Оқиға • 13 Қаңтар, 2021

Қырғызстанға шаңғы тебуге барып қаза тапқан қазақстандыққа қатысты ақпарат пайда болды

168 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қырғызстандағы тау шаңғысы базасында қаза болған қазақстандыққа қатысты жаңа деректер шықты. Ыстықкөл облысының Ішкі істер басқармасының баспасөз қызметі хабарлағандай, марқұм Нұр-Сұлтан қаласынан келген, деп хабарлайды Egemen.kz

Қырғызстанға шаңғы тебуге барып қаза тапқан қазақстандыққа қатысты ақпарат пайда болды

Полиция жасөспірімнің 13 жаста екенін атап өтті. Қазақстандық 31 қаңтардағы14-ші туған күніне жетпей жазым болыпты.

«Жүргізілген тергеу іс-шаралары барысында осы жылдың 3 қаңтарында Қазақстан Республикасы Нұр-Сұлтан қаласының 35 жастағы тұрғыны өзінің 13 жастағы кәмелетке толмаған ұлымен немере ағасына Шу облысының Тоқмақ қаласына қонаққа келгені анықталды. 10 қаңтарда немере ағасы отбасымен және жиенімен Қаракөл қаласына келген, онда олар қонақүйлердің бірінде тұрып, "Қаракөл" тау шаңғысы базасына демалуға кеткен», деді баспасөз қызметіндегілер.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жасөспірім бұрылыста 2700 метр биіктегі шыршаға барып құлаған.

«12 қаңтарда сағат 13.00-де тау шаңғысы базасында демалу кезінде кәмелетке толмаған бала 3040 метр биікке көтерілді, онда ол батыс трассамен төмен түсті. Шамамен 2700 метр биікте батыстан шығысқа қарай бұрылған кезде ол жылдамдықты басқара алмай, шыршаға барып соғылған. Нәтижесінде  алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.

Марқұмды сырттай тексеру барысында сот-медициналық сарапшыкәмелетке толмаған баланың аяғы мен мойынының сынғанын анықтады. Жасөспірімнің өлімінің барлық мән-жайын толық анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды және тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр», деді Ыстықкөл облысының Ішкі істер басқармасының өкілдері.