Өйткені ғұлама ғалымның 1867 жылы жарық көрген «Капитал» атты туындысы XIX ғасырда да, XX ғасырда да, енді міне, үстіміздегі XXI ғасырда да өзінің өміршең ілім екенін үнемі дәлелдеумен келеді. Сосын, Маркс ілімінің негізсіз еместігіне жоғарыда аталған дәуірлерде де, сол сияқты бүгінгі таңда да әлемдегі ең алпауыт капиталистік мемлекеттерде орын алып отырған жойқын экономикалық дағдарыстар мен олардың алапат салдары дәйекті дәлел бола алады.
Мәселен, дәл сондай нақты дәлелдердің бірі британдық кәсіби журналист әрі геосаясаткер Пол Мейсонның (Paul Mason) 2015 жылы жарық көрген «Посткапитализм» («Postcapitalism») атты құнды туындысы десек, артық айтқандық емес. Зерделі автор бұл еңбегіне арқау болған терең ғылыми-зерттеу жұмыстарын 2009 және 2012 жылдары жарық көрген «Meltdown» («Күйреу») және «Why It’s Kicking Off Everywhere: The New Global Revolutions» («Жаңа жаһандық революциялар: неге күллі әлемде туындап жатыр?» атты шығармаларын баспаға даярлау кезінде-ақ қолға ала бастағаны анық байқалады.
Айтса-айтқандай-ақ, Пол Мейсонның «Посткапитализм» атты туындысы «Penguin Random House UK» компаниялар тобының баспаханалар торабы арқылы Ұлыбритания, АҚШ, Исландия, Аустралия, Үндістан, Жаңа Зеландия және Оңтүстік Африка мемлекеттерінде 2015 жылы жарық көрген бойда-ақ, әлем оқырмандарының назарына бірден ілігіп, ең таңдаулы шығармалардың бірі ретінде танылған болатын. Өйткені Пол Мейсонның зерттеу жұмысының басты нысанасы – капитализмнің кешегісі мен бүгінгі болмысын сипаттау ғана емес, ең алдымен сол жүйенің көзге бірден көріне бермейтін кемшіліктері мен көлеңкелі астарын дәлелді дәйектермен айшықтап көрсету. Бұл біріншіден.
Екіншіден, автордың бұл іргелі туындысына түрткі болған ең басты себеп 2008 жылы АҚШ-та несие саласында кенеттен бұрқ ете қалған алапат дағдарыстың өзі ғана емес, сонымен қатар әлгі алапат рецессияның жұқпалы індет секілді әлем экономикаларына да жаппай таралып кеткені болатын.
Үшіншіден, автор айтпақшы, жаһандық капиталистік жүйенің іргетасын шайқалтқан әлгі қаржы-экономикалық дағдарыс бірден әлеуметтік дағдарысқа ұласып, ендігі жерде әлемдегі ең іргелі банктер мен қаржы институттарына да үлкен қауіп төндіре бастаған еді. Міне сондықтан да, әлгі алапат апаттың алдын алу үшін, ең бірінші болып АҚШ, содан соң әлемнің оза дамыған өзге капиталистік мемлекеттері де өздерінің көшбасшы банктері мен хедж-қорларын, сондай-ақ заң фирмалары мен консалтинг компанияларын әлгі дағдарыстан құтқарып қалу үшін бар күштерін салып, оларға триллиондаған доллар құйған болатын. Дәл сондай қарбалас әрекетті жаһандық капиталистік жүйенің ажырамас бөлігі болып табылатын өзге мемлекеттермен қатар біздің еліміз де іске асырған-ды.
Төртіншіден, Пол Мейсонның аталмыш туындысы автордың тек кәсіби журналист қана емес, сонымен қатар терең ойлы саясаткер әрі кәсіби қаржыгер деңгейіне көтерілген өте өрелі әрі еңбекқор азамат екенін де қоса дәлелдейді. Өйткені Пол Мейсон АҚШ пен Ұлыбританияның қаржы жүйелерінің қыр-сырын түбегейлі зерттеп-зерделеп қана қоймай, о баста әлгі аталған мемлекеттердің тек несие жүйелерінде ғана орын алған апаттың ендігі жерде әлеуметтік дағдарысқа ұласып кеткеніне де, сондай-ақ капиталистік идеология мен жаһандық геосаясатқа тигізе бастаған орасан зор ықпалының астарына да бойлай үңіледі.
Бесіншіден, Пол Мейсон соңғы екі ғасырға жуық дәуірдегі капиталистік жүйенің үлкен өзгерістерге ұшырағанын ғана емес, сонымен қатар күллі әлемнің экономикалық әлеуетінің бірде биіктеп, бірде құлдилап, үнемі құбыла отырып, соңыра қайта нығайғанын да жіті зерттеген және сол зертеу жұмыстарының нәтижелеріне сүйене отырып, адамзаттың бүгінгі таңда өте зор бетбұрыстардың алдында тұрғанын және таяу болашақта тамыры тереңге кеткен капитализм секілді күрделі жүйенің өзі де, әрі сол жүйенің аясында тіршілік етіп отырған адамзат қауымдастығының болмысы да қоса өзгеретініне еш күмән келтірмейді.
Алтыншыдан, өз пайымдарын нықтай түсу үшін, сұңғыла автор соңғы ширек ғасыр ішінде, әсіресе ақпарат технологияларының өрістеуінің нәтижесінде посткапиталистік болмыстың қалыптасуына тікелей түрткі болған ең іргелі үш бетбұрысты атап өтеді: олардың біріншісі – ақпарат технологияларының өрістеу динамикасының кәсіби еңбек адамына деген сұранысты құлдыратып, жұмыс пен бос уақыттың шекарасын мүлде жойып жібергенімен қоймай, жұмыс пен еңбекақының арасындағы байланысты да тым әлсіретіп тастағаны, сондай-ақ үлкен қарқынмен өрістеп келе жатқан автоматтандыру және роботтандыру секілді заманауи технологиялардың өндіріске жаппай енуі миллиондаған жұмысшыны күнкөріс көзінен мүлде айырып тастау қаупін күшейте бастағаны; екіншісі – заманауи технологиялардың дамылсыз әрі өте тез қарқынмен өрістеуі әлемдік нарықта дұрыс баға қалыптастыру мүмкіндігін мүлде азайтып отырғаны; үшіншісі – бүгінгі таңдағы бірлескен кооперативтік өндіріс орындарының стихиялы түрде күрт өсуі мен өндіріліп жатқан тауарлармен қатар қызмет түрлерінің бұдан былайғы жерде нарық пен басқару иерархиясының диктатурасына мүлде бағынбайтындығы.
Жетіншіден, Пол Мейсон 2008 жылы басталған алапат экономикалық, қаржылық және әлеуметтік дағдарыстың салдарынан бүкіләлемдік өндірістің 13 пайызға, жаһандық сауда нарығының 20 пайызға және жалақының мүлде құлдырап кеткеніне назар аудара келіп, капиталистік әлемде орын алып отырған жойқын депрессияның 1929-1933 жылдардағы күллі әлем экономикасын күйретіп кеткен жаһандық дағдарыспен салыстырғанда әлдеқайда ұзаққа созылатынына ешбір күмән келтірмейді.
Сегізіншіден, Пол Мейсон бүгінгі капиталистік әлемді жайлаған алапат дағдарыстан шығудың әмбебап жолдары әлі күнге дейін айқындалмай отырғандығының салдарынан оның жалғыз тетігі ретінде Еуроодақ елдеріне заңмен міндеттелген «қатаң үнемдеу» саясатының салдары халықтың әл-ауқатын мүлде төмендетіп қана қоймай, аса сұрапыл рецессияға ұшыраған Грекия секілді кейбір мемлекеттерде зейнетақы жүйелерін де қоса күйретіп, азаматтарының зейнетке шығу мерзімін 70 жасқа дейін ұзартуға мәжбүрлегенін, сондай-ақ қайсыбір елдерде білім беретін колледждер мен жоғары оқу орындарының жаппай жекешелендіріліп кетуінің салдарынан ақылы оқу бағасының тым шарықтап, тек студент жастарды ғана емес, олардың ата-аналарын да қарызға белшесінен батырып жатқанын алға тартады.
Тоғызыншыдан, автор жоғарыда аталған өзгеріс атаулыға түрткі болып отырған қозғаушы күштің өзегінде ең алдымен заманауи технологиялық революциялардың, атап айтқанда, дамылсыз даму үстіндегі ақпарат технологияларымен қатар биотехнологиялардың, сондай-ақ бүгінгі таңда ерекше өріс алып отырған автоматтандыру және роботтандыру жатқандығына ерекше мән бере отырып, әлгі технологиялармен қаруланған адамзат қауымдастығының ендігі жерде тек санасы ғана емес, саясаты да, идеологиясы да, іс-әрекеті де қоса өзгеріп, әлеуметтік, әділетті әрі тұрақты экономикалық жүйе құруға ұмтылады деген тұжырымға табан тірейді. Демек, Карл Маркс сомдаған ілімнің өзектілігі мәнін жоймай, жалғаса беретін тәрізді.
Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері