Жиынға қатысқан мәдениет ұйымдарының басшылары мен ұжым қызметкерлерін мерейлі мәртебемен құттықтап, шығармашылық шабыт тілеген Ақтоты Рахметоллақызы бұл сүйінші жаңалықтың әкемтетеатрдың 95 жылдығына орай үлкен сый болғанын жеткізді. Алматы шаһарына келіп, тілшілер қауымымен кездескен басқосуда министрлік басшысы өткен жылы атқарылған ауқымды жұмыстың бір бөлігімен қысқаша таныстырып өтті.
Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет және архив ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50%-ға, өңірлерде 35%-ға дейін өскен. Жалпы, мұндай өсім республика бойынша шамамен 34 мың адамды қамтыған. Бұл бағыттағы жұмыстар бұдан ары да өз жалғасын табатын болады. Балет әртістерін мемлекеттік қолдау мақсатында мәдениет ұйымында кәсіби қызметін тоқтатқан кезде кемінде 20 жыл кәсіби еңбек өтілі бар балет әртісіне соңғы үш жыл ішіндегі орташа жалақыдан 60% мөлшерінде арнайы ай сайынғы ақшалай төлемдер қарастырылады. Сондай-ақ әдебиет пен өнер қайраткерлерін, дарынды жастарға мемлекеттік қолдауды күшейту мақсатында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы стипендиясы 240-тан 660 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Мәдениет және өнер саласындағы ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы үшін жалақысына 1,75 коэффициенті сақталады. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап мәдениет және спорт саласындағы мамандандырылған мектептер мен колледждер қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 2023 жылға дейін 25%-ға көбейеді. Ең қуаныштысы, осы саладағы қызметкерлердің тұрғын үй жағдайын жақсарту бойынша қарқынды жұмыстар жүзеге асырылуда. Министрдің айтуынша, атқарылған жұмыстың алғашқы нәтижесін көретін күн де алыс емес.
«Короновирус індетіне байланысты қалыптасқан жағдайға қарамастан, министрлік жаңа жұмыс форматын енгізіп, театрлар онлайн форматта қойылым, музейлер виртуалды экскурсиялар, спортшылар үй жаттығуларын көрсетті. Сала қайраткерлері, эстрада әншілері халыққа қолдау көрсетіп, елдің еңсесін түсірмей, онлайн үлгіде концерт, түрлі іс-шаралар өткізді. Жалпы алғанда оны 120 миллионнан астам адам тамашалаған. Бұл жаңа форматтағы ұлт өнерін дүниежүзі көрерменіне де көрсете алдық деген сөз. Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абайдың 175 жылдық, Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойлары елімізде ауқымды өткізілуде. Бастысы, барлық іс шаралар той тойлау емес, барынша ой толғауға бағытталды» деді атқарылған жұмыстарының бір ширегіне шолу жасаған А.Райымқұлова. Министрдің мәліметіне қарағанда, мәдени ошақтарды және спорт нысандарын қайта қалпына келтіру, жөндеу жұмыстарын жүргізу іске асырылып, жаңа нысандар да бой көтеруде. Солардың бірі өткен жылдың қараша айында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен елорда төрінде Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ драма театрының жаңа ғимараты және Жеңілатлетикалық спорттық кешені, сондай-ақ Түркістан қаласы және өңірінде әмбебап кітапхана, Қазақ музыка театры, Конгресс-холл, Қожа Ахмет Ясауи музейі секілді жаңа мәдени ошақтарының пайда болғанын ерекше атап өтті. Алдағы уақытта мемлекет қорғауындағы ерекше тарихи ескерткіш мекемесі қатарына жататын М.Әуезов атындағы Ұлттық театрдың да күрделі жөндеуден өтуі мүмкін екенінен құлағдар етті. Сонымен қатар Екінші дүниежүзілік соғыстың 75 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы, Ш.Қалдаяқовтың 90 жылдығына орай мазмұнды шаралар өткізілген.
Мәдениет және спорт министрінен соң «ұлттық» мәртебесін иеленген мәдениет ұжымдарының басшылары – Ұлттық кітапхана директоры Б.Оспанова, М.Лермонтов атындағы Ұлттық орыс театрының директоры А.Якушев, Абай атындағы Ұлттық опера және балет театрының директоры А.Қалиева, Құрманғазы атындағы Ұлттық халық аспаптар оркестрінің директоры М.Қуанышев сөз алып, қарашаңырақ театрды 95 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Театр директоры Еркін Жуасбек: «Мәдени кеңістіктегі жетістік – елдің жетістігі. «Ұлт» деген, «ұлттық» деген сөзден қорқатын заманнан ауысып, керісінше, ұлт деген сөздің төңірегіне ұйысатын заманның келгенін көріп отырмыз. Елбасымыздың аузынан «ұлттық код» деген сүйкімді сөз шыққалы бері рухымыз жанданып, басымыздың біріге түскенін де байқап отырмыз. Бас біріктіруде қазақ алдымен үлкенін сыйлап, ақсақалын қадірлеуді алдыға тартқан» деп театрдың көркемдік жетекшісі, қазақ өнерінің абызы, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімовтің «ұлттық» мәртебе иеленудегі еңбегін ерекше атап өтті. Өз кезегінде А.Әшімов өнер мен мәдениетке көрсеткен құрмет пен лайықты марапаты үшін мемлекет басшысына, Мәдениет және спорт министрлігіне алғысын білдірді.
Театрдың 95 жылдық мерейтойына орай «Киелі қарашаңырақ» атты көрме ұйымдастырылып, керегеге 200-ге жуық көне сурет ілінді. Театр музейінің жетекшісі Наргиз Тамабекқызының айтуынша, көрме төрт кезеңді қамтиды. Суреттермен бірге, С.Майқанова, А.Әшімов секілді сахна саңлақтарының костюмдері, спектакльдерде пайдаланылған реквизиттер қойылған.
Мәдениет майталмандарымен, тілшілермен кездесуге арналған іс-шараның негізгі бөлігі аяқталған соң қонақтар театрдың өнерлі жастарының концертін тамашалап, кеш соңында министр кәсіби шеберлігімен көзге түскен бірқатар талантты әртіске марапат табыстады.
АЛМАТЫ