамдылық үйлесімділігі айқын көрінеді.
Сонымен қатар Светлана Какоткина көңілдің кейбір сәттерінде өлең жазады. Өлеңдер жинағына иллюстрациялар жасау суретшіні Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде дебюттік жеке көрмесін өткізуге рухтандырған. Суретшінің көңіл терезесінен өмірдің жарқын бояулары көрініп, сұлулық, тазалықтың жұпар лебі еседі.
АЛМАТЫ