Әлем • 13 Қаңтар, 2021

Трамп өз әрекетіне өкінбейді: Өкілдер палатасы екінші рет импичмент жариялауда

153 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

АҚШ президенті Дональд Трамп Капитолийдегі қанқұйлы бүліктің алдында жасаған үндеуінде жақтастарын Конгресске қарай жүріп сайлау нәтижелерін даулауға шақырғандығын «толығымен орынды болды» деп мәлімдеді. Сондай-ақ ол Конгресстегі демократтардың өзіне импичмент жариялау әрекетін «күлкілі» екенін айтады, деп жазады Egemen.kz ВВС.com сайтына сілтеме жасап.

Трамп өз әрекетіне өкінбейді: Өкілдер палатасы екінші рет импичмент жариялауда


Өкілдер палатасындағы демократтар президентті айыптауға дауыс беруі сәрсенбіде өтеді деп отыр. Егер палатада дауыс берілсе, Трамп АҚШ тарихындағы екі рет импичмент жарияланған алғашқы президент болады.

Алайда сенаттағылардың 2/3 бөлігі дауыс берген жағдайда ғана Трамп қызметінен кетеді. Бұл үшін республикашылардың көпшілігінің келісімі қажет болады. Ал әзірге олардың тек аз ғана бөлігі өз партияларынан шыққан президентке қарсы дауыс беруге дайын екенін көрсетті.

Өкілдер палатасы вице-президент Майк Пенстен қызметіне байланысты өкілеттілігін қолдана отырып, Трампты орнынан кетіруін сұрап отыр. Алайда вице-президенттің өзі бұл ойға қарсы. Трамптың биліктен кетуін талап етушілер демократтар мен кейбір республикашылар арасында конгресстегі бес адамның өмірін қиған тәртіпсіздіктерден кейінгі күндері күшейе түсті.

Аида Оралбек