Саясат • 14 Қаңтар, 2021

Депутаттық мандаттар айқындалды

387 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Халық партиясының XVII кезектен тыс съезі өтті. Съезд барысында халықшылдар Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының сайлауын қорытындылап, парламенттік фракцияның ө кілдерін таңдады.

Депутаттық мандаттар айқындалды

Қазақстан Халық партиясының төрағасы Айқын Қоңыров сайлаудың құқықбұзушылықсыз өт­кенін және оның нәтижесін халық­аралық қауымдастық мойындағанын жеткізді.

– Біз лайықты нәтиже көрсеттік. Ендігі міндет – партияның бастамаларын ойдағыдай жүзеге асыру, – дейді партия төрағасы.

Сайлау қорытындысы туралы осы партияның республикалық сай­лауалды штабының жетекшісі, Қазақ­стан Халық партиясы орталық коми­тетінің хатшысы Олжас Сыз­дықов баяндады. Оның айтуынша, елімізде Парламент Мәжілісі мен мәслихат де­путаттарының сайлау кезінде Қазақ­стан Халық партиясы үгіт-наси­хат жұмыстарын белсенді жүр­гізіпті. Партиялық тізім бойынша Қазақстан Халық партиясының атынан Мәжіліске 113 кандидат және түрлі деңгейдегі мәслихаттарға 214 кандидат ұсынылды.

– Сайлауға қатыса отырып, Қа­зақ­стан Халық партиясы заң шығарушы және жергілікті билік органдарында мүмкіндігінше көп орын алуды көздеді. Біздің алдағы мақсатымыз – қарапайым адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, – дейді О.Сыздықов.

Қазақстан Халық партиясы ор­та­лық комитетінің хатшысы пар­тияның негізгі бастамалары халық­тың өмір сүру сапасын жақсартуға және ел экономикасын дамытуға бағытталғанын жеткізді. Осылайша, партияның сайлауалды бағдарламасы қазақстандықтардың тарапынан барынша қолдау тапқанын атап өтті. Дегенмен партияның сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының бары­сында түрлі қиындықтар да туын­даған көрінеді. Мәселен, елімізде мұндай маңызды науқан алғаш рет пандемия жағдайында әрі шектеу шаралары шеңберінде жүргізілген болатын.

– Біз сайлауалды тұғырнаманың әрбір сайлаушыға жетуі үшін бар кү­шімізді салдық, – дейді О.Сыз­дықов.

Осылайша, Қазақстан Халық пар­тиясы үгіттеушілері мен сенімді өкілдері ел аумағында 500-ден астам түрлі үгіт-насихат жұмысын ұйым­дастырып, 1 млн-ға жуық үгіт-наси­хат өнімін таратты. Партия әлеу­меттік желілерде ауқымды ақпараттық жұмысты қолға алды. Науқан кезінде көптеген хабарлама, сондай-ақ 8 млн рет қаралған 200-ден астам түрлі бейнеролик пен бейнеөтініш жарияланды. Ол жұмыстар оң нәтижесін берді. Парламент Мәжілісінің сайлауында Қазақстан Халық партиясы 9,1% дауыс жинап, 10 депутаттық мандатқа ие болды.

– Бұл бастамасы ғана! Жарты миллионнан астам қазақстандық бізге дауыс берді. Енді солардың сенімін ақтауға тиіспіз! – дейді халықшылдар.

Съезд барысында депутаттық мандаттар партиялық тізімдегі кандидаттар арасында дауыс беру арқылы бөлінді. Осылайша, Қазақстан Халық партиясының атынан Парламент Мәжілісіне келесі азаматтар ұсынылып отыр:

  1. Айқын Қоңыров
  2. Жамбыл Ахметбеков
  3. Ирина Смирнова
  4. Александр Милютин
  5. Сергей Решетников
  6. Айбек Паяев
  7. Ғазиз Құлахметов
  8. Ерлан Смайлов
  9. Файзолла Каменов
  10. Айжан Сқақова.

Өз кезегінде Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова әріптестерін жә­не партияластарын жеңіспен құттық­тады. Депутат Қазақстанның әр азаматы нақты өзгерістерді күтетінін және Қазақстан Халық партиясы жағдайды жақсы жаққа бағдарлай алатынын жеткізді.