Содан ақсақалмен жата-жастанып әңгімелестік. Атамыз Алтайдан ауып, Анадолыға қалай барғаны туралы там-тұмдап айтты. Біз де өзіміз білетін бірдемелерді сұрап, қыстырылысамыз кеп. Сұңғыла қария еңкіш тартқан шүйдесін көтермейтін кісі екен. Тек маңызды бірдеңе айтарда аздап маңдайын тіктейді, соның өзінде адамға тесіліп тіке қарамайды. Баяу қоңыр дауыспен сүлесоқтау сөз бастайды. Бір әредікте: «1933 жылы Баркөл өлкесіндегі Хасанту дейтін жерде (қазіргі Қытай елінің батысы Шыңжан-Баркөл өлкесі) отырған Әліп Жанысбайұлының ауылын 25 қыркүйек күні Үрімжіден әскер келіп, адамдарын бірін қалдырмай қырып кетті. Осы қырғын кезінде Әліптің інісі Қожақанның аяғы ауыр әйелі Тәшбаланы әскерлер қылышпен шауып, қарнын жарып өлтіріп кетеді. Арада біршама уақыт өткен соң алыс сапардан оралған Әліптің үлкен ұлы Елісхан қырылып қалған аға-бауыр, ауылдастарының бетін жасырады. Алайда тағдыр пендесіне өмір сыйлайын десе, ол да оңай екен. Тәшбаланың жарылған қарнынан жеті-сегіз айлық баласы аман-есен жарық дүние есігін ашты. Аты – Томық. Қазір дін-аман. Түркияда тұрып жатыр» дегені.
Содан бері өлі анадан тірі туған баланың тағдыры жайлы ауық-ауық еске алып, ел ішінде «Әліп шапқан» немесе «Хасанту қырғыны» аталып кеткен оқиғаның неден болғаны жайында сұрастырып жүрдік. Біршама дерек жинадық. Ел ішіндегі әңгімелерге құлақ түрдік. Оқиғаның ұзын-ырғасы былай екен: 1932 жылы 12 сәуірде қазіргі Шыңжаң Ұйғыр Автономиялы Республикасының басшысы ауысып, бұрынғы ұстанып келген саяси бағыт өзгереді. Бұрынғы үкімет Елісхан Әліпұлы дейтін мықты қазақты Жібек жолы бойындағы сауда ісінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Шығыс шекара қорғаныс отряд бастығына тағайындайды. Осыны көп көрген біреулер жаңа үкіметке Елісханды орнынан алып тастап, қару-жарағын түгелдей жинап алуды талап етеді. Бірақ сайдың тасындай қазақ жігіттерінен әскер жасақтап алған Елісхан жаңа үкіметке бағына қоймайды.
Содан жаңа үкімет Үрімжідегі орыс консулы арқылы Коминтерн өкілі етіп Абай Қасымов деген барлаушыны Елісханның еліне аттандырады. Дәл осы тұста ағайын арасында араздық туып, Әліп ақсақалдың екі інісі Қожаберген мен Қожақан бөлек қоныс іздей бастайды. Осыны сәтті пайдаланып қалғысы келген Моңғолия жағы да араға адам салып, Әліптен ірге бөлгісі келгендерге «таңдаған жеріңнен өріс-қоныс береміз, көшіп келе қал», дейді. Сөйтіп, Әліп ауылының 60 шақты түтіні бір түнде Қобда бетіне ауып кетеді.
Елдің бөлініп, жарылғанын қаламаған Елісхан батыр елу шақты сарбазын бастап, Қобда бетіне ауған елді қайтарып әкелмекке аттанады. Осы орайды күткен 120 адамдық күшейтілген жау әскерлері екіге бөлініп шабуылға шығады. Бір тобы Елісханның ізіне түседі. Жартысы бейбіт жатқан Әліптің ауылын қырып тастауға міндет алады.
Ауылға басып кірген әскер дереу елдің көзінше Әліп ақсақалды табалдырыққа жастап тұрып бауыздайды да, 117 адамды бірін қалдырмай қылышпен шауып өлтіреді. Осы қырғыннан екі адам тірі шыққан. Бірі жоғарыдағы біз сөз етіп отырған Томық аға, екіншісі Әліптің жеті жасар ұлы Сетерхан. Ол кезде Сетерханның тірі қалғанын ешкім білмеген. Себебі әскерлер Сетерхан мен інісі Мұхаметшайқыны алып кеткен. Үш жасар Мұхаметшайқы жылай берген соң бір әскер оны тасқа ұрып өлтірген. Содан хабарсыз кеткен Сетерхан арада 37 жыл өткенде, 1970 жылы ішкі өлкеден табылған.
Елісхан көшіп кеткен ағайындарын ертіп қайта оралып келе жатып, ізін аңдыған әскерге кездеседі. Ол осы әскерді түгін қалдырмай қырады. Содан ауылына келіп сұмдық қырғынды көреді де, әскерін алып жаудың артынан қуады. Бірақ жете алмайды.
Келер 1933 жылы Елісхан әкесінің асына қазақтың игі жақсыларын шақырып қоштасады. Осылай, туып-өскен топырағын тастап, 600 үйді бастап Үндістанға қарай тартады.
2000 жылы Алматыда жарық көрген «Алтайдан ауған ел» атты өзінің тарихи естелік кітабының 14-бетінде Халифа Алтай атамыз: «Елісхан алған бетінен қайтпайтын жігерлі, ержүрек, батыр адам болатын. Ол бастап көшкен 600 түтін Дөңбастау шекарасына келгенде, көшті кейін тоқтатып қойып, тосқауылда жатқан әскерлерге тұтқиылдан шабуыл жасады. Бейғам жатқан әскердің көбі өліп, біразы қолға түсті. Елісхан жаудың тірі қалғандарын бір жерге жинап, мәлімет алды да, азық-түлік беріп қоя берді. Қаруларын қолға түсірді. Әскерлерден қалған техникаларды сарбаздар талқандап, аттарына таға соғып алды. Осында бір түнеп, Гансу аймағының Тула деген жеріне барып қоныстандық» деп жазыпты. Әрі осы көштің топ ортасында атамыздың өзі де болған.
Осылай, қуғынға түскен қазақтар Үндістанға өтіп, Кашмирде 12 жыл мекендеп, ақыры Түркияға барып тұрақтады. Алғаш жолға шыққанда, көшке ілескен 20 мың адамнан Синагарға 2 500-дейі ғана тірі жеткен. Осылардың ішінде жеті-сегіз айлығында өліп қалған анасының ішінен тірі шыққан Томық бар еді. Алланың құдіретін қарамайсыз ба, жолда 18 мыңдай адам қаза тауып немесе жау қолына түсіп, жоғалып кетіп жатқанда, шала туған Томық аман-есен Үндістанға жеткен.
2008 жылы Нұр-сұлтанға ат басын бұрған Хасан Өралтай ағамыздан Томық Қожақанұлы туралы сұрадым. Ол кісі: «Томық ағаң дін-аман Ыстанбұл қаласының Зейтүнбұрын ауданында тұрып жатыр», – дегені. Өз басым ол кісіні тірі шығар деп ойламап едім, іштей «Алла ғұмыр берсін» дедім. Содан тағы бір хабарласқанымда Хасекең: «Томық ағаң сырқаттанып ауруханаға түсіпті, иншалла, жазылып қалар» деп, оның әр жылдары түскен суреттерін және қысқаша өмір тарихын жазып жіберіпті. Тоқаң ағамыз тағдыр жазып екі рет үйленіпті. Бірінші әйелінен төрт ұл, екінші әйелінен бір ұл, төрт қызы бар екен.
Содан бірде Дүние жүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары, жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабай ағамызға жолығып, Томықтың суретін көрсеттім. «Түркиядағы қазақтармен байланысыңыз бар ғой, мына адамды танисыз ба?» дедім. Қарады да, «Бұл – Томық», деді. Оған қоса мынадай мәліметті айтты: «Менің білетінім – Түркиядағы қазақтар ішінде ана тілін ең жақсы білетін және майын тамызып сөйлейтін бір-ақ адам бар. Ол – осы кісі» дегені.
Атам қазақтың «тозбайтын темір жоқ, озбайтын өмір жоқ» дегеніндей тумай жатып анасынан айырылған, бесікте жатып туған жерінен қайырылған Томық ағамыз өмірдің қиындығы мен қызығын көре жүріп, 75 жасында Анадолы топырағында дүниеден өтті.
Жоғарыдағы «Әліп шапқан» Хасанту қырғыны болған жерге 2009 жылы Баркөл өңірінің қазақтары бас қосып, 112 метр аумақты қоршап қорған тұрғызады. Осы қабір-қорғанның қабырғасына тақтатас орнатып, оған: «1932 жылы 9-айда Баркөл қазағының үкірдайы Әліп Жанысбайұлы және Асқабыл Көксегенұлы, Жуанған Демесінұлы, Жаябай Сіргебайұлы қатарлы ел беделділері ішінде осы төңіректе отырған алты ауыл әр рудың 117 адамы жазалаушы шеріктер жағынан аянышты қырғындалды, үйлері өртеніп, мал-мүлкі бүтіндей тоналды. Қырғындалған адамдардың басым көбі: қарттар, әйелдер мен балалар. 83 адам осы қорғанның іші-сыртына жерленген. Бүгінгі бейбіт заманда өткен тарихты еске түсіру үшін тозып жер болып кеткен көне қорған қайтадан жаңадан тұрғызылып, осы ескерткіш орнатылды. Алла қабыл көрсін. 20 мамыр. 2009» деген жазу қашалыпты.