Қазақстан былтырдан бері саяси модернизацияға бет алды. Сол жоспар аясында саяси реформалардың бірінші пакеті қабылданған-ды. Мәселен, саяси партиялар, сайлау, митинг туралы заңдарға өзгерістер енгізілді. Нәтижесінде, қазір саяси партиялардың тіркелуі үшін 50 пайызға дейін адам саны азайып 20 мың болды. 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерін тікелей сайлау үрдісі басталады. Президент өз сөзінде саяси реформалардың кезекті пакеті жүзеге асырылатынын жариялады. Мәселен, партиялардың Мәжіліске өту шегін 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендету ұсынысы айтылды. Бұл ұсыныстың көп партиялықты дамытуға ықпал ететіні анық. Себебі қазір әлемдік нормаларға, халықаралық тәжірибеге сәйкес саяси партиялардың қоғамдық өмірге қатысуына алғышарттар жасалды. Соның негізі ретінде Қазақстанда кезекті саяси реформаларда жаңа заңнамалық шараларды қабылдау қарастырылып отыр.
Сонымен қатар жақында өткен Мәжіліс сайлауында қоғам өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар сайлау үрдісін демократияландыру бағытында барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдерінде «қарсы» деген баған енгізуді талап еткен болатын. Осы бағанды енгізу туралы Президент те атап өтті. Бұл өз кезегінде сайлаушылардың пікірі ескерілетінін аңғартты. Сонымен қатар Омбудсмен туралы жекелеген заңның қабылдануы және оны институттандыру туралы сөз болды. Бұл азаматтардың құқығын қорғауда басты алғышарттардың бірі болмақ. Осындай заңнамалардың енгізілуі саяси модернизацияның басты көрсеткіші деуге болады. Қазір парламенттік оппозиция институты пайда болды. Енді міне омбудсмен институтының пайда болуына әрекет жасалды. Бүгінгі таңда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси реформалардың қадам-қадамымен жалғасатынын жеткізді. Президент реформалары шын мәнінде жүйелі әрі дәйекті жүргізіліп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы іске асырылып жатыр. Президент өз шешімдерінде қоғам пікірі ескерілгенін көрсетті.
Қазбек МАЙГЕЛДИНОВ,
саясаттанушы