Бұл күнде қалың қазақ атақты балуан Шарын Шұлғаубайұлының есімін ерекше құрметпен еске алады. Талай жерде қазақтың абыройын қорғаған күш атасын кейінгі буын өздеріне ұстаз санайды. Халықтың ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан ұрпақтар сабақтастығы барда мұндай тұлғалардың есімі ел жадынан өшпек емес.
Ел есінде өзінің өр болмысымен қалған Шарын балуан Қордай жерінде тірлік кешкен. Шаршы топта қарсылас шақ келтірмеген Шарын балуан өзі туған Қордай өңірін қалың Алаш баласына танытты. Тарихи деректер бойынша, ол кісінің балуан ретінде халыққа танылуына кезінде өткен осы бір жиын себепші болыпты. Атақты Ноғайбай шешеннің екінші әйелі Әселдің асы ел жайлауда отырған шақта берілген екен. Заманында асқақ Алатаудың баурайын жайлаған қалың ел керемет жиынға куә болады. Асқа көршілес қырғыз елінің де жақсы-жайсаңдары шақырылады. Аруаққа арналған аста ежелгі салт бойынша түрлі ойын-сауық пен ақындар айтысы, бәйге мен балуандар сайысы ұйымдастырылады. Ол кезде асқа келген бай-манаптар өздерімен бірге бәйгеге қосатын атын, ақын-жыршысын, балуанын ерте келетін болған екен. Осы әдетпен қырғыздан Шәбден манап Тістеуік деген балуанын асқа өзімен бірге ілестіріп келеді. Сонда Тістеуікті көрген көп қазақтардың оған қарсылас таба алмай сасқаны туралы ел ішінде күні бүгінге дейін айтылады. Шынында да, Тістеуік балуан сол заманда қазақ пен қырғызға әрі сайыскер, әрі балуан ретінде аты белгілі болып тұрған кісі екен. Ал Әсіреп балуанның жасы мосқал тартқан шағы екен, ол сайысқа түсуден бас тартады. Сол кезде Қасқарау ішінде Дүйсебай әжі деген беделді ақсақал асқа жиналған қазақтың жақсы-жайсаңын түгел шақыртып, қайткенде де ел ішінен бір балуанды табу керек деген талап қояды. Бойларын намыс кернеген жігіттер ауыл-ауылды аралап кетеді. Абырой болғанда бәйгеге қосылған аттар кеш келіп, соның себебінен ел азаматтары балуандар сайысын ертеңге қалдырыпты.
Ертеңіне көпшілік балуандар сайысын тамашалауға жиналады. Сонда ортаға есік пен төрдей торы атын ойқастатып Тістеуік балуан атып шығады. Өзіне қарсы ешкімнің шыға қоймағанын байқаған Тістеуік бірден «Сайыскер балуаның жоқ болса, бәйгемді бер!» деп айқайлайды. Мұның айбынына масаттанған қырғыздар жағы қиқулап береді. Сол кезде ортаға бір жас жігіт атып шығады дейді. Оны ауылда қалған жерінен ат жібертіп алдыртып, алқалы топқа жеткізгені осы болады. Бұл балуан Баба руының Еламан атасынан шыққан қарулы жас Шарын Шұлғаубайұлы екен. Әлі де мұндай шаршы топқа түсіп, ысыла қоймаған кезі болса керек. Бірақ бұдан екі жыл бұрын Шу бойында өткен ұлан-асыр аста Ботбай руының түйебалуанын жеңген 19 жасар бозбала Шарынды жиналған жұрт бірден таниды. Сол кезде бойында намысы қайнаған жас батырды Дүйсебай әжі Ноғайбайдың Ажар деген қырғыз әйелінен туған баласы Күбірдің тоқпақ жалды Орауыз дейтін жараулы атына мінгізіп тұрып:
Шақырдық біз Шарынды,
Құдай ашсын бағыңды!
Тістеуікке бет алдың,
Барыңды сал, барыңды! –
деп батасын береді. Сайыс алаңында екі балуан ұзақ уақыт алысады. Ақыры атақты Тістеуік жас Шарыннан жеңіледі. Осы оқиғадан кейін жас Шарынның атағы қырғыз-қазаққа бірдей жайылып кетеді. Ас тараған соң Бабаның Байтумасынан шыққан Ырыскелді деген сыйлы қариясы қасына Бөлеміс, Әбілез қожа және Қодар дейтін үш кісіні ертіп, арнайы Шұлғаубайдың үйіне соғады. Шұлғаубай да осы аста Тістеуік пен Шарынның арасында болған сайысты көрген. Шарынның Тістеуікті әбден сабағанын көрген әке баласының қатыгез болып кетпеуі үшін болашақта мұндай сайыстарға түспеуін қалаған екен. Әйтеуір Ырыскелді қария аталас туысы Шұлғаубайдың үйіне қона жатып, Шарыннан енді қайтып сайысқа түспеуге уәде алып, батасын беріп аттанады. Үлкен кісінің батасын бұзу қиын шаруа, оның үстіне Ырыскелді қария аузы дуалы, ел ішінде сыйлы кісі болса керек. Біраз уақыт өткенде Дүйсебай әжіден сәлем алып біреу жетеді. Верный шаһарында ірі ас өтпек екен. Сол асқа Қордайдың игі жақсылары түгел шақырылса керек. Соған балуан Шарынды да қоса алып кетпек ниеті бар екен. Мұны естіген Шарын шабарманға бар мән-жайды түсіндіреді. Бұған Дүйсебай әжі қатты ашуланып, Шұлғаубаймен қоса, баяғы төрт кісіні шақыртып алады да «Бата беріп, ет жейтін өзге сылтау құрып қалып па еді?! Бұл не қылғандарың, баланың бағын байлап?! Біле білсеңдер, Шарын елдің намысы емес пе?!» деп ренішін білдіреді. Ақыры бір мал сойдырып, әлгілерге Шарын балуанға қайтадан бата бергізеді. Аузы дуалы қариялардың оң батасын алған Шарын балуан қайта түлеп сала береді. Верныйда белдескен балуанның бәрін жығып, бас жүлдені иеленеді. Содан даңқы көкке өрлеп, Алатаудың баурайын тел емген қазақ-қырғыздың ірі ас-тойларының додаларында белдесіп, жауырыны жерге тимеген балуан Шарын атанады. Тіпті ел ішінде оның егде тартқан шағында да сайысқа түсіп, қарсыластарын бет қаратпағаны айтылады.
Шарын балуанның ұлы Жорабек ақсақал өмірінің соңын Қордай ауданы, Кенен ауылында өткізіп, 98 жасында дүниеден қайтқан. Ал қызы атақты Тәкен салдың немересі Қасымжанға тұрмысқа шыққан екен. Сонымен қатар Шарын балуанның кенже ұлы Күреңбек ақсақал Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз, Шу ауданы, Шоқпар ауылында 91 жасында дүниеден озған. Балуанның ұрпақтары бүгінде Қордай ауданында өмір сүруде. Жалпы, Шарын Шұлғаубайұлының есімі мәңгі ел есінде. Шарын балуан жайлы белгілі жазушы Марал Ысқақбай өзі құрастырған «Жарылғамыс» атты кітабында кеңінен деректер келтіреді. Ендігі мақсат – Қордай жерінде өткен аруақты батырлардың соңғы тұяғындай болған балуан Шарынның есімін жаңғыртып, халықтың жадында сақтау. Тіпті Шарын балуанның атын бір спорт кешеніне берсе де жарасады. Мәселен, Қордай жерінде Қарасай және Өтеген батырдың, Кебекбай мен Ноғайбай шешендердің, сал-серілердің соңы Кенен ақынға арналған ас-тойлар өтіп, еңселі ескерткіштері бой түзеді. Осы сияқты, болашақта Шарын Шұлғаубайұлының есімін де ел есінде мәңгі қалдыру мақсатында бастамалар көтеріліп, жұмыстар қолға алынса, бұл да ұрпақтың бабалар алдындағы парызының өтелгендігі болар еді...
Жамбыл облысы