Өкінішке қарай, алғашқы екі күні татамиге шыққан алты өреніміздің ешқайсы да жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Атап айтсақ, Елдос Сметов (60 кило) пен Дидар Хамза (81 кило) тұсаукесер кездесулерінде жеңіліс тапты. Ғұсман Қырғызбаев (60 кило), Елдос Жұмаханов (66 кило) және Ерлан Серікжанов та (66 кило) алысқа ұзамады. Тек Жансай Смағұловтың (73 кило) қола медальді иеленуге мүмкіндігі болды. Жарысты өте керемет бастаған ол шешуші тұста сүрініп, бесінші орынды қанағат тұтты. Қазақстандық жанкүйерлердің соңғы үміті 90 кило салмақтағы Ислам Бозбаев еді. Азия ойындары мен құрлық чемпионаттарында жүлде алып, Олимпия ойындарында өнер көрсеткен қандасымыз Дохадағы додаға даяр болмай шықты. Ол алғашқы айналымда америкалық Колтон Браунға жол берді. Осылайша, Парсы шығанағынан дзюдошыларымыздың еңселері түсіп қайтты.
Мастерс турнирінде Оңтүстік Кореяның ерлер құрамасы мықты даярлықпен келген екен. Бұл елдің Ким Вон Жин (60 кило), Ан Баул (66 кило) және Ан Чанг Рим (73 кило) сынды сайыпқырандары бас жүлдені олжалады. Сондай-ақ, грузиялық Тато Григалашвили (81 кило) мен Варлам Липартелиани (100 кило) және нидерландтық Ноэль ван ’т Энд (90 кило) пен франциялық Тедди Ринер (+100 кило) жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.