Атап айтқанда, конкурстық қағидалардың бірі қатысушыға Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде бес жылдан астам фармацевтикалық өндіріс тәжірибесі үшін 2 балл қосуды көздейді. Кедергілер жөніндегі кеңестің мүшесі Батырбек Машкеев бұл шарт құқықтық тұрғыдан қысым жасайтынын және отандық тауар өндірушілер арасында бәсекелестікті дамытуға айтарлықтай кедергі келтіретінін айтады: дәл осы 2 балл шетелдік қатысуы бар фармацевтикалық өндірістерге қазақстандық өндірушілер алдында артықшылыққа ие болуға мүмкіндік береді, себебі одан кейінгі конкурстық рәсімдер шетелдік қатысуы бар отандық тауар өндірушілер арасында өтеді.
«СК – Фармация» ЖШС хабарламасы бойынша қазіргі кезде дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды және мамандандырылған емдік өнімдерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидаларының жобасы әзірленді, онда әлеуетті өнім берушілердің өтініміне бағалау өлшемшарттары (балдық жүйе) қайта қаралды. Әлеуетті өнім берушіде немесе оның құрылтайшысында ел аумағынан тыс жерде бес жылдан астам фармацевтикалық өндіріс тәжірибесі бойынша өлшемшарт жобадан алынып тасталды. Бүгінде жоба мемлекеттік органдармен келісілуде.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің БАҚ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңесшісі Әлия Рахимованің айтуынша, «Кедергілер жөніндегі кеңес» краудсорсинг алаңы Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде құрылған, елдің экономикалық өсуін қамтамасыз ету үшін өзекті болып табылатын тиісті тауар нарықтарында «әділ сауда» қағидаттарын қамтамасыз ету бойынша объективті ұсыныстар әзірлеу үшін нарықтарға кіру бойынша шектеулерді анықтауға, сараптамалық қоғамдастықтың бәсекелестікті бұрмалауға түрлі факторлардың әсерін бағалауға және сараптауға бағытталған.