Саясат • 14 Қаңтар, 2021

Жасарған, жаңа құрамдағы Мәжіліс

487 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Күні кеше Қазақстан азаматтары елдің алдағы бағыты мен бағдарын айқындап, мемлекеттің әлеуетін арттыратын маңызды таңдау жасады. Мәжілістің жаңа жасақталғалы отырған құра­мының, яғни жетінші шақырылым депутаттарының қау­қары мен қарымы қандай дең­гейде екенін дөп басып айту қиын. Де­генмен алдағы қызметіне қатысты аздап болжам жасауға кедергі жоқ.

Жасарған, жаңа құрамдағы Мәжіліс

inform.kz

Парламенттің төменгі палатасындағы орындарды үш саяси партияның өкілдері иемденгені белгілі. Nur Otan партиясы сайлаушылар дауысының 71,09 пайызын, «Ақ жол» 10,95 пайызын, Қазақстанның Халық партиясы 9,10 пайызын алды. Сәйкесінше, Nur Otan 76 мандатқа, ақжолдықтар 12 мандатқа ие болса, Қазақстанның Халық партиясы 10 орынды місе тұтпақ. Саяси партиялар депутаттар тізімін жариялаған сәттен бастап қоғамда халық таңдауы кімге түскені, олардың әлеуеті қандай екені және басқа да осы секілді мәселелер қызу талқыға түсті. Десек те, «Парламент Мәжілісіне өткен партиялар үгіт-насихат науқаны кезінде берген уәделерін қаншалықты деңгейде орындай алады?» деген сауалға ешкім әзірге нақты жауап бере алмайды. Өйткені оны алдағы уақыт көрсетеді.

Партиялар тізіміне қатысты сарап­шы­лардың пікірі де назардан тыс қал­мады. Қазақстан стратегиялық зерттеу­лер институтының жетекші ғылыми қыз­мет­кері Мәдина Бектенова депутаттар қатары жаңа есімдермен толыға түскенін айтады.

«Партиялар жаңа сайланған Пар­ламент Мәжілісі мен мәслихаттардың депутаттығына үміткерлердің пар­тия­лық тізімдерін бекітті. Тізімдер теңес­тірілген. Оған қоғамдық пікір көш­басшылары, өңірлік белсенділер де кір­ген. Квота бо­йынша белгіленген әйел депутаттардың пайызы ережеге сай. Әрине, бастапқыда сайлау жүйесіне байланысты барлық саяси реформалар депутаттар құрамын жаңартып, сапасын кеңейтуге, азаматтық сектор өкілдерін тартуға бағытталған болатын. Жалпы, бұл – халық пікіріне құлақ асып, қоғам ойын ескере отырып жасалған қадам», деп атап өтті сарапшы.

Маман тізімде жаңа есімдердің пайда болуына Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің де үлесі болғанына сенім­ді. Мәдина Бек­те­нованің айтуынша, мемлекеттің қоғам алдындағы жауап­кер­шілігі жыл сайын ар­тып келеді. Бұл тұста жаңа шақырылым де­пу­таттарына қойылатын басты талап – ха­лық алдында жауапкершілікті терең сезіну.

Еліміздің саяси өмірінде жаңа тұл­ғалардың пайда болуы – қордаланған мәсе­лелері көп салаларға серпін беріп, жаңаша ой мен идеялар алып келетін ұтымды қадам екені анық. Осылайша, Мә­жілісте басымдыққа ие болған Nur Otan пар­тиясы ұсынған тізімдегі үміткерлердің 70 пайызы жаңа есімдер екенін көруге бо­лады. Бұған партия өз ішінде жүр­гізген праймериздің үлесі бар. 76 де­путаттың жартысына жуығы – осы сая­си доданың жеңімпаздары. «Ақ жол» және Қазақстанның Халық партиясының алдыңғы сайлаумен салыстырғанда кө­бі­рек мандатқа қол жеткізгенін ескерсек, қос партияда да жаңа есімдерді кездестіруге болады.

Парламент Мәжілісінің орташа жасына байланысты сыни пікірлер бұрыннан ай­тылып келеді. Биылғы сайлаудың нәти­жесі осы олқылықтың орнын толтырды. Тіпті Қазақстан тарихындағы ең жас де­путаттың сайлануына куә болдық. 25 жастағы азаматтың бұл рөлге қаншалықты лайық екені бөлек әңгіме. Бастысы, заң шығарушы орган жұмысына жастардың ара­ласуына мүмкіндік берілгенін аң­ғар­дық.

«Мәжіліс құрамы сапалық тұрғыдан өзгеріп жатыр. Біріншіден, Мәжіліс де­путаттарының орташа жасы төмендеп, «жасарып келеді». Осыған дейін 6-ша­қы­рылым депутаттарының орташа жасы 52–54 болса, жаңа құрамның орта­ша жасы 48–49 шамасында. Бұл – жақсы тенденция. Осылайша, жастарға әлеу­меттік лифт жасалып жатыр. Қазір аза­маттық ұстанымы нық әрі айқын бел­сенді жас азаматтар баршылық. Бұл өзгеріс­тер Мәжілістің белсенділігін арттыра түседі деп есептеймін. Мемлекет басшы­сы Қ.Тоқаевтың сайлауалды бағдар­л­амасында, Жолдауында айтқан саяси реформалардың бірі – әйелдер мен жас­тарға берілген квота еді. Осы арқылы Парламент құрамы жастар мен әйелдер­мен толықты», деді саясаттанушы Қазбек Май­гелдинов.

Сарапшы биылғы сайлаудың тағы бір ерекшелігі ретінде парламенттік оппо­зи­цияның қалыптасуын атады. Қ.Май­гелдиновтің айтуынша, бұл институттың маңызы Парламент қабырғасында бір ғана саяси партия емес, бірнеше партия өкілдерінің комитеттерді басқаруға, Парламент сағатында көбірек мәселеге бастамашы болуға мүмкіндік алуында болып отыр. Ең бастысы, оппозициялық блок Парламент шешіміне вето қоюға, яғни қарсылық білдіруге мүмкіндігі бар. Бұл заң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде айтқан парламенттік оппозиция институтын заңнамалық тұрғыдан бекіту туралы тапсырмасына сəйкес да­йындалған еді.

«Заңнама бойынша депутаттар шеші­мін жоққа шығару үшін 20 адам қарсы дауыс беруі қажет. Осыған дейін партиялар ие болған мандаттар саны қарсы дауыс беруге жетпейтін. Енді бұл мәселе өзгеруі мүмкін. Парламенттегі оппозициялық блоктың құқықтары заңмен бекітілді. Бұл тұрғыдан алғанда көп партиялы жүйені дамытуда және басқа да саяси күштердің пайда болуына алғышарттар жасалып отыр», дейді саясаттанушы.

Саяси партиялардың сайлауалды бағ­дарламаларын қаншалықты тиімді орындайтынын бақылайтын сәт енді келеді. Жаңа жасақталған құрамның әлеуетіне келсек, әр саяси ұйымның алдағы жылдарға қойған даму бағыты мен нақты жоспары бар. Осы тұрғыда Қазбек Майгелдинов әр партия өз құндылықтарына сай әрекет ететінін айтады.

«Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасының басты ерекшелігі – әрбір өңір бойынша 216 жеке жоспар құрғаны. Бұл стратегиялық тұрғыдан қарағанда республиканың дамуына үлес қосады. Ал «Ақ жол» партиясының электораты орта және шағын бизнес өкілдері екені белгілі. Биылғы пандемия дәл осы секторға ауыр тиді. Сол себепті ШОБ-ты қолдау, кәсіпкерлердің қайта бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету үшін арнайы қадамдар қажет. «Ақ жол» алдағы жылдары дәл осы мәселемен айналысады деп ойлаймын», деді саясаттанушы.

Парламентте басымдыққа ие Nur Otan партиясының тек 7 кандидаты ғана мемлекеттік қызметте болса, басқасы бі­лім, денсаулық, БАҚ, үкіметтік емес ұйымдар, эксперттік қоғамдастық, өнер­кәсіп, ауылшаруашылық саласының өкіл­дері екен. Жалпы, азаматтық қоғам өкілдерінің көптеп тартылуы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жырым­дамасының басты қағидаларының орындалып жатқанын көрсетеді.

Мәжілістен 10 орын алған бұрынғы коммунистер партиясы жаңа идеямен келгенін ұмытпайық. Саясаттанушы Қазбек Майгелдинов Қазақстанның Халық партиясының ребрендинг жүргізіп, саяси көзқарасын өзгертуін саяси сахнадағы ірі оқиға деген баға берді. Ұрпақ алмасып, коммунизм идеясын қолдаушылар азайған тұста партияның электоралдық әлеуеті төмендеп кеткені мәлім. Маман партияның коммунистік идеядан толық айырылмаса да, бағытын әлеуметтік мәсе­лелерге бұрғанын атап өтті. «Жалпы, еңбек адамының мүддесін қорғау – партияның өткен және қазіргі басты құндылығы болып қала береді», дейді саясаттанушы.

Алдағы жылдар Қазақстанда ғана емес, әлемде постпандемия ке­зең­іне, дағда­рыстың салдарымен күрес­ке арналатынын ескерсек, саяси партиялардың әлеуметтік мәселелерге баса назар аударуы қисынды. Сарапшылар бірауыздан жаңа құрамдағы Мәжілістің Президент реформаларын жүзеге асы­руға қауқарлы екенін айтты. Жаңадан сайланған депутаттардың алдында осы жаңа реформаларды заңдастыру міндеті тұрғаны анық.

Саясаттанушы Бауыржан Серікбаев Мәжілісте депутаттық мандатқа ие болған құрамның сапасына шәк келтірмейді. Қайта бұл саяси науқанның еліміздегі партиялық жүйенің ілгерілеуіне себеп болғанын айтады. Ол Парламентке өте алмаған партиялар аймақтарда белсенді қызмет етіп, халықпен тығыз жұмыс істейді деген сенім білдірді.

Жалпы, саяси науқан сайын еліміздегі партиялардың сапасы артып, бір саты жоғарылап отырса, қоғамды демократияландыру, саяси белсенді болу мәселелері өздігінен шешілуі мүмкін. Партиялардың көбеюі мен бәсекені қыздыра түсуін сарапшылар бірауыздан қолдап отыр. Парламентке қойылған басты міндеттерді орындауда депутат атанған жастардың, азаматтық позициясы берік белсенді жандардың пікіріне құлақ асып, әлеуетін дұрыс қолдану маңызды.