Қоғам • 15 Қаңтар, 2021

Түркістан цифрланып жатыр

159 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістан қа­ла­­сындағы «Ха­лықты жұ­мыс­пен қам­ту орталығында» бұған дейін ұзын-со­нар кезектен көз сүрінетін, орталық қыз­меткерлері де, қызмет алуға келген халық та жүйкелері шаршап, наразы кейіппен бір-біріне шағым айтып жататын. Енді орталық толықтай робот-бейнекамералардың бақылауына көшкен соң, оның кең залы құлаққа ұрғандай тып-тыныш. Кезек атымен жоқ. Сервис қызметкерлері де, тұтынушылар да бір-бірімен сыбырласа сөйлеседі. Себебі сізді осындағы әр қызметкердің алдында тұрған 18 камера бақылап отыр. Бұл сыбайлас жемқорлықты, тұтынушы мен қызмет көрсетуші арасындағы жең ұшынан жалғасуды жою мақсатында атқарылып отырған оңды шара.

Түркістан цифрланып жатыр

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Байқап отырмыз, 15 минутқа жетпей тұтынушы шаруасын бітіріп кетіп жатыр. Осының барлығын бақылап, қадағалап отырған – менеджердің алдындағы жұдырықтай камера. «Ақылды» камера екі жақтың да бейнеәңгімесін ортақ серверге таспалап жазып алуда. Тіпті, мұны сізбен ере келген туысыңыз www.turkistan2020.kz сайты арқылы сол жерде отырып-ақ өз смартфонынан тікелей бақылай алады.

Қосылғанына 20 күннен енді ғана асқан жүйеде бүгінге дейін 10 207 өтініш қабылданып, оның 10 141-і оң шешімін тауыпты. Қалған 66 өтінім бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Бір қызығы, мұнда менеджер қызметі бақыланып қана қоймай, сигналды дауыс жазу құрылғысы арқылы мамандардың іс-әрекетіне тиісті «тәртіп» енгізіліп отырады екен. Мәселен, тұтынушы әлдебір менеджердің алдында 15 минуттан ұзақтау отырып қалса, не болмаса қызмет көрсетуші 15 минуттан артық жұмыс үстелінде болмай қалса, бейнекамера сигнал беріп, менеджер дереу басқа қызметкермен алмастырылады. Тіпті, камера менеджердің шаршаңқы көңіл күйін де «сезіп» отырады екен.

«Қазір бір ай бойы осында келген қызмет алушылардың санын тіркеп, «тұтынушы легі» сараптама мониторингін жүргізіп жатырмыз, – дейді Түркістан қалалық әкімі аппаратының жетекшісі Жәнібек Наушабай. – Егер қызмет алушылар саны арта бастаса, қосымша қыз­мет­­керлерді жұмысқа жұмылдыру ме­­ха­низ­мі ­қарастырылған.Сол ­сияқ­­ты ­тұтынушылар азая бастаса, қызметкерлер санын қысқарту ойластырылған. Бұл кадрлық шешім қабылдауға оңтайлы жүйе болғалы отыр».

Жаңа цифрлық жүйе орталыққа келуші санын санау аналитикасы, бір жерде көп шоғырланған адамдарды іздеу аналитикасы, ұмытылған заттарды табу аналитикасы, әр қызметкердің жұмыс тиімділігін санау аналитикасы және кезек детекторы мен саботаж детекторы сияқты бірнеше қызмет түрлерін бір орталыққа біріктіріп отыр.

Бір қызығы, осы мәліметтердің барлығы Түркістан қаласы бо­йын­ша «109» бірыңғай байланыс орта­лы­ғының телеграм-ботында хабар­ла­ма түрінде тіркеліп, орталық сарапшылары тарапынан тұрақты қадағаланып отырады. Мұның өзі, бір есептен, әкімшілік бөлімдерінің, әкім орынбасарларының, әкімнің өзінің қызмет рейтингін сараптап отыруға мүмкіндік беретін жақсы бір жүйе.

Қала әкімі Рашид Абатұлы алдағы уақытта бұл жүйені бүгінге дейін 60 мыңнан астам қолданушыны жинап үлгерген «Amazing Turkistan» анықтамалық мобильді қосымшасына біріктіріп, туристер үшін де қолайлы бір цифрлы мүмкіндіктердің болуы қарастырылып жатқанын айтады.

Президентіміз Қ.Тоқаев тапсыр­ған­дай, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында атқарылып жатқан Түркістан қаласындағы «Ашық әкімдік» жүйесі, міне, осындай.

 

Бекжігіт СЕРДӘЛІ,

журналист

 

Түркістан