Оқиға • 18 Қаңтар, 2021

Генерал киген китель

761 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеңес Одағының Батыры атағын үш дүркін иелен­ген даңқты ұшқыш А.И.Покрыш­кин «соғыс адам санын азайтады, есесіне батырларды көбейтеді» деген екен. Осы кісі айтқандай, 1941-1945 жылдары ғаламды дүрліктірген алапат соғыс қазақ ұлтына үш генерал сыйлады.

Генерал киген китель

Біріншісі – өзбек ағайындар ортасында өсіп-өнген қандасымыз Сабыр Рахимов 1943 жылы 19 наурызда әске­ри жоғары шен генерал-майор ата­ғына қол жеткізсе, екінші қазақ – Шәкір Жек­сенбаев 1943 жылы қазан айын­да, үшінші қазақ – Моңғолия әуе күш­терінің бас қолбасшысы Жайсанып Мүдәрісұлы 1944 жылдың сәуір айында бұл атаққа ие болыпты.

Осылардың ішінде Батыс Қазақстан облысы, Орда ауданы Шоңай ауылында 1901 жы­лы дүниеге келген Шәкір Жек­сен­бай­ұлы­ның туғанына биыл 120 жыл толып отыр.

Жуықта Орал қаласына барған сапарымызда облыстық тарихи-өлкетану музейінің көрме залында тұрған гене­ралдың кителін көрдік. Жібек матадан тігілген әскери мундирдің иығында ге­нерал-майор погоны және қайырма жа­­ғасында алтын-бидай пошымды айыры­м таңбасы тұр. Сол жақ омыра­уын­­­­­­да «Ленин» орденімен қатар 4 мәрте ие болған «Жауынгерлік Қызыл Ту» ордені және «Отан соғысы», «Қы­зыл Ту» ордендерінің лентасы көз тар­тады.

Музей директорының орынбасары Ажар Берікқалиева ханымның айтуы бойынша, бұл жәдігерді генерал 1977 жылы 19 желтоқсан күні осы музейге өз қолымен әкеліп тапсырған екен. Өйткені бұл жылы КСРО-ның құрылғанына 60 жыл толып, даталы той Одақ көлемінде кеңінен атап өтіліпті. Аталмыш мереке қарсаңында Мәскеу қаласында тұратын генерал атамыз жұбайы Нина Ивановнамен бірге Орда аудандық партия комитетінің бірінші хат­шысы, соғыс ардагері әрі ақын Рах­ме­толла Егізбаевтың шақыруымен туған жеріне келген. Дәл осы сапарын­да жоғарыдағы жәдігерді музейге тап­сырған сияқты.

Бұл оқиғаның басы-қасында жүр­ген, қазіргі таңда Орал қаласында тұратын Жексенбаевтың немере інісі, техника ғылымдарының докторы Ермек Ай­талиев, «генералға ауылдас­тары астына ат мінгізіп құрмет көрсетті, сонымен қатар аудан орталығында халықпен кездесу ұйымдастырды» дейді. Осындағы тарихи сәттен естелік ретінде түсірілген фотолар Ермек Сәтпайұлының жеке қорында сақтаулы екен.