«Үшінші тоқсанда 222 мектепте 117 мың 121 оқушы қашықтықтан оқытылуда. Бұл өңірдегі барлық оқушылардың 49 пайызын құрайды. Ал, эпидемиялық жағдайы тұрақты алыс ауыл-аймақтардағы оқушы саны 300-ге дейінгі 234 мектепте 36 мың 632 оқушы дәстүрлі түрде білім алуда. Бұл 15,2 пайыз болады. Қашықтықтан оқитын мектептердегі 1-5 сынып оқушылары үшін 4 785 «кезекші сынып» ашылып, онда 61217 оқушы дәстүрлі түрде оқытылуда», дейді Гүлнар Ходжабергенова. Сонымен қатар, бүгінде аймақтағы 456 мектепте 240 мың 813 оқушы білім алуда. Ал, ағымдағы жылғы 11 қаңтардан бастап оқу жылының үшінші тоқсаны басталғаны белгілі. Білім ошақтарындағы үшінші кезең 20 наурызға дейін жалғасады. Жалпы алғанда оқушылардың 51 пайызы дәстүрлі форматта білім алса, 49 пайызы қашықтықтан оқытылуда. Ал, екінші семестрде кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарындағы студенттер аралас форматта оқитын болады. Яғни, пәндердің 70 пайызы штаттық режимде, 30 пайызы қашықтықтан өтеді. Білім басқармасы басшысының айтуынша, колледжерде оқыту ісі 15 студенттен аспайтын шағын топтарда жүргізілуі тиіс. Яғни аудиторияның толтырылуы 50 пайыздан аспауы керек.
Жамбыл облысы